Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімізде азаматтардың деректері мен ақшасын ұрлауға бағытталған қылмыстық топ ұсталды

08.04.2026, 11:30 50

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Tele2 ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен азаматтардың құпия деректері мен ақшалай қаражатын ұрлауға бағытталған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

Ведомство мәліметінше, бұл – ТМД аумағында осындай схеманың жолы алғаш рет кесілген жағдай.

Тергеу барысында күдіктілер ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын қайталайтын арнайы құрылғы – SMS-бластерді пайдаланғаны анықталған. Аталған құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, жақын маңдағы телефондардың автоматты түрде соған қосылуына және қорғанысы әлсіз желіге ауысуына ықпал еткен.

Соның салдарынан абоненттердің телефондарына жаппай жалған SMS-хабарламалар жіберіліп отырған. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғы байланыс операторларының қорғаныс жүйесін айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама таратуға мүмкіндік берген.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, қаскөйлер ауқымды әрекет ету және көзге түспеу үшін жабдықты автокөліктерге орнатқан. Олар оны көбіне адамдар көп шоғырланатын жерлерде, атап айтқанда базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында пайдаланған.

Жалған хабарламалар Beeline және Halyk Bank атынан жіберілгендей көрінген. Онда пайдаланушыларға жиналған бонустарды айырбастау ұсынылған. Ал сілтемеге өткен азаматтар фишингтік сайттарға тап болып, тауар таңдағаннан кейін өздерінің жеке мәліметтерін енгізген. Олардың қатарында телефон нөмірі, аты-жөні, банк картасының деректемелері, CVV-код және SMS арқылы келген растау коды болған.

Осы тәсіл арқылы қылмыстық топ азаматтардың құпия ақпаратына және банктік қаражатына қол жеткізген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бұл схема бастапқы кезеңінде әшкереленіп, күдіктілер ұсталған. Соның арқасында азаматтардың жаппай алдануы мен ірі қаржылық шығындарға ұшырауының алдын алу мүмкін болды.

Қазір төрт күдікті ұсталып, қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр.

Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Ведомство күмәнді сілтемелерге өтпеуге, тексерілмеген сайттарда жеке және банктік мәліметтерді енгізбеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ агенттік банк қызметкерлері мен байланыс операторлары SMS не бөгде сілтемелер арқылы құпия деректерді ешқашан сұрамайтынын ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: