Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интернет алаяқтықтан қалай сақтанамыз?

09.04.2026, 7:20 35

Елімізде интернет алаяқтық өршіп тұр. Аңқау адамдар алаяқтардың қақпанына түсіп қалатын оқиғалар азаймай отыр. Жуырда Бас Прокуратура 121 адамды алдап, миллиондарды қалтасына басқан алаяқты құрықтады. Құзырлы мекеме таратқан мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласының 31 жастағы тұрғыны интернет желісін пайдалану арқылы 121 азаматты алдап, 8,9 млн  теңге  иемденген. Оған сот үкімімен 3 жылға бас бостандығын шектеу  жазасы  тағайындалған.

«С» есімді азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake_87057380827» деп аталатын жалған парақша ашып, бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланған. Азаматтарды «Салған ақшаларын еселеп қайтарамын» деп алдап, «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесі арқылы жәбірленушілердің қаражатын иемденіп отырған» делінген ресми хабарламада. Сот талқылауында сотталған азамат кінәсін толық мойындап, жәбір­ленушілерге келтірілген мүліктік залал­ды  толығымен қайтарған. Қазір ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп  жатыр.

Мұндай оқиға көп. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-маусым айла­рында Ішкі істер министрлігі ин­тер­неттегі алаяқтыққа қатысты  9,4 мыңнан астам оқиғаны тіркеген. Интернетте қаптап кеткен алаяқ­тардың құрбаны болмау үшін не істеу керек? Цифрлық кеңістікте үнемі сақтықты қажет ететін гигие­на қағидалары бар. Соларды мүлтіксіз орындаған жағдайда ғана киберкеңістігіңізді қорғай аласыз. Егер ондай қағидаларға немқұрайды қара­саңыз, қаржылық алаяқтардың тұзағына  түсу  тәуекеліңіз  артады.

Осы жерде киберқауіпсіздік сақ­тауға көмектесетін мамандардың кеңесіне жүгінейік. Бірінші қағида – жеке деректерді ешкімге айтпаңыз. Ешқашан және ешкімге, әсіресе, бейтаныс адамдарға, өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін жібермеңіз. Сондай-ақ, картаның толық деректемелерін, әсіресе, артқы жағындағы үш таңбалы кодты, SMS-пен келетін кодты және өзге де жеке ақпаратты айтпаңыз. Күмәнді сілтемелер бо­йынша өтпеңіз, белгісіз дереккөздерден  лицензияланбаған қосым­шаларды  жүктемеңіз.  Бұл өте маңызды.

Құпия деректерді жоғалту көп жағдайда оларды үшінші тұлғалар­дың заңсыз пайдалануына жол ашады. Алаяқтар сіздің қаржылық шоттарыңыз туралы мәліметтерді алу үшін алдаудың түрлі тәсілін, соның ішінде фишингтің көмегімен алдау тәсілдерін ойлап табады. Мысалы, әртүрлі  байқау, ойындардың, қомақ­ты ақша ұтатын сауалнамалардың көмегімен аңқау адамдарды олар құрығына жиі түсіреді. Фишинг парақшаларда олар өзінің, кейбір жағдайда төлем картасы туралы деректерді оп-оңай жария етеді. Әлеуметтік желілерде және мессенджер­лерде кейбір пайдаланушы өз нөмірлерін жариялайды немесе өзінің  ЖСН-ін көрсетеді, әлеуметтік желілерге суреттерін қойып қояды, тұрған жерін көрсетеді, гаджеттерден ақпаратты оқитын қарақшылық қосымшаларды жүктеп алады. Содан кейін ойланбастан поштамен өзінің таныстарына электрондық-цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) жібереді және тағы да сол сияқты әрекеттер жасайды. Осылайша, адамдар алаяқ­тардың арбауына түсіп, өзі және өзінің банктік шоттары жөнінде нақты ақпаратты бергенін білмей де қалады.

Екінші қағида – антивирус көмектеседі. Есте сақтайтын нәрсенің бірі өзіңіздің цифрлық кеңіс­тігіңізде кезең-кезеңмен «толық тазалау» жүргізіп отыруды әдетке айнал­дырыңыз. Ол үшін анти­вирусты пайдаланыңыз. Толассыз ақпарат легінде алаяқтардан келген хатты, сондай-ақ сіздің пошта жәшігіңізді немесе әлеумет­тік желідегі аккаунтыңызды бұзу туралы хабарды байқамай қалуыңыз да мүмкін. Сол себепті өзіңіздің гаджетіңізді жиі таза­лап,  ретке  келтіріп  отырғаныңыз абзал. Атап айтқанда, поштаны қарап, спам және күмәнді хаттарды жою, оларды жіберу­шілерді бұғаттай отырып, әлеу­меттік желілердегі керек емес пошталық жіберілімдер мен қызық­ты жазылымдардан шығу қажет, уақыт өткен сайын қажетсіз дерек­терді жоюға арналған кэшті тазалап отыру  қажет.

Егер сіз кейбір пошта жәшіктері мен интернет-сервистерді ұзақ уақыт пайдаланбасаңыз, оларды жойған дұрыс. Біріншіден, ол жерде сіздің жеке деректеріңіз, мүмкін банк карталарының нөмірлері болуы мүмкін. Олар бұзылған жағдайда, қаскүнемдер сіздің шоттарыңызға қол жеткізе алады. Екіншіден, егер сіз барлық сервиске бірдей құпия сөзді қолданған болсаңыз, онда кибер­алаяқтар қолданыстағы есептік аккаунт­тарға  кіре  алады.

Сіздің гаджетіңізге алаяқтық шабуыл­дар жасалған жағдайда оларды сенімді бұғаттайтын анти­вирустық  бағдарламаны жаңартуды ұмытпаңыз. Сондай-ақ, банктік шоттарға кіру үшін жалпыға ортақ  wi-fi кіру нүктелерін пайдалану қауіп­ті. Кіру үшін онда қауіпсіздік сертификаттары пайдаланылуы мүмкін, оларды байқамай, қас­күнемдердің мобильді банкингке және басқа да маңызды сервистерге қол жеткізуіне мүмкіндік  бересіз.

Үшінші қағида – күрделі және әртүрлі парольдерді қолданыңыз. Цифрлық гигиена сіздің аккаунт­тарыңызға және әлеуметтік желілердегі жеке кабинеттеріңізге, поштадағы және әртүрлі, соның ішінде қаржылық қосымшалардағы қолданыстағы парольдердің қауіпсіздігіне әкеледі. Парольдің күрделілігі – оны табуға немесе қандай да бір әдіспен, мысалы, барлық болжамды нұсқаларын қойып шығу арқылы біліп алуға жұмсалатын уақытты бағалау өлше­мі. Егер сіздің пароліңіз атыңыз­дан, тегіңізден, туған күніңіз немесе басқа күндерден тұрса, мысалы, November2021, онда оның сенімділігі өте төмен. Осал парольдерде, әдетте, мағыналы комбинациялар қолданылады, оларда да белгілі бір заңдылық байқалады. Мұндай парольдердің мысалдары: QweAsd123, Qaz1Wsx2@ немесе Qwerty12345 (пернетақтада бұл  әріптер  қатар  орналасқан).

Бұзуға төтеп бере алатын пароль, әдетте, тікелей мағыналық жүктемесі жоқ, әртүрлі регистрден, сандардан және арнайы таңбалардан тұратын 10 немесе одан да көп таңбалардың комбинациясы болып саналады, мысалы: Rgylj@U64i. Сондай-ақ, сіз пайдаланатын қызмет үшін күрделі кіру кодын жасай алатын арнайы бағдарламалар бар. Бірақ мұндай құпия сөздерді есте сақтау қиын. Парольді құрастыру кезінде сізде қандай да бір ассоциациялар тудыратын көріністерді, мысалы, сүйікті өлеңіңіздің бір жолын алып, олардың орналасу ретін өзгертіп, оның алғашқы әріптерін қолдануға болады. Парольді сіз үшін маңызды цифр­лармен және символдармен күшейтіңіз. Ең бастысы, пароль­ді қағазға жазбаңыз. Жаңа комбинациялар жасай отырып, порольді жиі ауыстырып отырыңыз. Оларды ешқашан  ешкімге  бермеңіз!

Төртінші қағида – құпиялық талап­тары бәрінен маңызды. Авторизациялаудан  өтпеген  дүкендердің  қосымшаларын телефоныңызға жүк­те­меңіз  және  құпиялылық та­лап­тарын мұқият бақылап отырыңыз. Өз гаджеттеріңізге тек қана ресми дүкен­дердің қосымшаларын жүктеңіз, қарақшылық софтты жүктемеңіз. Қосымшаларды жүктемес бұрын пайдаланушылардың пікірлерімен мұқият танысып шығыңыз және қосымшаны әзірлеушілер оны жүйелі түрде жаңартып отыратынына көз жеткізіңіз (ресми дүкендерде соңғы жаңартылымдардың күні міндет­ті түрде көрсетілуі тиіс). Уақыт аралығында орнатылған қосымшалардың тізімін тексеріп тұрыңыз, ұзақ  уақыт бойы жаңартылмаған ескі қосымшаларды жойып тастаңыз. Егер картаңызды ақылы қосымшаларға бекіткіңіз келсе, бұл үшін виртуалды  картаны  пайдаланыңыз.

Қосымшаларды жүктеген жағ­дайда бағдарламаға сіздің деректеріңізді, жүріп-тұрған жеріңізді аңдып, байланыс нөмірлерінің тізімі мен камераңызға кіруге рұқсат беру қажет пе, жоқ па сол туралы ойланыңыз. Мұны тек қажет жағдайда ғана, мысалы такси қызметіне сіздің нақты орналасқан жеріңізді анықтау қажет болған жағдайда жасау­ға болады. Цифрлық қауіпсіздік жө­ніндегі кейбір сарапшы пайдаланушылардың дербестігін арттыру мақсатында ноутбук­тердің камераларын желімдеп тастауды ұсынады. Егер сіз қосым­шаның талаптарынан күмәндансаңыз, одан бас тартып, басқа әлде­қайда сенімді қосымшаны таңдау­ға құқылысыз. Пайдалану­шының келі­сімін жаңарту кезінде онымен мұқият танысып, барлық талапты  жақсылап  оқып  шыққан  абзал.

Бесінші қағида – файлдардың сақтық  көшірмесін  жасап  отырыңыз. Сыртқы USB-тасымалдағышқа ма­ңызды файлдардың сақтық кө­шір­месін үнемі жасау керек. Бұл опция теңеулер конфигурациясын, барлық қосымша мен жеке ақпарат­ты сақтау үшін жасалған. Мұндай функция жоғалған құрылғыдан  дерек­терді қалпына келтіруге және гаджет жоғалған немесе бұзылған жағдайда оны жаңасына көшіруге көмектеседі. Егер сіз нөмірі банктік картаңызға тікелей байланған телефонды жоғалт­қан бол­саңыз немесе одан да жаманы, ол ұрланған болса, дереу қызмет көрсе­тетін банкке хабар­ласыңыз. Картаңызды бұғат­тауды сұраңыз, кейін  оны қайта шығаруға тура келеді. Сіздің шотыңыз  бойынша операция­лар соңғы рет қашан жасалғанын банктен нақ­тылаңыз. Егер алаяқтар картадан қаражат алып үлгерсе неме­се сіздің атыңызға «бөтен» біреу несие ресімдеген  болса, онда банкке өтініш жазып, ішкі тергеу жүргізуді сұраңыз. Сіз өз тарапыңыздан барлық сақтық шараларын сақтағаныңызды қайталап айтыңыз. Осы өтінішке құқық қорғау органдарына телефонның ұрлан­ғаны жөніндегі өтініштің көшірмесін  қоса  беріңіз.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ.

(Мақалада fingramota.kz сайтының  материалдары  және инфографикасы  пайдаланылды)

Фото: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: