Зеріккенде
Кітап қарайын деп еді, зыңылдап басы ауырды. Газет қарайын деп еді, сол баяғы коммунистен қайраткер болғандар туралы жаза берген екен. Теледидар қарайын деп еді, ондағы ертегілер әлдеқашаннан бері әбден мезі еткен. Ұялы телефон қарайын деп еді, кіріп-шығу тілін білмеді. Балаларын қарайын деп еді, олар бұдан қашқақтап, әр бөлмеде өздерімен-өздері боп жүр… Содан есіктің алдына шығып, өткен-кеткендерді көзімен ұзатып қарап отыр…
Бірін-бірі
Бірін-бірі мақтайды да жатады. Бірін-бірі қоштайды да жатады. Бірін-бірі шақырып, қонақ қылып жатады. Бірін-біріне сыйлықтарын ұсынып жатады. Бірін-бірі марапаттап жатады. Бірін-бірісіз күндері жоқ сияқты…
Былай шыға бере бірін-бірі жаман қатыннан бетер өсектейтіні несі осы?!
Түрлі-түрлі арулар
Ұйқыда жатқанда айдай көркем боп көрінетін арулар бар. Сыңғырлап күлгенде жер мен көктің арасын көріктендіріп жіберетін арулар бар. Майысып сөйлегенде майда тілі жан жүрегіңді елжіретіп кететін арулар бар… Ебіл-дебіл боп, көз жасын көлдетіп еңіреп жылағанда да ажарланып кететін арулар бар.
Ұяты бар сияқты…
Өсекшілер бірдеңе айтарда аузын құлағыңа жақындатып, өзгелер естіп қалмасын дегендей сыбыр-сыбыр етеді. Соған қарағанда олардың да аз-маз болса да ұяты бар сияқты…
Көпті көрген сұмпайы
Жымын білдірмей ала білудің де, дымын сездірмей бере білудің де қас шеберіндей болған. Шап беріп тұтылып ұсталып та көрген, бақ беріп сәтімен босанып та көрген…
Қайғы мен қуаныш
Өзгенің қуанышын қаншалықты болса да бөлісуге болады, ал қайғысын қанша талаптансаң да жарым-жартылай ғана бөлісе аласың.
Жолы болғыш жігіт
Әуелі атасының қызын алды. Артынша атасының орнына барды. Енді атасы ақылшысы, өзі мақұлшысы болып отыр.
Құрғақ ми
Пікірталас жоқ. Пікір сайыстан да адамыз. Сөз жарыс тағы да жоқ. Осылайша тымпиып тып-тыныш, жиналыстан жиналысқа ғана көшіп жүре берсек, шамырқанып серпілмеген, сел етпеген миымыз құрғап қалмас па екен?!
Сеніміңнен айырар
Адамдарға деген сеніміңді түбегейлі жоғалтып алуға дейін жеткізетін адамдар да болады.
Ауытқу
Бізге жол көрсетіп, жөн сілтеп, ақыл айтушылардан гөрі әрі-сәрі қылып ақымақ қылушылар көбейіп барады.
Халық дәрігері болмай ма?
Асып түскен оқу-тоқуы жоқ, үпит-сүпит деп әулиесінген біреулерді халық емшісі деп атап дүрдитеміз. Ал білім мен білігі бар, жан-жақты шипа жасайтын дәрігерлерді неге халық дәрігері деуге аузымыз бармайды?
Жас талғамас
Жалындап тұратын жиырма-отыз жастағылар да жағымпаз боп біткен. Жетпіс-сексендегілер де жылмаң қағып, жағына сөйлеп, үлкен-үлкен «астаулардан» жем жеп жүр. Соған қарағанда жағымпаздық жас талғамайды екен-ау…
Мінездеме
Әйелдің тамағы – тәтті, қабағы – қатты…
Сөздің жаны
Жазылып қалдырылған сөзде жан бар…
Новелла
Үлкен өмірдің мөлдіреген мөлтек мысалдары…
Халық даналығы
Қара жер өз топырағына өзі тоймайды.
Бетсіз
Біреулерге бетіңді көрсет деп айта алмайсың. Жоқ бетін қалай көрсетеді?
Бір сәт
Танаулар таңқиып қалыпты. Манаураған иелері маңқиып қалыпты.
Өзгертетін күш
Еркектің маңдайына жазылған тағдыр жазуын әйелдің жарығы не көлеңкесі түсіп қана өзгерте алады.
Жоқтардың арасындағы жай
Азаматта ар жоқ. Жігіттерде намыс жоқ. Бозбалада күш жоқ. Жастарда сезім жоқ. Қызда қылық жоқ. Ақсақалда ақуат жоқ… Көп жоқтың арасында жүріп, өзің де жоғалуға таяу қаласың…
Былықбай
Құдай сүйер қылығы жоқ, жүрген жерде былығы көп.
Еркін өмір
Ешкімнен, ешқайдан сүмірейіп, мөлиіп ешқашан марапат күтпеудің өзі – өміріңнің тынысын кеңейтіп тұрады.
Солай екен
Үнемі жаныққандай боп: «Ештеңеге қолым тимейді» деп зар қақсап жүретін адамдардың ештеңе істегісі келмейтіндер екенін жүре-бара түсінесің.
Сөзден – ойға
Топан сөзден тобықтай ой артық.
Батпан сор
Жұмысын жүргізе алмаса да, жылдар бойы не жоғарыға, не төменге жылжымай, сырғымай сол жұмысында мызғымастан отыра береді.
Пейіл мен көңіл
Адамды пейілі тарылтады, көңілі кеңейтеді.
Әкімнің аурасы
Әкімге жақын жүргендердің жалы күдірейіп жүр. Әкімге жақындауға қолы жетпей жүргендердің халі кетіп, сүмірейіп жүр.
Жебір
Төсінде – сыңғырлаған темір, өзі – сумаң қаққан жебір…
Мінсіз сұлулық
Ең мінсіз сұлулық – біз өмір сүріп жатқан мына әлемнің жаратылысы.
Божырағанда
Қоғам божырай бастағанда, басы жоқтар басшылыққа, даңғойлар депутаттыққа, тортөбелдер төрағалыққа өлермендене ұмтыла бастайды…
Байқауда
Бұрын байқаулар жарқыратып жаңа дарындарды ашып жататын. Қазіргі байқаулар ол жақ, бұл жақта таныс-тамыры барларды танымал етуден ары аспай қалды…
Табысады
Алаяқ алаяқты табады, суаяқ суаяқты табады…
«Бастаманы тастама»
Бастамалар науқандатып басталып, бір-жар уақыттан соң басталғаны ұмытылып далада қалып жатады. Содан да ұрандатып-сүрендетіп бір жақсы бастама көтерілген сайын: «Бастама, бастаманы тастама» деп бар дауысыңмен айғайлағың келеді.
Ақындардың артықшылығы
Ақындардың артықшылығы сол: ақымақ болып қалудан еш қорықпайды.
Мүшәйрада
Бірде-бір ақын қатыспаған, өлеңшілер ғана өлермендік танытқан мүшәйрада бас жүлде алып, бақыттан басы айналып, кеудесін соққанда жан-жағындағылардың құлағының жарғағын жарып жібере жаздады.
Әйел де – бір құдірет
Еркекті о баста Құдай шала жаратады. Оның шала басын пісіретін, қалыпқа түсіретін – әйел. Мықты әйел шаладан дана шығарады…
Екі кезең
Сайланғанша табаны тозып «елім, жұртым» деп елпілдейді, сайланған соң аузы күн шығысқа қарап тыржиып кеңкілдейді.
Жаман дос
Жаман достан асқан залым жоқ: бір кетіскен күніңде-ақ қояңды ақтарып тастайды…
Керісінше
Адуын әйелдер еркек болғысы келетін сияқты еді. Енді еркектер әйел сияқты болуға, әйелдің рөлін ойнауға жаппай кірісіп жатыр…
Күлкіге көмген өмір-ай
Әзіл-сықақ жазып әлектенудің еш керегі жоқ. Өмірдің өзі нағыз күлкіге көмген комедия боп бара жатыр.
Ой мен сөз
Ойдың бәрі сөзден тұрады. Сөздің бәрінде ой бола бермейді.
Еңбек күні
Қара халық күнде жұмысқа барып, жұмыстан қайтады. Ал мыналар күнде жиналысқа барып, жиналыстан қайтады.
Бас еркің кімде?
Бас еркіңді біреуге берме: өз жолыңды, өз айтарыңды өзің таңдап отыр. Мал екеш малды да сатқанда, иесі бас жібін алып қалады. Малдан артық болсайшы…
Бағаланбаған бақ
Басына қонып тұрған баянды бағын білуге санасының өресі жетпей жүрген жандар да бар…
Сезімтал пәле
Ақшаның иісін мұрнымен ғана емес, бүкіл денесімен сезеді.
Өлең – өмір
Оның өмірі де өлеңдері сияқты үйлесімді, көркем, таза, әдемі…
Бейімділік
Ақ жүректер алқа топтың алдында ақтарылуға бейім. Қара жүректер көлеңкелі қалтарыстарда қалуға бейім.
Шындықтың «сыры»
Шындықты білмегендіктен емес, шындықты біле тұра айтпағандықтан да, өмір ағысы көп қиындықтан құтылуға мүмкіндік бермейді.
Қос қуаныш сыйлаған
Кейбіреудің келгеніне де қуанасың, кеткеніне де қуанасың…
Мәселе – құлақта
Естіп ескерер құлақ болса, есті әңгімелерден көп нәрсе жоқ.
Көріп жүрміз
Біздің мақтаулы кәсіпкерлеріміздің шығарған бұйымдары тұтынушыларға жетпек түгілі көрмеге қоюдан артылмайды.
Өзі мен сөзі
Өзін көріп тұлымды еркек деп жүргеніңде, оңаша қалғанда бықсытып өсек айта бастағанын көріп, бұрымы жоқ қатын екен деп қаласың…
Орыс болған…
Титтейінен орыс балабақшасында болып, орыс мектебінде оқыған апалы-сіңлілі қыздар еді. Орысша сөйлегенде орысты жолда қалдыратын. Кейін біреуі молдованға, біреуі белорусқа тұрмысқа шыққан. Ал олардың ұл-қыздары қазақ та, молдован да, белорус та болмады, орыс болып кетті…
Дейді дейтіндер
Арақ ішсең, ағайыныңмен іш. Коньяк ішкің келсе, қызметтестеріңмен іш. Сыра ішкің келсе, сырластарыңмен іш. Қызыл ішкің келсе, құрдастарыңмен іш. Дейді дейтіндер. Дегендердің дегеніне сенем деп, біреулер қымыз-шұбат ішетін орталарды таба алмай жүр…
Мотивация керек десең…
Мотивацияны қайдан, қалай аламын деп, алыс-жақынға алаңдап мәңгіріп жүргендер бар. Ал керемет мотивация анау үлдірікте тұрған классикалық көркем әдебиет кітаптарында ағылып-төгіліп тұрғанын білсе, бастары мәңгірмес еді…
Қайрақ пен алмас
Қиындықтың екі жағы бар: бір жағы – қайрақ, бір жағы – алмас. Шыдамдыларды қайрақ жағы жанып-жанып мықты қыла түседі, болбырларды алмас жағы қиып түседі.
Сақа тартқан сері
Бұлғаңдаған бойжеткен көрсе, тауық көзі шамшырақтай жанып қоя береді. Кексе тартқан қатын-қалаш көрсе, жаман көзі одан сайын сығырайып сөніп қалады.
Ақталған үміт
Шәкірттер арасынан таңдаулылары деп танып біреулерден үлкен-үлкен үміттер күтеміз. Алайда сол үміттерімізді олар емес, оның жанында елеусіз жүрген екіншілері ақтап, жақсы ат алып беріп жүреді.
Самсаған жұлдыздар
Жұлдыздардың самсап көбейіп кеткені сондай – түнге сыймай, күндіз шығып, Күннің бетін жауып тастағандай-ақ. Ал бәрінің жарығы бір Күннің шапағына да жетпейді.
Арпалыс
Ең ауыр арпалыс – өзіңнің бұра тартқан бұзық ойларыңмен арпалысып, итжығыс күйде тұрғаның.
Шаңырақ пен бөлме
Бір үлкен шаңырақ астында тұрады. Бас-басына бір-бір бөлме болғандықтан да, үлкені де, кішісі де бөлініп-бөлініп өз бөлмелеріне кіріп кетеді де, сөйлесіп отыруға да, сырласып отыруға да, мұңдасып отыруға да мүмкіндік жоқ.
Азған қоғамының адамдары
«Кітап оқымаймын. Осы күні кім кітап оқиды?» деп жүрген дәу бастар бар. Кітап оқымау – аза бастаудың басы. Содан да әлгілер азған қоғамның адамдары сияқты болып көрінеді.
Мадақ қарыз
Сені біреу кестесін келістіріп, төбеңді көкке жеткізердей көпірте мақтап-мақтап жібереді де, сосын сенің өзіне арналатын мақтауыңды қашан айтылар екен деп ілмиіп күтіп жүреді…
Жетімдік
Туған жері туралы тамсанып айтпақ түгілі, ләм деп аузын ашпайтын танымал кісілер болады. Мен оларды көрсем, жетім біреуді көргендей боламын.
Сірі жанды
Жағымпаздың жаны сірі: жантаңдап жүріп ештеңеден қалмайды, жағы ешқашан талмайды…
Жалғыз
Бәрінен баз кешкендей күйде: жанындай көретін жалғыз досы – әлеуметтік желі ғана. Соған енеді, соған сенеді, қуанышын да, жұбанышын да соған салады. Мұңдасары да – сол, сырласары да – сол…
Қымбаттау мен арзандау
Тірлік ету қымбаттап кеткен кезде, құндылықтар құлдырап арзандап кетеді екен.
Қартайған саяси тұлға
Ашу буса қыртиып Сталинге ұқсайды, сөз алса тілін төсеп сөйлеп миқиғанда Ленинге ұқсайды, бірдеңеден шоши қалса үрпиіп Калининге ұқсайды, мақтанса мұрты едірейіп Буденныйға ұқсайды, алда-жалда бір сәт мейірлене қалса аузы салпиып, ерні сылпылдап Брежневке ұқсайды да қалады.
Жоқ-жұқаналар
Я діңгек болар діні жоқ, я тірек қылар ділі жоқ, я елмен емін-еркін сөйлесер ана тілі жоқтар көбейіп тұр. Сол жоқ-жұқаналар Алаштың алдына шығып ербеңдеп, едіреңдеп жүр.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Арал қаласы
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!