Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария ауданында Алмагүл Божанованы еске алуға арналған облыстық мүшәйра өтті

11.04.2026, 0:05 34

Бүгін аудандық мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Алмагүл Божанқызының 80 жылдығына орай «Елі сүйген, елін сүйген қайраткер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Тағылымы мол іс-шараға Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев, қоғам қайраткері, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Хожбанов, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, сондай-ақ Алмагүл Божанованың замандас достары мен туыстары қатысты.

Жиында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Алмагүл Божанқызының ел дамуына қосқан сүбелі үлесіне тоқталып, оның саналы ғұмыры мен елдік жолдағы еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты. Аудан басшысы қайраткер тұлғаның ағарту саласындағы қызметтен бастап, партия және атқарушы билік құрылымдарында, аудан мен облыс деңгейіндегі жауапты лауазымдарда абыроймен еңбек еткенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Тереңөзек ауданының сақталып қалуы жолындағы табанды ұстанымы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегін ерекше атады.

Іс-шара барысында қоғам қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әріп Хожбанов және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қатира Жәленова сөз сөйлеп, Алмагүл Божанованың ел мүддесі жолындағы еселі еңбегі, өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі және артында қалған өнегелі істері жайында ой бөлісті.

Мүшәйрада облыстың жас ақындары қайраткер тұлғаға арнаған жырларын оқып, көпшілікке рухани әсер сыйлады. Байқауға барлығы 12 ақын қатысып, дода екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар Алмагүл Божанқызына арналған арнау өлеңдерін ұсынса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы шығармаларын оқыды.

Байқау қорытындысында үздік танылған қатысушылар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: