Мен Зәуре Аманкелдіқызы – Аралдың айдынына қарап, арман қуған, Шөмішкөл ауылының қызымын. Картадан таба қоюыңыз қиын сол бір шағын мекен маған үлкен әлемнің есігін ашатын білім атты құдіреттің кілтін ұстатты. «Толқында туып, толқынмен өскен» мені мақсатым ағысы асау қарт Ертістің жағасына, ұлы Абайдың рухы аңқыған киелі Семей топырағына жетеледі. Мемлекеттік грант иегері атанып, ұлттың ұлы мұрасын – қазақ тілі мен әдебиетін дәріптейтін ұстаз болу жолына қадам бастым.
Семей маған тек диплом емес, ең алдымен, жаны жайсаң жастардан тұратын алтын аралдай жып-жылы орта сыйлады. Жат жерде жатсынбай, өз жолын бірге іздеген достарыммен бірге сапалы студенттік өмірдің іргетасын қаладық. Бұл орта менің тұлғалық болмысымды шыңдап, биік мақсаттарға жетеледі. Осы ішкі сенім мен ізденіс мені аудитория шеңберінен шығарып, қоғамдық жұмыстың бел ортасына әкелді.
Жастардың еркін ойы мен ашық пікірі тоғысатын алаң болса екен деген ниетпен «Ашық әңгіме» атты авторлық подкаст жобамды бастадым. Сөз қадірін түсінген жан үшін әрбір сұхбат – бір мектеп. Бұл белсенділік мені Абай облыстық жастар мәслихатының депутаттығына дейін жеткізіп, үлкен жауапкершілік жүгін арқалатты. Өз мамандығыма деген махаббатымды қалалық деңгейдегі «Оқырман ұрпақ – ұлы мұра жалғастығы» атты ауқымды іс-шараға ұластырдым. Кітап қадірін ұққан ұрпақ қана ұлы мұраны жалғастыра алатынына сенемін.
Қала әкімінің қолынан Алғыс хат алған сәтте көз алдымнан Шөмішкөлдің құмы мен Аралдың толқыны өтті. Бұл марапат – менің ғана емес, маған үміт артқан туған жерімнің жеңісі. Мен бұл жолым арқылы ауылдың әрбір қара баласына, арманы асқақ әрбір ұланына «Қайда тусаң да, мақсатың айқын болса, алынбайтын қамал жоқ» дегенді үнсіз ұғындырғым келді.
Аралдың құмынан басталған соқпағым бүгін кең арнаға айналды. Семейдің төрінде шыңдалсам да, қайда жүрсем де, менің жүрегім Сыр елі деп соғады!
Зәуре Қобыланова,
Шәкәрім универсиетінің 4-курс студенті,
Семей қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!