17 сәуірде Алматы қаласында жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығу өтеді. Іс-шара «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің аумағында ұйымдастырылады. Қалалық жедел штабтың мәліметінше, оқу-жаттығу таңғы сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін Каппаров көшесі, 167 мекенжайында өтеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жаттығу барысында жаппай адам жиналатын нысандарда туындауы мүмкін қауіп-қатерлер кезіндегі жедел әрекет ету алгоритмдері пысықталады. Яғни құқық қорғау органдары мен өзге де қызметтердің үйлесімді іс-қимылы түрлі сценарий бойынша тексеріледі.
Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан сабыр сақтап, оқу-жаттығуға тартылған мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талаптарын орындау сұралды. Сондай-ақ мамандар тек ресми ақпаратқа сүйеніп, жалған хабар таратпауға шақырды.
Билік өкілдері мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайлар мен терроризм қатері туындаған кездегі қызметтердің дайындығын тексеру үшін тұрақты түрде өткізілетінін еске салды. Сонымен қатар заңды талапқа бағынбағандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 443-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені айтылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!