Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкемді ажалдан арашалаған қарапайым ем

26.05.2026, 6:40 59

Осыдан тура жиырма екі жыл бұрын, 2002 жылдың жазында әкем аяқ астынан қатты науқастанып қалды. Ол кезде мен тоғызыншы сыныпта оқитын 15-16 жастағы бозбаламын. Әкем жетпіске таяған қария еді. Жағдайы күрт нашарлаған соң жедел жәрдем шақырып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тексеру барысында асқазанында үлкен көлемді жара бар екенін анықтапты. Әкем ауруханаға түскеннен кейін анам қасынан шықпай, бар жағдайын  жасап  жүрді.

Бір күні сабақтан келе сала ауруханаға әкемнің халін білуге бардым. Екінші қабатқа көтеріліп келе жатқанымда,  дәлізде  анам мен бас дәрігер сөйле­сіп  тұрғанын  көрдім. Екеуінің  сөзін  естіп қалып,  жүрегім зу  ете  қалды.

– Жеңеше, қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бірақ он күндік емнен нәтиже болмады. Асқазанның жартысына жуығын жара басқан. Бір литрге жуық қан құсты. Жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Қырық жылдық еңбек өтілімде мұндай дерттен айыққан адамды көрген емеспін. Енді бір апталық қана ғұмыры қалды. Дайындала бергендеріңіз  жөн  шығар, — деді  дәрігер  күрсініп.

Мені көрген анам көз жасына ерік беріп, құшақтап  алды.

– Әкеңді бүгін үйге шығарады. Дәурен ағаңа айт­шы, бізді  үйге  жеткізіп  салсын, — деді діріл­деген үнмен.

Дәурен ағамыз әкеміздің жақын туысы, біздің үймен көрші тұратын. Ол кезде ауылда көлік атаулы тапшы. Ағамыздың үш аяқты мотоциклі бар еді. Жүгіріп барып хабар бердім. Көп ұзамай ол да жетті.

Әкемді екі адам қолтықтап сыртқа алып шықты. Өңі қуарып, әбден әлсіреп кеткен. Үшеулеп сүйемелдеп мотоциклдің люлькасына отырғызып, үйге әрең  жеткіздік.

Үйге келген соң әкемді төсекке жатқыздық. Анам самаурынға шай қойып, дастарқан жайды. Шай үстінде бас дәрігердің айтқандарын Дәурен ағамызға түгел  баяндап  берді.

Сонда  ағамыз  мырс  етіп  күліп:

– Ой, жеңеше-ай, дәрігер деген не демейді! Мұны сонша қиын дерт деп қайғырып отырсыз ба? Қазір  бір  емін  айтайын, — деді  сабырлы  үнмен.

Шайдан кейін ол анамнан бірнеше картоп, бір үлкен кесе мен таза дәке әкелуді сұрады. Сосын картопты асықпай аршып, үккіштен өткізді де, дәкеге салып сықты. Шыққан суды кесеге құйып, әкеме  ұсынды.

– Шәке, мынадан бір ұрттап көріңіз. Шипасы болар, — деді.

Әкемнің өздігінен отыруға да шамасы жоқ еді. Үшеулеп көтеріп отырғыздық. Қинала жұтып болса да  кеседегі  картоп  шырынын  тауысты. 

Үйіне  қайтарда  Дәурен  ағамыз:

– Осыны күніне үш мезгіл ішкізіңіздер. Кем деген­де бір ай, тіпті бір жарым ай үзбей беру керек. Алғашында тәбеті тартпауы мүмкін, кейін ағза үйре­неді, — деп  кетіп  қалды.

Содан бастап анам картоп шырынын күн сайын дайындап, әкеме уақытылы беріп отырды. Дәурен ағамыз да күнде таңертең келіп, жағдайын сұрап кететін.

Арада он шақты күн өткенде әкем аз-аздан  ас іше бастады. Беті бері қарап, өңіне қан жүгіргендей болды. Үш аптадан соң өздігінен отырып тамақ­танатын халге жетті. Ал бір айдан асқанда қолына таяқ ұстап, далаға шықты. Біз үшін бұл нағыз ғажай­ып  еді.

Кейін ауыл адамдары арқылы әкемнің жағ­дайын әлгі бас дәрігер де естіп жүреді екен. Әуелі сенбепті. Ақыры бір күні үйге өзі келді. Әкемнің дастарқан басында шай ішіп отырғанын көргенде қатты таңғалғаны  әлі  есімде.

– Апырмай, бұл  қалай  болғаны? — деп қайта-­қайта сұрады.

Сосын әкемнің қолын алып, анамнан кешірім сұрады.

Әрине, бұл жерде нақты диагноз бен медициналық емнің маңызы зор екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, кейде халықтық ем де ағзаға оң әсерін тигізіп жатады. Әсіресе табиғи тағамдардан дайындалған қарапайым тәсілдердің пайдасын көрген жандар аз емес. Әкем сол оқиғадан кейін тағы он  жеті  жыл  ғұмыр  кешті.

Ал бұл әңгіменің пайымы – ауыр дертпен күресіп жүрген жандарға үміт сыйлау. Өмірде дәрігердің де, адамның да күдер үзетін сәттері болады. Бірақ қандай жағдайда да сағың  сынбай, үмітің өшпеуі  керек. Себебі шипаны беретін де, ажалды алыстататын да – бір Алла. Кейде қарапайым ғана емнің өзі күтпеген жерден пайдасын тигізіп жатады. Сондықтан сырқатпен күрескен жанға ең алдымен төзім, сенім және жақындарының жанашырлығы қажет. Адам үмітін жоғалтпаған жерде өмірге деген құштарлық  та  жоғалмайды.

Дайындаған Оразкүл  Темірғали

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: