Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әр істің астарында ұлттық идея болуы керек

16.04.2026, 7:00 119

Сыр бойы географиялық қалыпты аймақта орналасса да, бұл жақтың жазғы аптап ыстығы мен қыс­қы циклондық ақырған аязды желі адам денсаулығы үшін тым ыңғайсыз. Бізде дені саудан ауру адам көп сияқты. Әйтпесе өркение­ті дамып, Алаштың анасы атанған Сыр бойы халқының саны миллионнан асқан қуатты ел болар едік. Халқымыз ғасыр­лар бойы бұған шыдап өмір сүріп келе­ді. Енді бізде климат осы бойы қала бермек емес. Қалауын тауып, көркем климатқа ие болсақ, денсаулық кепілі – зор  байлыққа  мәңгі ие болар  едік.

Бұрын кеңестік кезеңде менің бір танысым Ирак еліне іссапармен барып, бірден жер бұрғылап, мұнай шығаруға кіріскенін айтқан еді. Ал жақын маңайында американдықтар күнделікті тұратын үйлері мен шомылатын хауызын салып, жағымды жағдай жасап алған соң ғана бұрғылау ісіне кірісіпті. Бірақ американдықтар  істерін біздің мұнайшылардан бір ай бұрын бітіріп  кетіпті.

Ал біздің аптап ыстық пен аязды желде қандай іс өнімді болады дейсіз? Биік соғылған ғимараттар мен қала үстінен төнетін биік ағаштарды өсіріп, жазда көлеңке, қыста желге пана жасап алсақ, жанға жайлы болып, іс өнімі де артуы айқын. Бізде бір түпте үш-төрт ағаш өсіп тұрғанын көрдім. Оның біреуін қалдырып, басқасын кесіп тастасақ, ол ағаш биік өседі. Ал тығыз өскен ағаштар биік өспейді. Біздің жерге аса биік өсетін ағаштар әкеліп өсіру қиын проблема  емес.

Бұрын біздің ауылда бір кісі асығып жеткен жеріне отыра салып, балаларына «кесек әкел» деп айғайлайтын. Жекеге жер телімін беруден әуелі қаланың бас жоспарын жасап, сосын үлкен көшелер бойына тек сәу­лет­ті, бірі-бірінен әсем, биік үйлер тұрғызуға қана рұқсат ету керек еді. Оның бірінші қабаты сауда мен кәсіпкерлік, т.б. орындарға арнал­ғаны дұрыс. Жер иелері өз білгенін жасаса, даңғыл сәулеті бұзылады. Әлі жетпесе, екі мекеме бірігіп, кіреберісі бөлек, үлкен көше бойына биік сәулетті бір үй тұрғызса болады  ғой.

Бізде бір қабатты үйлер көшелерінің бірінен екін­ші көшеге өту үшін көше­нің басына дейін біраз жү­ріп, жақын тұсына айналып өтеміз. Яғни бір қабатты жеке үйлер арасында өтпелі саңылау болғаны дұрыс. Бұл әуелі мектеп балалары үшін де өте қолайлы және бұл саңылау төтенше жағдайлар үшін де аса қажет. Сосын тағы бір жол, қоғамдық көлік жанындағы көше адамдарын тасып, жолау­шыларды көп күттірмей жиі қатынайды. Сондықтан жіберген қателерді қайта түзетіп, қажетті жерлерде үйлерді бұзуға тура келеді. Яғни бір қабатты үйлер арасынан келесі көшеге өтетін арнайы саңылау жасалса, бұл бәрінен де сауапты іс болады. Тағы бізде автобус жүруіне тым ыңғайсыз ұзын көшелер де бар. Осындай жерлерге ойланбастан тез саңылау жасап, халықтың ризашылығына ие болу керек. Мұндай сауапты іске келіскен, бұзылған үйлердің иелері Алланың рақымымен қараусыз қалмайды. Өткел мен көпір – бірдей функция­лық түсінік. Мұны барлық діни кітаптарда ескертеді. Рақымшылықты осындай істерден  бастау  керек.

Сонымен бірге, жол-көлік қауіпсіздігін сақтау үшін адамдар көп өтетін көше жолдарына жерасты өткел жолы салынса, бұл жаяу­лар мен жол көліктеріне де ыңғайлы болар еді. Әсіресе, мектеп балалары үшін аса қажет. Бұл өткелде сауда мен кәсіпкерлік бөлімдері болуы оның құнын ақтайды. Қыста жылы, жазда салқын өткелде ауылдан әкеліп сүт өнімдерін сатуға болады. Биік, әсем үйлердің бой көтеруіне байланысты С.Бейбарыс көшесі көліктер тығыз қатынайтын даңғылға айналды. Сондықтан бұл көшеде көліктерге кедергі және жазатайым оқиға болмауы үшін мектептер тұсынан көпір өткелін құрып, қауіп­тің алдын алу керек. Бір бала­ның өміріне ол көпірдің құны  жетпейді.

Көппәтерлі үйлер мен жеке жер үйлердің қабырға жағында терезеленген дәлізі болуы қыста суыққа, жазда ыстыққа пана болып, тағы басқа да тұрмыстық қажеттілікке пайдаланса, энергия да сақталады. Үш бөлмелі пәтерлі үйден гөрі екі және жанында бір бөлмелі пәтерге ие болуы барлық жағынан да тиімді. Яғни, бұл келін түсіру үшін өте қолайлы. Әйтпесе кейбір ұялшақ қыз­дар пәтер­лі үйге барғысы келмейді. Өзбектер келін түсіруден бұрын аула ішіне арнайы бөлек үй салады. Пәтерлі үйлерді мақсатқа сай етіп жобалау – заман талабы. Подъездің бір есігінің ішінде екі және бір пәтер болса, тым жақсы. Сонда жас отбасылардың ажырасуы да аз болуы мүмкін. Бізде демографиялық өсім құлдилап барады. Бұның есебін ертерек таппасақ, ертең бұған мүлде әліміз жетпей қалуы мүмкін. Біз табиғи бай, кең елміз. Сондықтан бұларды меңгеру үшін, әсіресе, бізге ұлттық қол күштері қажет. Егер халқымыз саны екі есе болса, алатын айлық жала­қымыз менің есебімше кемінде төрт еседей болып және экономика тұрақты дамып, әртүрлі қиын проб­лемаларға әліміз жетер еді. Демек, бұның амалын табу керек. Отандық тауарларды тұтынушылар аз болса, ол өндіріс тым жақсы дамымайды. Яғни әр істің астарында ұлттық идея болуы керек.

Бізде су жоқ емес. Сары­арқада еріген қардың тас­қын суын әлі де пайдаланбай келе­міз. Осы тасқынның алдын алып, жердің геодезиялық деңгейін анықтап, арықтар мен канал жүйеле­рін құрып алсақ, кәдімгі таби­ғи тау суына ие боламыз. Яғни бұл топан суға жатпайды. Осы ішкі барлық сумен орталық аймақта үлкен су қоймасын салсақ, оның айнала атырабы қыс­та жылы болып және антициклонның сәл бәсеңдеуі­нен жайлы климат­қа ие болуымыз ықтимал. Тіпті бұны кеңестік кезеңде амал­ға асыру­ға да болар еді. И.Сталин алыс солтүстікте трансполярлық магистра­лін салып бастаған екен. Қазір техника дамыған кезде бұл суларды оңтүстікке бұру қиын проблема емес. Сарыарқаның бұл тас­қын сулары тек өзімізге әзірге жетеді. Осындай ірі инфрақұрылымды ертерек құрып алуымыз керек. Бұрын жапондар Байкал көлі суын сұраған екен дейді. Бізге де экологиялық таза ауызсу керек. Басқа жақтың суы мөлдір әрі өте дәмді. Ал біз Сырдың шайынды суын ішіп келеміз. Тағы ол суға есептегіш қойыпты. Ұлы болашаққа қадам бастық. Біз заманға сай озық ұлттық қоғам  құрамыз.

Соққан аязды жел біз­дің жалаң далада жердің жылуын алып кетіп жатыр. Бізде сексеуілдер аласа өседі екен. Аязды желге пана етіп тораңғыл, жиде, т.б. биік өсетін ағаштарды отырғызып, орман қожалыған дамытып алсақ, іші аңға толып, жанға жайлы климатқа ие боламыз. Сонда біз миллиардтаған энергетикалық шығынды сақтап және ерте көктемнен бастап көкөніс­терге қол жетсе, сыртқа кеткен азық-түлік шығыны да азаяды. Құрма мен анардың суыққа шыдамды, т.б. жаңа сорттарын Сыр бойына тез жеткізу керек. Оларды өзіміз алып келмесек, бізге ешкім әкеліп бермейді. Климатты сәл жұмсартып алсақ, Сыр бойында тіпті зәйтүн ағашына дейін өсіруге болады. Еліміздің оңтүстік орталығы Сыр бойының жемістері көршілес жақын аймақ­тарына  тез  жетеді.

Қаламыз әсем болса, облыс орталығында халықара­лық спорт ойындарын өт­кізуге әбден жарасады. Сәнді сәулетімен бой көтер­ген, көгалданған көркем және жемісті қаламызға қызыққан туристер ағылып келе бастайды. Бұл да – экономикалық кіріс. Алаштың анасы атына сай Сыр елін көркем етейік.

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

инженер.

Қызылорда  қаласы

Фото: Н.Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: