Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаяқпен ақша ойыны

13.05.2026, 8:20 55

Бала күнімізде үлкендер балаларға жекіп: «Әй, өзің бір ойының осылғыр екенсің!» деп ұрысып жатушы еді. Жаңалықтар тізбегінен алаяқтармен ақша ойынын ойнаған кейбір адамның іс-әрекетін көргенде осы сөз ойымнан шықпады. Расында да кейбір адам ұялы телефон арқылы алаяқтармен ойнайтын әдет тапты. Бірақ бұл әдеттен бармақ шайнап, санын соғып жатқандар аз емес. Себебі, алаяқпен телефондағы бір ғана сөйлесудің өзі зор қауіпке апарады. Арам ниетті алаяқтар өзінің құрбандығымен кез келген әңгімені талдап, кейбір жағдайда жазып алған дауысты сол адамның туыстарын алдауға пайдаланады. Осы мәселені тереңірек талдайық.

Қарапайым адамдар көбіне үрейге бой алдырудың, аңқаулықтың және қаржы  сауатсыздығының салдарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалып жататыны рас. Алайда арам ниеттілерді тәубесіне түсіремін деп, опық жейтін жандар да кездеседі. Егер сізге бөгде біреу қоңырау шалса, оның алаяқ екенін білген сәтте екіұдай көңілде болатыныңыз анық. Бірі – үрейге бой алдыру, екіншісі – өзіңе-өзің сенімді болу. Егер де кез келген жағдайда өзі-өзіңді толық бақылай алатын адам болсаң, онда ешқандай да қауіп жоқ. Алайда өзіне-өзі сенімді адамның өзі абыржып, арғы жақтағы адаммен сөйлесу мәнерін өзгертіп алатын жағдайлар да көп.

Мұндайда не істеу керек? Егер сіз сөйлесіп тұрған адамыңыздың  алаяқ  екенін  білсеңіз, бірден  ұялы  телефонның тетігін басып, байланысты дереу үзіп тастаңыз. Ал сіз: «Бәрі менің бақылауымда! Қазір сені мазақ қылайын!» десеңіз, құрыдыңыз. IT-мамандар жиі ескертетін нәрсе, алаяқтар тікелей қандай да бір банктің қауіпсіздік жүйесін бұзуға  ешқашан  іс-қимыл жасамайды. Олардың басты мақсаты – адам. Банкте шот ашқан адамның зәресін ұшырып, үркітіп-қорқытып, өзінің арам ойын іске асыруға тырысады. Сол себептен,  олардың  әрбір  «қоңырауы»  тегін  тесті  сияқты жүзеге  асырылады.

Алаяқтар әңгімелесу кезінде сол адамды толық зерттеуге кіріседі: ең алды­мен, оны банк, қарыз, қылмыс, полиция деген сөздермен қорқытып, бір тексеріп көреді. Өзінің әлеуетті құрбандығының шешім қабылдау деңгейін зерттеп үлгереді. Бұл жерде назар аударатын жайттың бірі – сұрақтарға берілген жауаптар емес, телефон тұтқасын қоймау, яғни, арадағы байланыс­тың орнауы. Байланыс орнаған соң, алаяқ телефон нөмірін жазып алып, оған қайта хабарласып, алдау-арбау әрекетіне қамданады.

Бұл жердегі бірінші соғылған қоңырау шабуыл емес, барлау ғана. Алаяқ әуелі өзінің жіберген қателіктерін ескеріп, жаңа жоспар құрады. Сол жоспарын тиянақтап алып, тағы да қоңырау шалады. Ол енді банк қызметкері, банктің қауіпсіздік қызметінің өкілі я болмаса әлгі адамның жақын танысы болып хабарласады. Істің оңға басуы оның қандай алдау тәсілін таңдағанына байланысты. Кейбір жағдайда алаяқтар сол адамның ерік-жігерін жасыту үшін туыстарына хабарласып, соның дауысымен сөйлеседі. Ол үшін жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді қолданады.

Алаяқтардың арбауына түсіп қалғандар көбіне: «Мен ешкімге өз картамның мәліметтерін берген жоқпын», «Мен бөгде адаммен жай ғана сөйлестім», «Мен оның жіберген ешқандай сілтемесіне кірген жоқпын» деп ақталады. Алайда, олар бұл жерде қандай үлкен қателікке бой алдырғанын аңда­майды. Алаяқтар әр адамның картасындағы CW-кодты немесе SMS-хабар­лама арқылы төрт санды алуға ғана әрекет жасамайды. Оларға ең қажет­ті нәрсе – өзі  қоңырау  шалған нөмірдің иесі бар болғаны жеткілікті. Содан соң арғы жақтан берілген жауап маңызды, сол адамның онлайн-банкингті қолда­натыны  жеткілікті. Одан кейінгі әңгіме арада байланыс  орнатудың кепілі  болып  қала  береді.

Алаяқтармен қалжыңдасудың соңы өкінішті жағдайлармен аяқталған кезі көп. Бір күні жас қызға бір курьер қызметінің өкілі хабарласады. Ол қыз хабарламаның алаяқтан келгенін білсе де, қызығушылық танытып, жіберілген сілтемені басады. Сол сәтте әлгі қыз ештеңе болмағанына таңғалады. Бірақ, бір түнде алаяқтар оның картасындағы ақшасын үптеп кеткен. Осы оқиғаға ұқсас тағы бір факті. Алаяқтар бір ер адамға қоңырау шалады. Өзіне хабарласқан алаяқ екенін сезген әлгі азамат алаяқтармен ойын ойнамақшы болады. Көбірек сөйлесіп, айтқанына келіседі. Көп ұзамай оған бонус туралы ақпарат жетіп, өзінің банк қосымшасына кіре алмай қалады. Тағы бір оқиға. Бірде алаяқтардың құрған тұзағына түсіп қалған жасөспірім де өзі кінәлі болған. Ол хабарласқан алаяқтың өзін мазақ­тамақ болып, әртүрлі іс-әрекетке барады. Ал бір аптадан кейін оның барлық туыс­ының  мессенджеріне «Тезірек ақша аударыңдаршы!» деген хабарлама түскен. Бұл жердегі естен шығармайтын нәрсенің бірі – егер сіз өзіңізге хабарласқан адамнан күдіктенсеңіз, бірден тұтқаны басып, сөйлесуді доғарыңыз. Одан кейін банкке қоңырау соғып, ондағы шотыңызды тексеріп, қажет болған жағдайда бұғаттап тастау керек. Ең маңыздысы, алаяқтармен ойын ойнаудың түк пайдасы жоқтығын ұмытпаңыз. Қаржы мамандары қайталап айта беретін мынадай кеңестерді қаперде ұстаңыз: ешқашан алаяқпен ойын ойнауға ұмтылмаңыз; күдікті сілтемелерге кірмеңіз; мессенджер арқылы алаяқтан келген хабарламаға (оны әдейі жібереді) назар аудармаңыз; мәселе туындаған жағдайда алаяқтан бұрын әрекет етіп, банкке және туыстарға хабарлап үлгеру керек, осындай оқиғаларды үйде үстел басында балалармен, қарттармен үнемі талқылап отыру керек, әр адам өзін алаяқтан ақылдымын деп санамауы тиіс. Өйткені, олар әзілкешке қатты «өкпелеп», сазайын тарттыруға ұмтылады. Өзін өкпелеткен адам туралы ақпаратты сатып я болмаса өзінің басқа қылмыстық тізбектеріне  пайдалануы  мүмкін.

Ресми мәліметке жүгінсек, алаяқтардың тұзағына түсіп қалатын аңқаулар Астанада көп екен. Мысалы, 2025 жылдың 7 айында алаяқтыққа қатыс­ты 3 235 оқиға тіркеліпті. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы (1925) тұр. Павлодар (1711) мен Қостанай (1283) соңғы орындарда орналасқан. Бұл статистикадан көргеніміздей, қылмыскерлерге алданып қалуда мәселе технологияда емес, аңқаулықта жатыр. Алаяқтар аса бір данышпандықпен алдау-арбаудың тәсілін ойлап таппайды, олар аңқау адамдардың сенімсіздігін, қорғансыздығын тап басып, үрей туғызу арқылы мақсатына жетпек  болады.

Қазір  ұялы  телефон  арқылы  жасалатын  алаяқтар әрекетінің  неше түрі  шығып  жатыр. Енді «Fingramota Online» мобильдік қосымшасының «Қаржы пирамидалары және  қаржы  алаяқтығы» бөлімі тарат­қан кез келген адамға қажетті ақпаратқа келейік. «Сізді ұялы байла­ныс операторы мазалап тұр, SIM-картаңыздың мерзімі аяқталып келеді. Егер алдын ала қамданбасаңыз, онда нөміріңіз бұғатталады. Қызмет­ті ұзартқыңыз келе ме?» деп белгілі телекомпаниялардың жалған қызметкерле­рі азаматтарға қоңырау шалып, осындай сұрақтар қояды. Көптеген қазақстандық жыл басынан бері телефон арқылы жаса­латын алаяқ­тық­тың  осы  түріне  тап  болған.

«Егер сіз алаяқтардың сұрағына оң жауап берсеңіз, онда қоңырау шалушылар SMS-кодты айтуды және басқа да жеке деректерді беруді сұрайды. Оларға мұндай ақпарат жәбірленушінің банктік шотын бұзу немесе оның атына жалған несие ресімдеу үшін қажет. Сонымен қатар, алаяқтар телефон шалған кезде адамды асықтырып, тезірек дегеніне жету үшін тіпті оларды қорқыта бастайды. Кодты бөгде адамдарға хабарлай отырып, пайдаланушы интернет-ресурста немесе байланыс операторының  мобильді қосымшасында өзінің жеке кабинетіне  кіруге  рұқсат береді. Алаяқтар SIM-картаның виртуалды телнұсқасын жасай алады немесе қоңыраулар мен SMS-ті басқа нөмірге бағыттау қызметін қоса алады. Ары қарай, олар жәбірленушінің онлайн-банкингіне кіріп, жаңа қарыз алу, бөліп төлеуді ресімдеу, ақшаны дропперлердің (делдалдардың) шотына аудару сияқты өздеріне қажетті операцияларды оп-оңай жасай алады» деп  түсіндіреді  мамандар.

Ал одан қалай сақтану керек? Егер олар құпиясөздер, логиндер, SMS-кодтар және басқа да жеке деректерді (ЖСН, жеке куәлік немесе төлқұжат нөмірі, төлем картасының деректемелері: картаның артқы жағындағы үш таңбалы код (CVV/CVC-код), оның нөмірі, қолданылу мерзімі және т.б. ақпаратты) сұраса, олар өзін кім деп таныстырса да бөгде адамдарға сенбеңіз. Бейтаныс адамдардың нұсқаулары бойынша вирусты, шпионды немесе үшінші тараптарға құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды (мысалы, AnyDesk немесе TeamViewer) ешқашан жүктемеңіз.

Соңғы кездері елімізде кибершабуылдың жаңа түрі пайда болды. Таны­мал мессенджерлер немесе фишингті электронды хаттар арқылы қызметкерлерге компанияның бастығы немесе басқа жоғары тұрған басшының  атынан  құпия  ақпаратқа шұғыл қол жеткізуді тапсыра отырып, хабарлама жіберіледі. Алаяқтар  психология  әдістерін қолдана  отырып, басшылықтың  беделін  желеу  етіп, қызметкерлерге қысым жасайды.

Интернет инженерлер  WhatsApp және Telegram аккаунттарына кіру үшін жәбірленушілерден жеке деректерді алуға ұмтылады. Осылайша, алаяқтар «телефонымды жоғалттым, сондықтан басқа нөмірден жазып отырмын, бұл жерде байланыс нашар» және тағы басқа сылтаулармен басқа адамның атынан әрекет жасайды. Алаяқтар ақшаны қайта жіберу, құпиясөзді, PIN-кодты немесе басқа жеке мәліметтерді хабарлау, «басшылық» тастаған сілтемені басу немесе сілтеме арқылы жаңа мүмкіндіктерді белсенді игеру, басқа әріптестерге хабарлама жіберу және тағы басқалар  туралы  өтініш  жасауы  мүмкін.

Мұндай жағдайда не істеу керек? Мамандар хабарлама жіберушіні бұғаттай отырып, мұндай күмәнді хабарламалар мен хаттарды жауапсыз қалдыру керектігін айтады. Қандай жағдай болса да олармен хат алмасуға, деректерді беруге, фишингті сілтемелерге өтуге болмайды. Егер күмәндансаңыз, оның нөмірін өз бетіңізше теру арқылы хабарламалар кімнің атынан таратылатындығын өзіңіздің басшыңыздан анықтап алған дұрыс. Шағым жіберу арқылы өз компанияңыздың қауіпсіздік қызметіне, сондай-ақ WhatsApp, Telegram-ға күдікті іс-қимыл туралы хабарлауды және аккаунтыңызды қорғауды күшейту үшін екі сатылы тексеруді  қосуды  ұсынамыз.

Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, «Сізге шұғыл ақша керек пе? Қарызды бөліп төлей аласыз!», «100 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін кепілсіз, алдын ала төлемсіз несие рәсімдеуге көмектесеміз», «Кез келген сомаға несие береміз» деген мазмұндағы хабарламалар алдыңнан шығады. Негізінен алғанда, инстаграмда бір күндік жалған аккаунт ашқан  алаяқтар  осылай  әрекет  етеді.

Бір таңғаларлығы, әлгі алаяқтардың хабарламасына жауап берген аңқау адамдармен арадағы іс-қимыл мессенджерлер арқылы өрбиді. Қаскүнемдер ең алдымен WhatsApp арқылы хат алмасуды жөн көреді, онда хабарламалардың өзінен-өзі жоғалып кететін режимі бар және екі схеманың бірі бойынша әрекет етеді. Біріншісі – қолма-қол ақшамен берілетін несие ресімдеу. Қарызды ресімдеу мақсатында интернет-алаяқтар жәбірленушіден несиенің қажетті сомасын және жеке мәліметтерін: жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін, төлем карталарының толық деректемелерін, шот нөмірлерін және т.б. нақтылайды. Алаяқтардың мақсаты – зардап шеккен адамға қарыз алушының қажеттілігінен едәуір асатын қарыз ресімдеу. Қаскүнемдерді әсіресе азаматтардың танымал онлайн несие беру ресурстарында жеке кабинеттерінің болуы қызықтырады. Олардың айтуынша, бұл ақпарат – несие  ұйымдары  жүз  пайыз  мақұлдайтын  тиімді  қарыз ресімдеу  үшін  қажет.

Екінші схема – тауар несиелерін ресімдеу. «Несиелік делдалдар» хабарландыруға жауап берген қарыз алушылардың дербес деректерін алғаннан кейін алаяқтар өздерінің ұялы телефондарынан және бөг­де тұлғаларда тіркелген нөмірлерді пайдалана отырып, электроника сатушыл­арының сайттарында тауарды таңдайды және қарыз алушының көмегімен оны несие алуға немесе бөліп-бөліп төлеуге ресімдейді. Бұл ретте алаяқтар өтінімді қарау үшін SMS-кодтар келетін өз нөмірлерін көрсетеді. Қаперде ұстайтын басты  нәрсе,  сізге банк қарыздарын немесе микронесиелерді тиімді шарттармен рәсімдеуді ұсынатын делдалдар­ға сенбеңіз, қарыз ресімдеу үшін ақшалай сыйақы бермеңіз. Бұл – алаяқтар.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: naryntany.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: