Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

TikTok 2025 жылы Қазақстанда 5,5 миллионнан астам видеоны өшірді

07.04.2026, 10:45 61

TikTok платформасы 2025 жылы Қазақстанда Қауымдастық ережелерін бұзған 5,5 миллионнан астам бейнероликті жойған. Компанияның мәліметінше, бұл шаралар пайдаланушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы цифрлық орта қалыптастыру мақсатында қабылданған.

Платформа соңғы жылдары контентті бақылау тетіктерін күшейтіп, автоматтандырылған технологияларды, модерация жүйесін және қауіпсіздік құралдарын жетілдіріп келеді. Осы жұмыстар аясында TikTok қазақ тілінде жаңа Сенім және қауіпсіздік орталығын іске қосты. Аталған орталықта Қауымдастық ережелері, Ашықтық орталығы және пайдаланушыларға арналған түсіндірме ресурстар бір жерге жинақталған.

Компания таратқан дерекке сәйкес, Қазақстанда өшірілген контенттің 99,9 пайызы қолданушылардан шағым түспей тұрып анықталған. Яғни платформа ережеге қайшы материалдарды алдын ала тауып, бұғаттауға ден қойған. Ал жойылған видеолардың 98,5 пайызы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде өшірілген. Бұл көрсеткіштер TikTok-тың Қазақстандағы модерация жұмысы едәуір күшейгенін аңғартады.

Әлемдік деңгейдегі ахуал да осыған ұқсас. 2025 жылдың қорытындысында TikTok бүкіл әлем бойынша Қауымдастық ережелерін бұзған 780 миллионнан астам видеоны жойған. Оның 99,1 пайызына пайдаланушылар шағымданбай тұрып шектеу қойылған. Ал 94,2 пайызы алғашқы тәулік ішінде өшірілген.

Платформа кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді. TikTok ережесіне сәйкес, қосымша 13 жастан асқан пайдаланушыларға ғана арналған. Осы талапты сақтау үшін компания жас шектеуіне сай келмейтін аккаунттарды анықтап, жою жұмыстарын жүргізеді. 2025 жылы әлем бойынша 13 жасқа толмаған балаларға тиесілі деп танылған шамамен 93,5 миллион аккаунт өшірілген.

Компания тікелей эфирлердегі қауіпсіздік мәселесін де бөлек атап өтті. 2025 жылы LIVE форматындағы эфирлерге бақылау күшейтіліп, ереже бұзған трансляцияларға қатысты шектеу шаралары көбейген. Ресми мәлімет бойынша, жыл ішінде әлем бойынша Қауымдастық ережелерін бұзған шамамен 131 миллион тікелей эфир тоқтатылған.

Бұдан бөлек, TikTok 2025 жылдың екінші тоқсанынан бастап тікелей эфирлердегі монетизация талаптарының сақталуына қатысты да мәліметтерді ашық жариялай бастаған. Компанияның түсіндіруінше, алдымен авторларға ескерту беріледі. Егер бұзушылық қайталанса, монетизация мүмкіндігіне шектеу қойылады. 2025 жылдың алғашқы үш тоқсанында ескерту беру мен монетизацияны шектеуді қоса алғанда, әлем бойынша шамамен 24 миллион тікелей эфир мен 12,5 миллион авторға қатысты түрлі шара қолданылған.

Жалпы, TikTok келтірген мәліметтер платформада қауіпсіздікке, әсіресе балаларды қорғау, ережеге қайшы контентті ерте анықтау және тікелей эфирлерді бақылау бағытына басымдық беріліп отырғанын көрсетеді. Қазақстан бойынша 5,5 миллионнан астам видеоны жою көрсеткіші де осы жұмыстың ауқымын аңғартады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: