Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектердің жетістігін тек жеке білім беру орталықтарының еңбегімен байланыстыру дұрыс емес екенін айтты, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Депутат Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда Ұлттық бірыңғай тестілеуден 130 және 140 балл алған мектеп түлектерін құттықтап, мұндай нәтиженің артында баланың жеке дайындығы, ата-ананың қолдауы және мектеп мұғалімдерінің ұзақ жылғы еңбегі тұрғанын атап өтті.
“Ең алдымен 140 балл және 130 балл алған түлектерді құттықтады. Бұл – үлкен табандылықтың, білімнің, біліктіліктің және ата-ана, бала мен мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан бұл шын мәнінде қуанарлық жағдай. Егер осы балаларға пәтер, автокөлік сыйлап жатса, менің ойымша, бұл жаман емес. Бірақ біз бір мәселені түсінуіміз керек. Мұнда маркетинг мәселесі де бар. Өйткені бір жағынан компаниялардың атын әрі қарай әйгілі ету, “біздің түлек осындай мүмкіндікке қол жеткізді” деп көрсеткісі келеді. Оны біз түсінеміз және онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Тиісті бір мекеме немесе дайындайтын орталық “біз осындай нәтижеге қол жеткіздік” деп айтып жатса, бұл толығымен шындық емес”, – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, оқушыны бірнеше айдың немесе бір жылдың ішінде ғана жоғары нәтижеге жеткізетін ерекше технология бар деу шындыққа келе бермейді. Жоғары балл көбіне мектепте жылдар бойы қалыптасқан білімнің, күнделікті сабақтағы жүйелі еңбектің және оқушының тұрақты дайындығының нәтижесі.
“Егер бала 130-140 балл алса, Гарвардқа, Назарбаев университетіне түссе, бұл біздің білім беру жүйесінің, мектептегі күнделікті еңбегі көрінбей жатқан мұғалімдердің еңбегі. Бұны орталықтардың еңбегі деп айтпауымыз керек. Олардың да еңбегі бар, әрине. Өйткені қосымша көмектесіп, негізгі әдістемесін көрсететін шығар. Бірақ негізінен ол мұғалімдердің еңбегінің, ата-ананың қолдауының, баланың өз еңбегінің үлкен нәтижесі және жемісі”, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Аймағамбетовтің пікірінше, жеке орталықтардың қосымша дайындықтағы рөлін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен түлектің жоғары көрсеткішін тек сол орталықтың жарнамалық жетістігі ретінде көрсету мектеп мұғалімдерінің еңбегін көлеңкеде қалдырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!