Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қара қазан» туралы не білесіз?

04.07.2020, 9:35 2837

HALYQLINE.KZ «Қазан» деген сөздің мағынасын зерделесек, ол – дәстүрлі қазақ қоғамында отбасының ырыс-несібесінің, берекесінің символы ретінде ерекше қастерленіп, қасиетті саналатын ас пісіретін ыдыс. Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.

Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Мысалы, Түркістандағы «Тайқазан». Бұл – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұрамыз, тұтастығымыздың, игілікті істердің символы. 1399 жылы Әмір-Темір Яссауи, Арыстан баб кесенесін салғанда жеті түрлі металдан қазан құйғызған. Тайқазанды құйып біткенше жеті имам дұға оқып отырған. Тайқазанға 70 малдың етін салып, бір шаммен қайнатып, құрылыс салған адамдарды тамақтандырған. Оны «Алланың қазаны» деп атады. «Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген хадис бар. Осыны білген адамдар ғана қазан құйдырып, баласына «мен өлгеннен кейін мына қазанға су толтырып, жолға қой, ел су ішсін» деп аманаттаған. Одан су ішкен адам дұға қылған.

 «Қазаның толы болсын», «Қазаның оттан түспесін» дегені – қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан алғысы, батасы. «Қазаның қайнамасын» деген қарғысты да қалдырған қазақ. Келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдеткен, бұл жоралғысына «Жарысқазан» деп ат қойған да – қазақ. Сыйлас, құралпылас адамдар «қазан шегелей келдік» деп астарлап бір-біріне қонаққа барған.

Тарихтың атасы Геродот: «Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан» деп жазады. Қазан қазақтың қорғаны да болды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып аман алып қалған. Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айрылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқарашылық болып саналған. Мысалы, тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп, қазанын алып кетеді. Тағы бір мысал, Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетеді. Бекболат би мұның астарын түсініп, қазанға ет асып, өлтірем деген райынан қайтыпты. «Абылай тегін адам емес, Алланың адамы» деп айтқан.

Қазақтың «Жеті Жарғы» аталып кеткен Тәуке хан тұсындағы заңының «Жеті ауыр айыбы» заңнамасының бірінші айыбы «Қара қазан» деп аталады. Оның жазасы – айыпкер шаңырағының ортасына түскендігінің белгісі және құлдыққа салады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: