Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖСН-ді ауыстырудың қажеті жоқ: вице-министр қазақстандықтарға кеңес берді

07.04.2026, 15:55 52

Қазақстандықтардың жеке деректері интернетке тарап кеткені туралы ақпараттан кейін ел ішінде ЖСН-ді ауыстыру қажет пе деген сауал жиілей түсті. Бұл мәселеге Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков жауап беріп, жеке сәйкестендіру нөмірін қайта рәсімдеудің мәні жоқ екенін айтты. 

Оның сөзінше, ЖСН — азаматты сәйкестендіруге арналған нөмір, сондықтан оны ауыстыру қауіптің алдын алатын нақты тетік бола алмайды. Вице-министр мұндай жағдайда азаматтар eGov порталындағы «Стоп-кредит»қызметін пайдаланғаны жөн екенін атап өтті. Бұл сервис арқылы адам өз атына өз рұқсатынсыз несие рәсімдеуге шектеу қоя алады. 

Ресми мәліметке қарағанда, желіге бұған дейін қазақстандықтарға қатысты шамамен 16 миллионға жуық дерекшығып кеткен. Кейін уәкілетті органдар бұл жайтқа байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған. 

Әділет вице-министрі негізгі қатердің бірі азаматтардың аңғалдығынан туындайтынын да ескертті. Оның айтуынша, телефонға келген SMS-кодтарды, соның ішінде 1414 нөмірінен жолданған хабарламаларды ешкімге беруге болмайды. Сондай-ақ азаматтар несие алуды жоспарламаса, «Стоп-кредит» қызметін алдын ала қосып қойғаны дұрыс. Ал қажет болған жағдайда бұл шектеуді бірнеше минут ішінде алып тастауға болады. 

Айта кетейік, бұған дейін осы мәселеге қатысты Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те пікір білдірген еді. Жағдай қоғамда жеке мәліметтердің қорғалуы мен киберқауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылықты күшейтіп отыр. 

Фото: kazinform.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: