Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі, Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдады. Кездесу барысында қазақ-корей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен алдағы перспективасы кеңінен талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы ықпалдастықтың қарқынына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы Қазақстан корей халқына және Корея Республикасының даму тәжірибесіне әрдайым ерекше құрметпен қарайтынын айтты. Сонымен қатар Астана екіжақты кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кан Хун Шиктің Қазақстанға арнаулы өкіл ретінде жасаған сапарының маңызын ерекше атап өтті. Президент бұл сапардың екі ел арасындағы саяси диалогты жандандырып, өзара сенімді нығайтуға тың серпін беретінін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге өзінің ыстық ықыласын жолдады.
– Сіздің сапарыңыз қазақ-корей ықпалдастығын одан әрі нығайту тұрғысынан өте маңызды. Бірлескен күш-жігердің арқасында елдеріміздің ынтымақтастығы арта түсетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Кан Хун Шик қонақжай қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, Корея Республикасы Президенті Ли Чжэ Мёңнің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді. Сонымен бірге ол Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткен референдумның табысты нәтижесіне орай корей тарапының құттықтауын жеткізді.

Арнаулы өкілдің айтуынша, Сеул Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейтуге айрықша мән береді. Сондай-ақ Корея тарапы әртүрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі.
Кездесуде екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, қазіргі жаһандық нарықтағы сын-қатерлер жағдайында энергетика, көлік және логистика бағыттарындағы ықпалдастық аясын кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар бұл салалардағы әріптестікті тереңдету екі ел экономикасының өзара байланысын күшейтіп қана қоймай, өңірлік тұрақтылық пен орнықты даму үшін де маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында Кан Хун Шик Корея Республикасы Президенті Ли Чжэ Мёңнің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Корея Республикасына сапармен келуге және биыл қыркүйек айында Сеул қаласында өтетін «Корея – Орталық Азия» саммитіне қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысы бұл шақыруды ықыласпен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтырып, Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы көпжақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.
Сарапшылардың пайымынша, мұндай кездесулер Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы саяси сенімді бекемдеп қана қоймай, нақты экономикалық жобаларға жол ашатын маңызды дипломатиялық қадам саналады. Бұл әсіресе халықаралық тұрақсыздық күшейген кезеңде серіктес елдер арасындағы өзара түсіністік пен бірлескен іс-қимылдың маңызын арттыра түседі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!