Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты жаза күшейтілуі мүмкін. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің мәлімдеуінше, қазір жануарларға зиян келтіргендер мен оларды өлтіргендерге қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату мәселесі қаралып жатыр.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аң-құстарға залал келтіргендер үшін ең ауыр жаза 30 күнге дейін бас бостандығынан айырумен шектеледі. Енді бұл норманы күшейту ұсынылған. Егер бастама қолдау тапса, жануарларға зиян келтіргендер алты айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал жануарларды өлтіруге қатысты жаза бұдан да қатаң болмақ. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, Қылмыстық кодекстің 316-бабында қазір мұндай әрекет үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Алайда бұл мерзімді бес жылға дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Бұған қоса, нақты жағдайға қарай айыпталушының мүлкін тәркілеу мәселесі де қаралуы мүмкін.
Сонымен бірге Мәжілісте әкімшілік жауапкершілікті де қатаңдату талқылануда. Атап айтқанда, жануарларға қатыгездік танытқандарға салынатын айыппұл көлемін арттыру көзделіп отыр. Бұл бастамалар қоғамда жиілеп кеткен қатыгездік фактілеріне құқықтық тұрғыдан қатаң тосқауыл қоюға бағытталған.
Жалпы, бұл өзгерістер жануарларға адамгершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, оларды қорғау тетіктерін күшейтуге және заң алдындағы жауапкершілікті нақтылай түсуге жол ашуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда иттер мен мысықтарды чиптеу мәселесі де көтерілген еді.
Фото: Алматы әкімдігі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!