Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент: «Qoja Ahmet Yasaui» ордені — түркі дүниесі үшін айрықша мәні бар марапат

15.05.2026, 17:30 66

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен алқалы жиында «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің мән-маңызына арнайы тоқталды. Президент бұл марапаттың тек мемлекеттік награда ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани тұтастығын айқындайтын ерекше белгі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аталған орденді тағайындау туралы шешім биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Түркістан жерінде қабылданған. Кейін бұл бастама заң жүзінде бекітіліп, арнайы Жарлыққа қол қойылған.

«Бүгінгі жиында өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде “Qoja Ahmet Yasaui” орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым», деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл награданың түркі дүниесі үшін мән-мағынасы ерекше екенін жеткізді. Оның сөзінше, Қожа Ахмет Ясауи есімімен аталатын орден бауырлас халықтардың ортақ рухани мұрасын, тарихи байланысын және мәдени сабақтастығын дәріптейді.

«Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кеше алғашқы мәртебелі награданы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстағанын айтты. Бұл шешім түркі елдері арасындағы бауырластық байланыстың нақты көрінісі ретінде бағаланды.

«Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ясауи тұлғасын дәріптеу арқылы түркі халықтарының арасындағы рухани жақындық пен мызғымас бауырластық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

«Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін», деді Президент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: