Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шенеуніктер кітап оқи ма?

23.04.2026, 8:00 100

Ақпараттық технологияның қарқынды дамып отырған қазіргі заманында кез келген адамның әртүрлі салада, қалаған тақырыпта, әр бағыттағы ақпараттардан хабардар болуына ешқандай кедергі жоқ екендігі бәрімізге айқын. Интернет пе, электрондық пошта ма, өз қалауыңмен пайдалана аласың. Қазір тіпті кітапты да интернет арқылы оқуға болады. Сонда жастанып жатып оқитын кітаптың заманы біткені ме?! Жалпы, қазіргі адамның кітап оқуға құлшынысы қалай немесе оған уақыты бар ма? Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл – оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген екен. Яғни, қазіргі қоғамның кітап оқуға деген құлшынысы күннен-күнге азайып, марқұм Мұхтар  Шаханов  атамыз  айтпақшы, «Компьютербасты  жарты  адамдар» көбеюде.

Ал енді осы компьютербасты жарты адамдардың арасында билік басындағы буын да бар ма? Әлде шенеуніктер бағзының болыстарындай бола ала ма? Қазіргі шенеуніктердің білім көкжиегі бағзы замандағы болыстардың деңгейімен салыстыруға келе ме? Кешегі болыстарды мінсіз тұлға етіп көрсету орынсыз шығар, бірақ олардың арасында ел сөзін ұғып, жазба дүниеге ден қойған, заманның ағымын түсінуге тырысқан оқыған жандар аз болмағаны рас. Сол заманда кітап оқу сән емес, қажеттілік болған. Неге? Себебі билік жүргізу үшін сөздің салмағын, ойдың астарын түсіну керек екенін білді. Ал бүгінгі шенеунік ше? Қолында барлық мүмкіндік, қолжетімді ақпарат, цифрлық база бар. Бірақ сол мол мүмкіндіктің ішінде тереңдікке ұмтылыс бар ма? Мәселе дәл осы тұста ушығады. Қазіргі басқару жүйесінде есеп көп, есеп беру көп, бірақ есептің артындағы ой сирек. Қағаз толтыру бар, бірақ  мазмұнды  зерделеу кемшін.

Егер бағзының болысы кітапты түсініп оқу арқылы ел басқаруға ұмтылса, бүгінгінің кейбір шенеунігі ақпаратты үстірт шолумен шектелетіндей әсер қалдырады. Ал үстірт білім – тиісінше, үстірт шешімнің бастауы. Ал, ең сорақысы, кітап оқуды қоя бергенде, қазақтілді сауатты шенеунікті кездестіру қиын. Әрине, бұл тізімге бәрі емес, бірнешеуі кіретінін көзімізбен көріп жүргеніміз рас. Егер бүгінгі шенеунік оқуды тек формальді қажеттілік деп қабылдаса, ол кешегі болыстан да көш кейін қалуы мүмкін. Ал егер кітапты ойдың құралына айналдыра алса, сонда ғана басқару сапасы өзгереді. Мақсатымыз – өткен мен бүгінгінің билік өкілін салыстыру емес, биліктегі буынның қандай кітапты қолсерік еткендігін, одан түйгенін жеткізу. Ал, ой таразысын оқырманның  өзіне  қалдырамыз.

Негізгі тақырыбымыздан алыс­тамай тұрып, алдымен кітаптың қаншалықты құнды екенін әлем ойшылдарының сөзімен саралауды жөн  көрдік.

Американдық ойшыл Джим Ронның айтуынша, «соңғы тоқсан күнде кітап ұстамаған адам – ойсыздыққа бір қадам жақындаған адам», сонымен қатар, «сенің кім екенің – не оқығаныңнан білінеді» деген екен. Ал, Фелисите де Жанлис кітап оқитын адамның өресі теледидарға телмірген ортадан әрқашан биік тұратынын ескерткен. Бұл ретте технологияны жоққа шығару емес, керісінше, тұтыну мәдениетінің айыр­масын көрсеткенін аңғарамыз. Бірі ойды тереңдетсе, бірі ойды жеңілдетеді. Бұнымен қоса, әлемдік рейтингте кітап оқу мәдениеті бо­йынша 120 елден 95-орында тұр­ғанымыз, кітап оқу мәдениетінен кенже  қалғанымызды  көрсетуде.

Рухани дамудың қайнар көзіне айналған кітаптың оқылмауы әлемдік өркениеттің, мәдениеттің құлдырауына алып келе жатыр. Еліміздегі жалпы кітап мәселесіне қатысты жағдайдың жай-күйі онша көңіл көншіте бермейді. «Кітап – алтын қазына» деген сөзді халқымыз бекер айтпаса керек. Батыс елдерінде танымал жазушылардың қолжазбасы табыла қалса, аукцион­дарда өте қымбат бағаға сатылады. Былай қарағанда, ол да жай бір қағазда жазылған сөз емес пе? Мәселе оны кім жазғанында болса керек. Оған жазушының репутациясы мен жарнамасын қосыңыз. Кітап, шын мәнінде, ең қымбат құндылық. Идея­ның өзі ойдан сөзге айналып, қалам арқылы кітапқа түседі. Кітаптың құны ішіндегі жазуға байла­нысты. Сапасы мен сөз салмағына қарай  кітапты  бағалаймыз.

Ал, енді негізгі тақырыбымыз­ға көшелік. Осыдан 2 ай бұрын үкіметтің кеңейтілген отырысында прези­дентіміз Қ.Тоқаев қазіргі шенеу­нік­тер ұзақ мәтінді оқи алмайды деп кінәлаған еді. Сондай-ақ, мемле­кет басшысы өз сөзінде «Қызыл­ордада өткен Ұлттық құрылтай отыры­сын­дағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне  кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай сала­тын  мүмкіндік  пайда болды. Бірақ бұл – мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ой­лану қабілетінен айыры­лып қаласыз­дар»  деген  болатын.

Осыдан кейін біршама мәжіліс депутаттары осы пікірді жиі талқыға салып, оның ішінде Бақытжан Базар­бек «Әр жұма күнін кітап оқуға арнау керек» деген ұсынысын тас­та­ған  болатын.

– Өкініштісі  сол, біз  кітап  оқитын ұлт емес, әлеуметтік желіні қолданатын ұлтқа айналып бара жатыр­мыз. Жеке ұсынысым – болашақта жұма күнін ағарту күні деп тағайын­дау. Ол жерде ешқандай құжат­тама, тап­сырма, мемлекеттік қыз­мет болмауы  керек. Мемлекеттік қызмет­керлерді босатып, ол кітапханаға барып, күн­делікті санасын жоғары­латсын. Макиа­вели мен Абайды оқыған мем­ле­кеттік қызметші халық­пен дұрыс жұмыс істей алады, — дейді мәжіліс депутаты  Б.Базарбек.

Депутаттың пайымдауынша, қа­зіргі қоғамда кітап оқу мәдениеті әлсіреп, әлеуметтік желілерге тәуелділік артып барады. Ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейі мен халықпен қарым-қатынас сапасын арттыру үшін олардың дүниетанымын кеңейту қажеттігіне тоқталды. Осы мақсатта арнайы бөлінген күні қызметкерлер кітапханаларға барып, классикалық әдебиет пен саяси еңбек­терді зерттеуі тиіс. Ал, бұл ұсыныс­тың қарапайым халық арасында дауға қалатыны анық. Айтуларынша, «мемлекеттік қызметтегі басшылар онсыз да толық жұмыс­тарын орындап жүрген жоқ, енді әр жұма жұмыс күнін ысырып қойып, кітапханаға барып кітап оқулары қалып еді» деген секілді сынға ілініп жатқандығы  жасырын  емес.

Одан бөлек, Курсив медианың «Әкімдер қандай кітап оқиды?» деп аталатын зерттеуіне көз жүгіртсек, нәтижесінде 5 өңірдің әкімі кітап оқымайды немесе баспасөз бөлімі ЖИ-мен жұмыс істейді деген тұжырымдама жасаған. Өкініштісі сол, сол зерттеудің ішінде «ЖИ-мен дос әкімдер» атауымен Қызылорда облысы­ның  әкімі  де  тізімде  тұр.

Курсив медианың аталмыш сауалына бес бірдей өңірдің әкімдік баспасөзі бірдей жауап берген. Біздің әкімдіктің жауабы да өте жұтаң көрінді. Нақты қандай кітап оқығанын емес, ЖИ арқылы жалпылама жазып өткен. Өкінішітісі, өзге төрт өңірдің берген жауабымен айна қате­сіз  ұқсас.

«Ал кітап таңдауда урбанистика, экономика және мемлекеттік саясат саласындағы әдебиеттерге басымдық беріледі. Бұл еңбектер қалалар мен өңірлерді дамытуға бағытталған практикалық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік  береді» Қарағанды  облысы.

«Ал кітаптарға келсек, экономика және мемлекеттік саясат салаларындағы әдебиеттер оқиды» Маңғыс­тау  облысы.

«Ал, кітап таңдауда урбанистика, экономика және мемлекеттік саясат бағытындағы еңбектерге басымдық береді. Қалалар мен өңірлерді дамытуға қатысты нақты әрі тиімді шешім қабылдауға ықпал ететін сала­лық әдебиеттерді оқиды» Қызыл­орда  облысы.

«Кітаптарға келсек, басты назар урбанистика, экономика және мем­лекеттік саясат тақырыптарындағы әдебиеттерге, сол сияқты көркем шығармаларға аударылады» Алматы  қаласы.

«Кітапқа келсек, урбанистика, экономика, мемлекеттік саясат тура­лы әдебиеттерді оқиды» Астана қаласы.

Бұл, әрине, өз кезегінде біздің өңірге үлкен сын. Осы олқылықты ескере отырып, өңіріміздегі шенеу­ніктермен байланысқа шығып, қандай  кітаптар  оқитынын  сұрадық.

Қызылорда облыстық білім бас­қармасының басшысы Асқарбек Есжанов – ҚР Журналистер одағының мүшесі, лирика жанрындағы кітаптарды көп оқитынын айтты. «Серігім сенсің пәк сезім» атты өлеңдер жина­ғының авторы Асқарбек Темірбек­ұлы «Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев  ағаларымыздың өлеңдерін жастанып  жатып  оқитынмын»  дейді.

– Ілияс Есенберлиннің «Көшпенді­лер» романы мен Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романын, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабын оқығанмын. «Бес қабатты үйдің алтыншы қабаты» атты кітап ұнаған, Ли Куан Ю-дің «Үшінші әлемнен біріншіге» кітабын ерекше талдап оқыдым. Сыр бойында Әділ Ботпанов деген «тағдырлы» ақын өткен, сол ақынның «Өмірзая» кітабын оқығанмын. Бірнеше өлеңін жатқа оқитынмын. Әсіресе ақиық ақын Мұқағали ізіменен жазған «Махаббат диалогы» мен үшін нағыз шедевр болды. Ал, қазір Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят» 2 томдығын оқып жатырмын, — дейді Асқарбек Темірбекұлы.

Демек, басқарма басшысы да ақыл-ойдың азығы кітап атаулыдан алыс  емес  екендігін  байқадық.

Сонымен қоса, билік басындағы буыннан бөлек, ел ішіндегі түрлі мәселеге етене араласып жүрген ел ағаларының да қандай кітаптарды оқитынын сұрап білдік. Оның ішінде, біздің жерлесіміз, саясаткер Әміржан Қосан үйінде екі мыңға жуық кітап жинақталған кітапханасы бар екендігін  алға  тартты.

– Кезінде классикалық, көркем әдебиетті көп оқыдық. Үйімдегі кітап­ханада екі мыңға жуық кітап бар, студент кезден жинағанмын. Шынымды айтсам, бүгінгі авторлардың шығармалары сол дүниелерге еліктеу талпынысы ғана боп көрінеді. Сол себепті әлем әдебиетінің классиктерін қайта оқығанды жақсы көремін. Кітап таңдауға жас та әсер етеді екен, мәселен, жас кезімде мен Достоевский мен Прустты, Кафканы түсінбейтінмін, тіпті қабылдамайтынмын. Қазір болса, олар – менің сүйікті авторларым. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бар, бүгінде электрондық кітап заманы емес пе? Сол гаджеттерді игере бастадым, ең мықтысы, ол бізге орасан зор мүмкіндік береді, мәселен, менің қазіргі хоббиім сол: жыл сайын берілетін Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармаларын оқуға тырысып жүрмін. Олардың бәрі ұнайды деп айта алмаймын, бірақ жалпыадамзаттық тенденция­лардан  хабардар  болуымыз  керек  қой, — дейді  Ә.Қосан.

Заманауи кітап оқу үрдісін қолдайтын саясаткер ағамыз заман ағымына қарай ілесіп, керектіні  үйреніп үлгеруді  құп  көреді.

Расымен де, кітап оқудың үрдісі өзгергенімен, мәдениет қалыптасу барысы өзгермейді. Демек, саясаткер  ағамыздың  да  айтпағы – осы.

Ал, Сенат депутаты Геннадий Шиповских криптология жанрындағы кітаптарды көбірек оқиды екен. Оның айтуынша, Дэм Броунның біршама туындысымен танысып, осы криптология жанрын жиі зерттеп,  қызығушылық  танытады.

– Кітап – бағасы жоғары құндылығымыз. Қазіргі уақытта тарихи, саяси, сондай-ақ, криптология бағытындағы біршама кітапты оқып шықтым. Қазақ кітаптарының алтын қоры – «Абай жолы» романының төрт томын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» туындысымен толық таныс­тым. Саяси кітаптарға келер болсақ, шетелдік автор Генри Кессинджердің шығармаларын жиі оқимын, оның ішінде жаныма ең жақын болып табылған «Мировой порядок» кітабы. Қазіргі уақытта Ю.Н.Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабын қолға алдым. Жалпы адамда бос уақытта айналысатын хобби болады ғой, кітап оқу да мен үшін қазір хоббиге айналған, — дейді Геннадий  Шиповских.

Жасаған зерттеулеріміздің легі осындай. Сауалымызға жасанды интеллексіз, шынайы жауап берген биліктегі  ел  ағаларына  алғыс!

Ал енді аймағымыздағы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың оқырмандары қандай кітаптарды қызыға оқиды? Облыс­тағы оқырмандар саны қандай? Осы және өзге де сауалдарды алға тартып, кітапхана маманымен тілдескен болатын­быз. Сондай-ақ, 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай облыстық кітапхана қандай жұмыстар жүргізуде? Оны  да  біліп  қайттық.

– Ә.Тәжібаев атындағы Қызыл­орда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталық болып саналады. Кітапхананың тарихы 1867 жылдан басталатын байырғы мәдени ошақтардың бірі. Кітапхананың кітап қоры – 434071 дана. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басы­лымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді. Соның ішінде сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы. Қорда 1000 дана сирек және құнды басылымдар бар. Кітапхана 32000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Кітап берілімі – 517764 дана. Ал, келушілер саны 183386 адамға жетіп отыр.  Ең қарт оқыр­манымыз 85 жастағы қария, ал ең кіші оқырманымыз – бес жаста. Бүгін­де кітапханмызда Ұлттық кітап күніне орай онкүндігіміз өтіп жатыр, — дейді оқырмандар бөлімінің маманы Бақтыгүл  Мырзалықызы.

ХІХ ғасырда фин халқы өзін ең сорлы, артта қалған ең мешеу ел санаған екен. Содан олар баяғы заманнан  бері келе жатқан «Калевала»  дейтін эпосын қайта жаңғыртып, оған бір меценаты бар ақшасын са­ла­ды. Оған дейін финдердің әдебие­ті негізінен швед тілінде дамыған. 1809 жылға дейін Финляндия швед корольдігінің құрамындағы елеусіз жатқан бір ел болатын. «Калевала» шыққаннан кейін фин халқының өмірінде өзгеріс болып, жоғалт­қанын қайта тапқандай, біртіндеп ұлттық жаңғыру басталыпты. «Калевала» қазір Финляндияның ұлттық мақтанышына айналып отыр. Оны әлем әдебиетіндегі баламасы жоқ бірегей эпос деп баяғыда бүкіл елге мойындатып  тастады.

Сондай-ақ, финляндияның Турку қаласындағы Аура өзенінің жағалауында орна­ласқан «Consensus» («Келісім») атты мүсін – сырт көзге қара­пайым көрінгенімен, астарында терең фило­софиялық мән жатқан туынды. Оның  авторы – фин мүсіншісі Пертти Мякинен. Ал халық арасында бұл мүсін бейресми түрде «Батып бара жатсаң да, үйренуді тоқтатпа!» деген атаумен  кеңінен  танылып  кеткен.

Мүсіннің  басты ерекшелігі де осы – оның су деңгейімен «өмір сүруі». Өзен суы көтерілген сайын мүсін біртіндеп су астында қалып, кейде тіпті толықтай көрінбей кете­тіндей әсер қалдырады. Бірақ дәл осы көрініс оның мәнін ашатын негіз­гі  символға  айналған.

Алайда бұл туындының айналасындағы түсіндірулердің барлығы бірдей біржақты емес. Ресми атауы – «Келісім». Демек, автор бастап­қыда қоғамдағы үйлесім, ортақ мәміле, пікір үндестігі идеяларын жеткізуді көздеген болуы мүмкін. Дегенмен, дәл осы «бейресми мағына» бүгінгі заманмен ерекше үндеседі. Ақпарат тасқыны күшейген, ой үстірттенген кезеңде бұл мүсін үнсіз ғана маңыз­ды сұрақ қояды: адам қиындыққа тап болғанда ең алдымен неден бас тартады? Көп жағдайда ойланудан, іздену­ден, үйренуден. Ал «Consensus» сол әлсіздікке қарсы символ іспетті.

Бір қарағанда, су жағасындағы мүсін қоғамның интеллектуалдық күйін өлшейтін үнсіз индикатор іспетті. Егер адам оны тек «ерекше инсталляция» деп қабылдаса, онда мәселе мүсінде емес. Ал егер одан «білімнен бас тартпау» туралы ишара көрсе, демек ол әлі де ойлана алады деген  сөз.

Сондықтан «Батып бара жатсаң да, үйренуді тоқтатпа!» деген тіркес – бүгінгі адамға қойылған талап. Өмір ағысы қатты болған сайын, ойлау  қабілетін  сақтау  ең  үлкен күрес­ке  айналмақ.

Қорытындылай  келе, мәселе – кітаптың тағдырында емес, оны қажет ететін санада. Бүгінгі қоғамда ақпарат бар, мүмкіндік бар, қолжетімділік бар. Жоқ нәрсе – соның бәрін терең игеретін ниет пен мәдениет. Ең алаңдатарлығы, бұл үрдіс қарапайым оқырманмен шектелмей, шешім қабылдайтын  деңгейдегі  буынға  дейін  жетіп  отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «шенеуніктер ұзақ мәтінді оқи алмайды» деген сын да осыған саяды. Ал  кітап  оқуға  уақыт таппайтын, терең  мәтінге  төзімі  жетпейтін шенеунік  күрделі  қоғамды  қалай түсінбек?  Түсінбеген  дүниесін  қалай басқарады?  Біздегі  сауал – осы.

Перизат  ЗАХРАДИН

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: