Елімізде газдың көтерме бағасын жоғарылату қарастырылып жатыр. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Оның сөзінше, Қазақстандағы газ қорының дәлелденген көлемін ескерсек, инвесторларға қазіргідей құн пайда әкелмейді.
– Мұндай көтерме баға үшін жеке субъектілер газ кен орындарын игеруге бармайды. Өйткені, оларға тиімсіз, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, бағаны өсірудегі себеп – инвесторларды ынталандыру және сол арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты қамтамасыз ету.
– Көтерме бағаның бүгінгіден жоғары болуы салаға инвесторларды тартады. Сондықтан биыл газ құнын өсіруге мәжбүрміз, — деді вице-премьер.
Сонымен бірге, ол ішкі нарықта жеткіліксіз болса, газды сырттан импорттауға тура келетінін атап өтті. Ондай жағдайда баға бәрібір де қымбаттайды.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, энергетикалық кеңестің шешімі бойынша 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасы 33%-ға артады. Салдарынан инфляция 0,16-0,2%-ға өседі.
Бұл шаралар ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және аталған секторды дамытуға бағытталған.
Фото: egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!