Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі өңірде аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

24.04.2026, 9:50 50

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Соңғы жедел іс-шаралар барысында Ұлытау және Павлодар облыстарында ірі көлемдегі есірткі айналымының жолы кесілді.

Ұлытау облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері елдің оңтүстік өңірінен ұйымдастырылған ірі жеткізу арнасын әшкереледі. Жезқазған – Қарағанды автожолында есірткі тасымалдауға қатысы бар бес адам ұсталды. Полиция мәліметінше, күдіктілер тасымал бағытын бақылап отырған.

Көлікті тексеру кезінде 13 пакет тәркіленген. Оның ішінде 300 келіден астам марихуана болған. Алдын ала дерек бойынша, тәркіленген есірткі миллионға жуық бір реттік дозаға тең. Қара нарықтағы құны шамамен 3 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Павлодар облысында да ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел қызметкерлер ауқымды арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде жалпы салмағы 308 келіден асатын кептірілген марихуана тәркіленді. Ірі жасырын қойма гараж кооперативтерінің бірінен анықталған. Тексеру кезінде сұр-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған 13 қап табылып, тәркіленді.

Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахмановтың айтуынша, тәркіленген заттарға қажетті сараптамалар тағайындалған.

– Тәркіленген зат бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, – деді Ғабит Қабдрахманов.

ІІМ есірткі өндіру, сақтау, тасымалдау және таратуға бағытталған кез келген заңсыз әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді. Ведомство азаматтарды күдікті тұлғалар немесе жасырын орындар туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: