Қызылордалық тәртіп сақшысы Виталий Соболевті жергілікті тұрғындар «Витя аға» деп атап кеткен. Бүгінде кәмелетке толмағандардың тәртібімен айналысатын маман өз ісіне адалдығымен ғана емес, мемлекеттік тілге деген құрметімен ерекше көзге түсіп жүр. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін полицей күнделікті қызметінде де ана тілімізді барынша насихаттап келеді.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз мемлекеттік тілде сауатты жазып қана қоймай, қазақша сөйлегенде талайды шаң қаптыратыны бар. Оның мемлекеттік тілді үйренуге деген ынта-ықыласы мектепте оқып жүрген кезінен басталады. Ал құқық қорғау саласына келгелі бері небәрі бір аптаның ішінде қазақ тілінде сөйлеп кеткен. Тілді меңгеруінің арқасында ол өңірдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен етене таныс. Сондай-ақ Виталий ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізіп, жұмыста әріптестерімен де мемлекеттік тілде пікір алмасады.
Ұлты басқа болғанымен, ойы қазақ Виталий 1987 жылы 10 ақпанда Украина Республикасының Донецк қаласында дүниеге келген. Екі жасқа толғанда, отбасымен Қызылорда қаласына қоныс аударған. Оның әкесі Алексей Алексеевич – Сыр өңірінің тумасы, ал анасы Наталья Алексеевна Украинада туып-өскен. Анасы – ҚР Қарулы Күштерінде 35 жыл қызмет еткен құрметті ардагер. Әкесі де әскери салада еңбек еткен. Осындай тәртіп пен жауапкершілікке негізделген отбасында тәрбиеленген Виталийдің өмірлік бағыты да ерте айқындалған.

— Әскери отбасында өскендіктен, бала кезден-ақ жауапкершілік, тәртіп пен міндет ұғымдарын бойыма ерте сіңіріп өстім. Әскери өмірге тән қатаңдық мен талапшылдық менің дүниетанымымның қалыптасуына айрықша ықпал жасады. Уақыт өте келе қоғам мен ондағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілік әрі маңызды миссияға айналды. Әр азаматтың құқығы қорғалуы керек деген берік ұстаным мені осы салаға алып келді, — дейді ол.
Виталий – ұлты орыс болғанымен, жүрегі қазақ деп соққан азамат. Ол бүгінгі күні өз болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келетін әрбір жан мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген ұстанымды берік қолдайды. Оның пікірінше, мемлекеттік тілді меңгеру – елге деген құрметтің айқын көрінісі.
— Көптеген замандасым қазақ тілін үйренуге қиналады. Алайда меніңше қазақша үйренудің еш қиындығы жоқ. Тек ынта мен ықылас болса ғана жеткілікті. Қазіргі уақытта өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегеніне емес, керісінше, сөйлемейтініне таңғалуымыз керек, — дейді Виталий.
Виталий Алексеевич еңбек жолын 2008 жылы Патрульдік полиция батальонында сержант ретінде бастап, алғашқы күннен-ақ тәжірибе жинап, шыңдала түсті. Кейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қызметіне ауысып, өзін толықтай көрсете білді. Бүгінде Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлімшесінде аға инспектор болып қызмет атқарады.
Еңбек жолында Виталий кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға барын салып келеді. Полиция майорының әкімшілік аумағында қазір 11 оқу орны және 14 мыңнан аса кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Ол балалармен тұрақты түрде әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ата-аналармен де профилактикалық кездесулер ұйымдастырып, балалардың күнделікті тәртібі мен сабаққа қатысуын үнемі қадағалайды. Сонымен бірге педагог және психологтармен бірлесе кеңестер өткізіп, жасөспірімдердің тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жан-жақты ықпал етеді.

— Мен бұл қызметке 2013 жылы келдім. Әрине, жасөспірімдермен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Әрі көп еңбекті талап етеді. Дегенмен, маған өз жұмысым қатты ұнады. Әр баламен тіл табысуға, оларға көмектесіп, достық қарым-қатынас орнатуға тырысып бағамын. Қазіргі заманның балалары күрделі шақта өмір сүруде. Олар экранға телміріп, тәлім-тәрбиені ата-анадан емес, интернеттен алып жатқаны өкінішті. Көптеген жеткіншек интернетте көрген дүниелерден үлгі алып, сол жердегі жағымсыз мінез-құлықтарды қайталайды. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – жасөспірімдерге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жіті түсіндіру. Біздің мамандығымыздың мәні – баланың ішкі әлемін түсініп, оның жүрегіне жол таба білуде. Мен оларға тек кәсіби тұрғыда ғана емес, адамгершілік жағынан да бағыт-бағдар беруге тырысамын. Қиын жағдайда жанынан табылып, аға тәлімгер болғым келеді. Балалар да мені өздеріне жақын тартып, мені аты-жөніммен емес, «Витя аға» деп атайды, — дейді ол.
Виталий Соболев он үш жыл уақыт ішінде балаларға қол ұшын созып, олардың әрқайсысының жүрегіне жол жабуға тырысып келеді. Бүгінде ол – жасөспірімдер үшін тек тәртіп сақшысы емес, сонымен қатар қамқор аға, ақылшы жан. Бір жылдары ол «Үздік учаскелік инспектор» атағын да жеңіп алды.
Балалардың тәртібімен айналысатын маманның айтуынша, қызмет барысында түрлі оқиғамен бетпе-бет келуге тура келеді. Кейде шатыр үстімен қашқан балаларды қуып жетуге тура келеді. Одан бөлек, түрлі тәуелділікке әуес жеткіншектерді де назардан тыс қалдырмайды. Енді бірде ата-анасы ішімдікке салынуы себебінен үйінен безген балаларды тауып, оларға көмек көрсетіп жүреді. Виталийді жасөспірімдердің қолдау таппай, өмірлік жолдан жаңылысып кетуі қатты қынжылтады. Сондықтан ол қызметінде баламен ашық қарым-қатынас орнатуды маңызды деп санайды. Өйткені сенім мен түсінік орната алған маман ғана жасөспірімдерге дұрыс бағыт сілтеп, оны түзу жолға бағыттай алады деген пікірді ұстанады.
Ұлтжанды қызметкер үнемі игі істердің жанында жүреді. Қайырымды азамат көпбалалы отбасылардағы балаларға қуаныш сыйлап, екінші рет ұрлыққа бармас үшін велосипед сыйлаған кездері болған. Енді бірде тәртіп сақшысы учаскесінде күйеуі үйінен қуып шығып, екі баласымен далада қалған келіншекке қол ұшын созған. Бұл оқиға барысында әйелдің өз ата-анасы тұратын Шымкент қаласына кетуіне қаражаты болмаған. Виталий дереу адамдардан көмек сұрап, өзі де қаржылай қолдау көрсетіп, әйелді уақытша баспанаға орналастырады. Кейін оған билет алып, Шымкентке аман-есен жетуін қамтамасыз етті. Аталмыш отбасымен байланысын жоғалтпаған инспектор қазіргі уақытта олардың жағдайы жақсы екенін жеткізді.
Жұрттың алғысын арқалаған полицей қызметтен тыс уақытта жеке дамуға көңіл бөледі. Бос уақыты көп бола бермейтіндіктен, оны барынша тиімді пайдалануға тырысады. Бос уақытын психология және заң саласына қатысты әдебиеттерді оқумен өткізеді. Отбасына да көңіл бөлуді ұмыт қалдырған емес. Арасында табиғат аясында тынығып қайтқанды да жаны сүйеді. Сонымен қатар Виталий шығармашылық қабілетін дамытып, өз жобаларын жүзеге асырады. Бейнемонтажбен де айналысады. Жастарға ой салатын түрлі мотивациялық видеолардың авторы. Мәселен, жастарға құқықбұзушылық пен киберқылмыстың алдын алу тақырыбында 700-ге жуық бейнематериал шығарған. Бүгінде парасатты полицей мемлекеттік тілдің тұғырын биікке көтеру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Толқын ҚАЛАБАЙ,
Суреттер: Қуанышбек ДҮЙСЕНБЕКОВ.
Қызылорда – Астана – Қызылорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!