Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілуде

21.05.2026, 15:50 85

Қызылорда облысында көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынып, егіс құрылымын әртараптандыруға басымдық берілуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дәулетбек Жәнібекұлы мәлімдеді.

Биыл облыс бойынша 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Су үнемдеу мақсатында негізгі дақыл – күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектарды құрайды. Қысқарған алқаптардың орнына жүгері дақылының егіс көлемі ұлғайтылуда.

Қазіргі таңда күріштің 49,5 мың гектары егіліп, оның 41,3 мың гектары суға бастырылды. Себу жұмыстарын 1 маусымға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 10,1 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім беріліп, ауыл шаруашылығы техникалары толықтай жөндеуден өткізілген. Алдағы науқанға қажетті минералды тыңайтқыштардың 97,6 пайызы және гербицидтердің 64,1 пайызы сатып алынған.

Биыл су үнемдеу технологияларын 16,7 мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы тұрақты бақылауда.

Сондай-ақ, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Молдағалиұлының айтуынша, бүгінде Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішіндегі су көлемі мен Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су мөлшері күнделікті бақылауға алынған. Жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы ұйымдары тарапынан тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып, шаруалар жаңа маусымға жоғары дайындықпен кірісуде. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: