Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаруашылық  майталманы

24.04.2026, 8:55 54

HALYQLINE.KZ

Жеңіске  –  81  жыл

Қазалы ауданында ферма меңгерушісі болып, аудан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан ауыл шаруашылығының майталманы Пірімжар Оразовты аудан халқы жақсы таниды деп ойлаймын.

Пірімжар дүниеге келмей тұрғанда-ақ тағдыр оған қаталдық танытты, анасы Баршаның құрсағында жатқанда, әкесі Ораз 1922 жылы қайтыс болды. Алайда анасы қос құлыны Алдажар мен Пірімжарды өзгенің қанатына қақтырмай, тұмсығына шоқтырмай, жұмыс уақыты белгіленбеген колхоздың қара жұмысына жегіліп жүрсе де, қатарынан кем қылмай ер жеткізді.

1938 жылы 16 жастағы Пірімжар «Құмжиек» ауылдық округіне қарасты «Сартоғай» ауылындағы жетіжылдық мектепті жақсы бітірген соң, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищесіне оқуға түскенімен, оқуды бітіре алмады. Себебі, ол кезде қазіргідей шәкіртақы берілмейді, ауылдан әкелген азын-аулақ қаражаты таусылды, ауылдан келетін қаражат жоқ болып, екі жылдан соң ауылға қайтуға тура келді. Оның есесіне 1940 жылдан бастап «Сартоғай» ауылындағы мектепке мұғалім болып еңбек жолын бастады.

1942 жылы қаңтар айында Пірімжар Қазалы аудандық әскери комиссариатынан соғысқа шақырту қағазын алды. Бұл жау Москваны ала алмай, Сталинградқа бар күшін жұмылдырған кезі еді. Атырау мен Орал облыстары майдан шебіне жақын болғандықтан, соғыс жағдайына енгізілді. Осындай сын сағатта «Құмжиек» ауылының жас жігіттері Оразов Пірімжар, Маханов Қалжан, Маханов Жалғас соғысқа аттанды. Олар Алматыда жасақталып жатқан 38-ші атқыштар дивизиясы құрамына қабылданып, әскери ережеге сәйкес жүріп-тұруды және атыс қаруларын қолдануды үйренді. Дивизия жылға жетер жетпес уақытта Сталинградтағы шайқасқа араласты. Бұл кезде біздің әскерлер Мамай қорғанынан шегініп, қаланың ішінде кескілескен көше шайқастары жүріп жатты. Үйлер мен ғимараттар қолдан-қолға өтті. Осындай кескілескен шайқастардың бірінде жақын жерден жарылған граната жарқыншақтары Пірімжардың сол қолын қатты жаралады. Есі дала госпиталінде жатқанда кірді. Жарқыншақ сол қолының шынтақ сүйегін сындырып кеткен. Дәрігерлер ота жасағанмен, күн өткен сайын жағдайы нашарлады. Хирургтер қайта ота жасап, шіріген сүйектерді алып тастады. Саратов қаласындағы госпитальде 1943 жылдың ақпан айына дейін емделіп, комиссия шешімімен соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылды.

Майданнан оралған Пірімжар Оразов 1943-1948 жылдары Қазалыдағы Жамбыл атындағы колхозда есепші, 1948-1953 жылдары «Сартоғай» ауылдық Кеңесінде хатшы, Ленин атындағы колхозда есепші болып, 1954-1957 жылдары Шымкент қаласында колхоз басшыларын дайындайтын мектепте оқыды. 1957-1965 жылдары колхозда бас есепші болды.

Пірімжар Оразов 1965-1980 жылдары «Құмжиек» совхозында ірі қара фермасының меңгерушісі болған жылдары ұжым қабылдаған жоспарды артығымен орындады. Нәтижесінде мал басы көбейді, малшылардың да әл-ауқаты жақсарды. Жертөледе тұрып келген малшылар үшін ақ шиферлі еңселі үйлер салынды. Оларға жылжымалы мәдени, сауда қызметі көрсетілді, әсіресе шалғайдағы малшыларға кино қондырғы мен жылжымалы моншаның баруына қол жеткізді.

Қол жеткен табысы үшін Пірімжар аға социалистік жарыстың жеңімпазы төсбелігісімен марапатталды. Қой фермасының меңгерушісі Бекділда Нұршабаев екеуі Москвадағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) Қазалы ауданы атынан барып қайтты.

Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Тәкей Есетов Қазақ ССР министрлер Кеңесінің Құрмет грамотасын Пірімжар ағаға өз қолымен табыс етті. 1980 жылы Пірімжар Оразов екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде үлкен құрметпен еңбек демалысына шықты. Ал майдангердің соғыс кезіндегі ерлігі І-ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Жеңістің 20, 25, 30, 40 жылдық мерекелік медальдарымен бағаланды.

Пірімжан Оразов зейнетке шыққан соң үйінің ауласына бау-бақша егіп, көпке үлгі болды. Екінші ұлы Жұмабергеннен немерелі болғанда есімдерін Ғалым және Саддат деп қойып еді. Ардақты азамат Пірімжар аға Оразов 1991 жылдың 14 қыркүйегінде дүниден өтті.

Сүйегі асыл азаматтың үлкен белестерге жетуіне зайыбы Әлия Смайылқызының үлесі зор болды. Ол отағасының қызметін алаңсыз істеуіне бар жадайын жасай білді. 1935 жылы дүниеге келген Әлия апа І-ІІ-ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен, КСРО кезінде «Батыр ана» және 2006 жылы «Алтын алқа» медалімен, соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегі үшін де медальмен марапатталды. Батыр ана, тыл ардагері Әлия апа 2010 жылы қыркүйек айында қайтыс болды.

Елге сыйлы болған қос ардагер Зибаш, Алдаберген, Зираш, Жұмаберген, Люба, Аида, Аманкүл, Алмагүл, Гүлназ, Палмира, Күнзира есімді ұл-қызды дүниге әкеліп, тәрбиелеп, жоғары білім алуына жағдай жасады. 11 баланың 5-еуі білім саласында, 3-еуі медицина саласында, 1-еуі қаржы саласында, 2-еуі ауыл шаруашылығында қызмет жасады, балаларының алды зейнеткер. Абзал әке мен асыл ананың балалары қазіргі уақытта Астана, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Шымкент, Қызылорда қалаларында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы шығар.

Суретте: Пірімжар аға Әлия апаймен және қарулас досы Маханов Қалжанмен.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

Қазалы  ауданы,

Қашақбай  Пірімов  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: