Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде төмендеді

01.05.2026, 10:46 32

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының сөз бостандығы индексінде Қазақстанның көрсеткіші төмендеді. Ұйым жариялаған дерекке сәйкес, еліміз биыл 180 елдің ішінде 149-орынға орналасқан. Былтыр Қазақстан бұл рейтингте 141-орында болған еді. Осылайша, елдің көрсеткіші бір жыл ішінде 8 сатыға төмендеген. Бұл туралы Азаттық жазды.  

Халықаралық ұйым Қазақстандағы медиа ахуалды күрделі елдер санатына жатқызып отыр. Есепте журналистердің кәсіби қызметіне заңнамалық қысым, қудалау, аңду, қорқыту, ұстау және үйқамаққа жіберу сияқты кедергілер әсер етіп отырғаны айтылған. Ұйым әсіресе Қылмыстық кодекстегі «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабын қолдану тәжірибесіне назар аударған.  

Азаттықтың жазуынша, қазіргі кезде осы бап бойынша Orda басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкенова, «Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасының авторы Ботагөз Омарова және ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақта отыр. Халықаралық ұйым өкілдері мұндай істердің журналистер мен тәуелсіз медиаға қысымды күшейтетінін алға тартады.  

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бюросының басшысы Жанна Кавелье Азат Еуропа/Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы жағдайды алаңдатарлық деп бағалаған. Оның айтуынша, реформа туралы мәлімдемелерге қарамастан, ақпарат кеңістігін бақылау тәжірибесі сақталып отыр.  

Ұйым есебінде Қазақстанда кейбір ақпарат құралдарының сайттары бұғатталып жатқаны да айтылған. Мысал ретінде Respublika порталының Қазақстан аумағында бұғатталуы келтірілген. Мәдениет және ақпарат министрлігі мұны 2012 жылғы сот шешімімен байланыстырған. Ал басылым редакциясы кейінгі шектеулерді өздерінің жариялаған материалдарымен байланыстырады.  

Бұдан бөлек, ұйым Қазақстанда БАҚ-қа қысымның жанама түрлері де жиілегенін мәлімдеген. Атап айтқанда, тәуелсіз ақпарат құралдарының әлеуметтік желідегі парақшаларына жаппай шағым түсіру, аккаунттарды бұғаттау немесе жарияланған материалдарды өшіру фактілері айтылған.

Жанна Кавелье журналистерге қарсы жасалған шабуылдардың жазасыз қалуы да жағдайды қиындатып отырғанын жеткізген. Ол Украинада қаза тапқан журналист Айдос Садықов ісінің әлі толық ашылмағанын айтып, мұндай оқиғалар тәуелсіз журналистер үшін қауіптің жоғары екенін көрсетеді деп мәлімдеді.  

Халықаралық ұйым Қазақстанда дәстүрлі БАҚ әлі де басым рөлге ие екенін, ал ақпаратқа қол жеткізу қатаң бақыланатынын алға тартады. Олардың бағалауынша, еркін журналистикаға арналған алаң тарылып барады.

Қазақстан билігі халықаралық ұйымның бұл есебіне әзірге ресми пікір білдірген жоқ. Осы аптада Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы да тәуелсіз БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер мен қоғам белсенділерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталуына және жазбаларының өшірілуіне алаңдаушылық танытқан.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: