ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында моноқалаларға жұмысқа баратын дәрігерлерге де әлеуметтік өтемақы беру мәселесі көтерілді.
Бұл туралы депутат Ерлан Сайыров Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың сөзінше, AMANAT партиясының бастамасымен ауылға барған дәрігерлерге берілетін өтемақы ауылдық жерлердегі медицина сапасын арттырып, кадр тапшылығын азайтуға оң ықпал етіп отыр. Келтірілген мәліметке сәйкес, 2025 жылы 1326 жас дәрігер ауылдық елді мекендерге жұмысқа барып, әлеуметтік көмек алған. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2025 жылы 417 жас маман оқуын аяқтағаннан кейін бірден еңбекке араласқан. Бұдан бөлек, 500-ден астам жас дәрігер баспанамен қамтылған. Депутат мұны ауылдағы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға әсер еткен нақты қадам ретінде бағалады.
Мәжіліс отырысында Жетісу облысында дәрігерлерге 10 млн теңге көлемінде төлем беріліп отырғаны да айтылды. Депутаттың пікірінше, мұндай қолдау кадрлық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында да осы бағыттағы жұмыстар күшейтіліп жатқаны атап өтілді. Ерлан Сайыровтың айтуынша, депутаттар өңірлерге барған кезде моноқала тұрғындары дәрігерлерге төленетін мемлекеттік өтемақы тетігін өздеріне де қолдану мәселесін көтерген. Оның сөзінше, бүгінде материалдық ынталандырудың әсерінен тәжірибелі дәрігерлердің бір бөлігі моноқалалардан ауылдық жерлерге жұмысқа ауысып жатыр.
Депутат бұл үрдіс көптеген моноқалаға тән болып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда 20 моноқала бар, онда шамамен 1,4 млн адам тұрады. Бұл қалалардың басым бөлігі ірі өндіріс ошақтарының маңында орналасқандықтан, ондағы халық тұрақты әрі білікті медициналық бақылауды қажет етеді.
Осыған байланысты AMANAT фракциясы дәрігерлер көшіп барған жағдайда моноқалаларды да мемлекеттен әлеуметтік өтемақы төленетін елді мекендер санатына енгізу қажет деп есептейді. Депутаттың пікірінше, бұл мәселе 1,4 млн адамның денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, оны оң шешу маңызды.
Фото: ҚР ДСМ және Үкіметтің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!