Арал ауданына арнайы сапармен ЮНЕСКО-ның Ғаламдық геопарктер кеңесінің мүшесі, ЮНЕСКО-ның «Кешм» (Иран) Ғаламдық геопаркінің ғылыми үйлестірушісі Алиреза Амирказеми, сондай-ақ Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің жаратылыстану ғылымдары бағдарламалары бойынша маманы Елена Осипова келген болатын.
Сапар аясында шетелдік сарапшылардың қатысуымен Арал геопаркінің Сапар орталығында «Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі жағдайында туризмді, ғылымды және технологияларды дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында өңірдің экологиялық ахуалы, климат өзгерісіне бейімделу тетіктері, геопаркті дамытудағы ғылыми және инновациялық тәсілдер жан-жақты талқыланды. Қатысушылар тұрақты туризмді дамыту, табиғи мұраны сақтау және халықаралық тәжірибені енгізу бағытында өзара пікір алмасты.
Іс-шарадан кейін сарапшылар Аралдың рухани ордасы саналатын «Руханият» орталығына табан тіреді. Мұнда қонақтарға қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Дәстүрлі шашу-шашу рәсімі көрсетіліп, этно-бағдарлама аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «бесікке салу» және «тұсаукесер» сынды көне ғұрыптар сахналанып, шетелдік меймандар қазақ халқының рухани мұрасына ерекше қызығушылық танытты.
Сапар барысында делегация тарихи-өлкетану музейінде де болды. Мұнда Арал өңірінің өткені мен бүгінінен сыр шертетін құнды жәдігерлер мен деректер ұсынылды. Сарапшылар аймақтың тарихи-мәдени ерекшеліктерімен танысып, өңірдің туристік әлеуетіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар, шетелдік қонақтар геопарк серіктестерімен танысу мақсатында бірқатар өндірістік және білім беру нысандарын аралады. Атап айтқанда, Индустриалды-техникалық колледжде кәсіби білім беру жүйесімен танысып, жергілікті мамандар даярлау ісіне назар аударды. Тігін цехы мен сода өндірісінде болып, өңірдегі шағын және орта бизнестің даму барысын, өндірістік мүмкіндіктерін көрді.
Аталған сапар Арал геопаркінің халықаралық деңгейде танылуына, тәжірибе алмасуға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруға тың серпін берді
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!