Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астана LRT жолаушыларға жол ашты

16.05.2026, 15:42 104

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Astana LRT жүйесінің іске қосылу рәсіміне қатысты. Президент жаңа көлік инфрақұрылымының жұмысымен танысып, жеңіл рельсті көлік қызметін пайдалану тәртібін көрді.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Astana LRT жүйесінде қолданылатын 001 сериялы көлік картасы табысталды. Бұл карта жаңа қоғамдық көлік желісінің іске қосылуын білдіретін символдық белгі ретінде ұсынылды. Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Astana LRT жүйесінің жұмысын бастап берді.

Astana LRT – елордадағы қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың бірі. Желі қаладағы негізгі көлік тораптарын байланыстырады. Бағыт халықаралық әуежайдан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Жол бойында елорданың іскерлік, әкімшілік және әлеуметтік маңызы бар нысандары қамтылған.  

Жеңіл рельсті көлік желісінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Жоба аясында 18 станция қарастырылған. CTS жариялаған схемаға сәйкес, маршрут «Әуежай», «Атамекен», «Есіл», «Мәңгілік ел», «Астана жұлдызы», «Нұра», «Университет», «Ұлы дала», «Астана Арена», «Жекпе-жек сарайы», «Сығанақ», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Ұлттық музей», «Театр», «Мыңжылдық аллеясы», «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» станциялары арқылы өтеді.  

Жолаушылар тасымалы үшін 19 құрам дайындалған. Оның бір бөлігі күн сайын желіге шығып, қалғаны резервте болады. Пойыздардың максималды жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді. Орташа қозғалыс жылдамдығы шамамен 50-60 шақырым болады. Бағытты бір шетінен екінші шетіне дейін шамамен 40 минутта жүріп өтуге мүмкіндік бар.  

Жаңа көлік жүйесі елордадағы жол жүктемесін азайтып, қоғамдық көлік қатынасын ыңғайлы етуге бағытталған. Әсіресе әуежай, сол жағалаудағы әкімшілік орталықтар, ұлттық нысандар мен «Нұрлы жол» вокзалы арасындағы қатынас жеңілдейді деп күтіледі.

Astana LRT жобасы көп жыл бойы қоғам назарында болды. Құрылыстың ұзаққа созылуы, жобаның құны және оның айналасындағы сын-пікірлер бұған дейін жиі айтылған еді. Енді жеңіл рельсті көлік жүйесінің іске қосылуы елорданың көлік инфрақұрылымындағы жаңа кезең ретінде бағаланып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: