Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық акция өтті

19.04.2026, 13:15 279

Бүгін Қызылорда облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық тазалық акциясы өтті.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған шара барысында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар мен көпшілік зиярат ететін аумақтарда көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ағаш отырғызу, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Игі іске облыс тұрғындарымен бірге мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен жастар белсене қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады» деп, бұл бастаманың маңызын айқындап берген болатын.

Қазақ халқының дүниетанымында қорымдар мен кесенелер тек жерлеу орны емес, ата-баба рухына тағзым ететін, өткенге құрмет көрсететін қасиетті мекен саналады. Сондықтан мұндай орындардың тазалығы мен күтімі қашанда айрықша мәнге ие. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы да осы ұстанымның терең тамырын аңғартады.

Осындай тағылымы мол шаралар арқылы қоғамда тазалық мәдениеті қалыптасып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрмет те нығая түседі.

Айта кетейік, Қызылорда облысында 72 нысан киелі орындар тізбесіне енген. Соңғы жылдары қасиетті кесенелерде жергілікті бюджет пен демеушілердің қолдауымен жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылымы жақсартылған.

Акция аясында өңірдегі 200-ге жуық қасиетті орын мен зират аумағын тазалауға 20 мыңнан астам тұрғын қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: