Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент  келе  жатыр!

22.05.2026, 7:00 42

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Супер бетсіздер» сатиралық романнан үзінді)

Облыс, аудан әкімдері тыпырлады да қалды! Тап бiр, сойылатын ешкi сияқты. Ешкi сойыларда бақыра бередi емес пе? Облыс әкiмi орынбасарларын жинап алып:

– Ертең президент «Жаңа Қазақстан» ауданына барып, халықтың әл-ауқатымен танысады екен. Жақын маңдағы «Ойпырмай» ауылына соғатыны айдан анық, — дедi де, қос қолымен басын ұстаған күйi, – өңкей бақуатты, денелi, семiз әйелдер мен балаларды, тепсе, темір үзетін жігіттерді жинаңдар! Олар ауданның орталық көшесі бойында ет, шұжық, нанға жағылған сары май, уылдырық, тауық етiн, банан, жемiс-жидек жеп тұрсын! Көздерiнен «Бiз бақыттымыз, бiз кедей емеспіз!» деген сөздер ұшқындап тұрсын! Құрылысы аяқталып қалған нысандарды ғана көрсетейiк! Шұрқ тесiк көшелерге жоламауымыз керек!

Сол екен, аудан әкімі көшелерді тазалатып, көше бойындағы электр шамдарын жаңартып, ескі үйлерді әктетіп, көше кезіп жүрген ішкіштерді қаматып, қаңғыған иттерді атқызып, лезде, әбігерге түсті де қалды. Тіпті, көшеге «Жаңа Қазақстан жасасын, ескі Қазақстан құрып кетсін!» деп жазылған ұранды іліп қойғызды. Сонымен, қалаға жақын ауданға президент кортежі келе жатты. Көше бойына әдейі іріктелген денелі, етжеңді, тым толық әйелдер мен балалар, желпінген жігіттер қолдарына гүл ұстап, енді бірі жылқының жілігін мүжіп тұрды. Халық көшенің екі жағына көп жиналыпты, бiрiнiң қолында банан, бiрiнiң қолында тауық етi. Шай iшiп, әндетiп тұрғандар да бар. «Бiз бай елмiз, бiз мұнайлы елмiз, бiз бақыттымыз!» деп дауыстайды олар. Шетiнен бақытты, бақуатты. Бір кісі жыртық мәйкісімен далақтап, мұңлы кейпімен, алақтап келе жатқан. Аудан әкімінің орынбасары Мәлік Сатылғанов пен ауыл әкімі Майра Сабырханқызы оны жетектеп, жиналғандардың арасына отырғызып қойды. Су жаңа костюм-шалбар кигізіп, шашын тарап, бетіне қарап, қолына отыз мың теңге ұстата салды. Үндемесін деп. Ақ түйенің қарны жарылды дегендей. Қой үстіне бозторғайың, тауық, бөденелер жұмыртқалағандай…

– Жымиып тұрыңыз, — деді Сатылғанов.

– Ыржиып тұрыңыз, — деді Сабырханқызы.

Әлгі кісі табан астында, бәйек бола қалғандарға аңыра қарап: «Бұл ненің құрметі?» деп сұрады. «Президент келе жатыр!».

Не керек, жұрт жал-жаяны шайнап тұрды. Ет жеген соң, тісіңе кіреді, ет жоқ болса, түсіңе кіреді. Сатылғанов әлгі кісінің аузын ашқызып, тісін өзі шұқылап, тазалап берді. Тыңқиып, тойып алған ол ыңылдап ән айта бастады. Әне, президент кортежі көрінді! Не деген, қарапайым жан еді, президент халыққа қол бұлғап келеді! Авто шеру «Ойпырмай» ауылына бұрылды. Олар кетісімен, Сатылғанов әлгі кісінің костюм-шалбарын шешіп алды. Тіпті, жанындағы шабарманы құйрығына бір тепті.

– Болды ма? — деп сұрады анау.

– Болды.

– Әкел ақшаны!

– Көстюмнің қалтасында.

Қияр жеп кеттік пе, қиялданып кеттік пе, ол жағын өзіңіз саралаңыз, қалай десек те, өтірік ақпар беретін, көз бояушы шенеуніктердің бар екені рас қой? Өтірік деңізші!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: