Сот оның жасаған ісіне өкінгенін, асырауында бес баласының барын және келтірілген шығынды өтегенін ескерді.
Шымкентте бопсалау дерегі бойынша іс қаралып, блогер кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, деп жазады halyqline.kz тілшісі.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот жергілікті блогерге қатысты істі қарады. Оған әкімдіктің беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, ақша талап етті деген айып тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қазан айында ол әлеуметтік желіде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған. Кейін әкімдік өкілімен кездесіп, 10 млн теңгеге ақпараттық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасуды талап еткен. Егер талап орындалмаса, жағымсыз материалдар жариялайтынын айтқан.
2025 жылғы 6 қарашада блогер анасының банк шотына 990 мың теңге аударым алғаннан кейін полиция тарапынан ұсталған.
Сот барысында оның кінәсі жиналған дәлелдермен толық дәлелденді. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды сұраған. Прокурор нақты жаза тағайындауды талап етсе, жәбірленуші тарап қатаң жаза сұраған.
Сот айыпталушының өкінгенін, асырауында бес кәмелетке толмаған баласының барын және келтірілген шығынды өтегенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Ер адам кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған бес жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, шымкенттік блогер-журналист 2025 жылдың қараша айының басында ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол әкімдік өкілінен 10 млн теңге талап етіп, жағымсыз материал жариялаймын деп қорқытқан.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!