Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рахаттанып  жатпаймын  ба?

05.05.2026, 8:15 44

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Алпыста алқынып, жетпісте жүре алмай, сексенде ыржақтап күле алмай жүргенімде, келінім шай үстінде:

–Ата, Құдай қаласа өлесіз ғой, сонда ше, сонда, — деп ұшақтан ұшып түскендей сөз бастады, – сонда ше, сізді қалай жерлейміз? Ойыңыз қандай?

Осы келіннің сұрамайтыны, құламайтын жерде құламайтыны, құлағымды бұрамайтын жерде бұрамайтыны жоқ. Супер келін ғой.

– Алдымен өліп көрейік те, — дедім мен де қалыспай.

– Ата деймін, ата ше, ата, бүгінде крематорий деген шықты.

– Ол не пәле?

– Ол пәле емес, заманауи жерлеу.

– Сонда не істейді? Моламыздың үстіне планшет қояды ма екен?

– И-и, ата, тыңдасаңызшы, — деп келінім бұртия қалды, – крематорий деген өлген адамды тірідей… ой, өлген алдамды өлідей арнайы ыдысқа салып, арнайы жерде өртейді…

Жүрегім зырқ, бір жерім пырқ ете қалғандай болды.

– Астапыралла! Күйіп қаламыз ғой, — деппін.

– Какая разница? Өлген адам өлген, дұрыс қой енді…

– Сонда қай жерге барып құран оқисыңдар?

– Ну, сол өртеген жерге барып…

– Жоқ, мен өлсем, ауылға апарып, қара жерге жерлеңдер! — деп суып қалған шайымнан бір ұрттап қойдым.

– А зачем ауылға? Крематорий жақсы ғой.

– Өзің өртене сал, келін, — деп ашуландым мен, – өртенбеймін!

– Еще 240 мың теңгедей ме төлейді екен.

– Кім? Мен бе? Өліп қалсам қалай төлеймін?

– Аташка, біз төлейміз ғой, пенсияңыздан беріп қойыңыз осы бастан…

– Жоқ, өртенбеймін дедім бе, өртенбеймін! Осы жасқа келгенше не рақат көрдім? Мұнайымыз бар дейміз, мұнайымыздың Құдайы бар, уранымыз бар дейміз, уранымыздың «кураторы» бар! Бір жадырап өтпедім ғой! Бір жарқырап өтпедім ғой! Анау жетпейді, мынау жетпейді! Ал биліктегілердің битіне дейін семіріп, сіркелері қой-ешкідей болып кеткен!

Келінім маған таңдана қарап қалыпты.

– Не хотите аташка? — дейді.

– Жетер! Өртенбеймін! Ауылға жерлеңдер! Бір рахаттанып жатайын да! Шалқамнан түсіп! Емін-еркін! Бостандықта! Проблема жоқ! Өлгенде де тыныштық беріңдерші, а!

Шынында, ол жақта сөз бостандығы бар ма екен? Жоқ әлде, артық сөйлесем, қайта тірілтіп, тағы да салық төлетіп жібермей ме?

PS: (Идеясын иіскеп, өңін айналдырып жіберетін театр ұрыларына тыйым салынған. Авторлық құқығым қорғалған)

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: cs18.pikabu.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: