Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда театрлары жаңа маусым жетістіктерін таныстырды

27.03.2026, 23:26 45

27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясы өтті. Жиында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры директорының орынбасары Серік Жақсығұлов пен қалалық Жастар театрының директоры Нұрмат Мансұров театр өнерінің бүгінгі жай-күйі, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты.

Баспасөз мәслихатында театрдың қоғам өміріндегі орны, көрерменмен байланысы және өңірдегі мәдени кеңістікті дамытудағы рөлі кеңінен сөз болды. Спикерлердің айтуынша, театр – тек сахналық өнер алаңы ғана емес, ұлт руханиятын байытып, көрерменнің эстетикалық талғамын қалыптастыратын маңызды мәдени институт.

Серік Жақсығұловтың сөзінше, Халықаралық театр күні – театр ұжымы үшін тағылымы мол, маңызы айрықша мереке.

– Театр – шығармашылықтың тоғысқан ордасы. Бұл күн ұжымның бірлігін нығайтып, жаңа ізденістерге жол ашады. Осы мереке қарсаңында көрерменге мазмұнды бағдарлама ұсынып отырмыз. 16-20 наурыз аралығында «Nartai Theatre Fest – 2026» театрішілік фестивалі өтті. Бес күнге созылған өнер мерекесінде мистикалық триллер, трагедия, буффонада ертегі, психологиялық және деректі драмалар, моноспектакль, қуыршақ және музыкалық қойылымдар сахналанды. Бұл фестиваль театр өнерінің жанрлық ауқымын көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, халықаралық театр күні аясында арнайы шығармашылық кеш ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға рухани тарту жасалды, – деді ол.

Спикердің айтуынша, Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры атаулы күнге орай көрермен назарына мазмұнды әрі тағылымы мол мерекелік бағдарлама ұсынған.

Ал қалалық Жастар театрының директоры Нұрмат Мансұров театр ұжымының соңғы кезеңдегі жұмыстарына тоқталды. Оның мәліметінше, бүгінде театр репертуарында әртүрлі жанрдағы 15 қойылым бар. Оның үшеуі балаларға арналса, қалғаны жастар мен ересек көрерменге бағытталған.

– Жыл бойы қойылымдар 65 рет сахналанып, 10 мыңнан астам көрермен қамтылды. Бұдан бөлек, театр ұжымы мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын 40-қа жуық театрландырылған пролог ұсынамыз. Жыл басынан бері көрерменге 6 премьера жол тартты. Алдағы уақытта да сапалы қойылымдармен қуанту жұмысын жалғастырамыз, – деді Нұрмат Мансұров.

Айта кетейік, Халықаралық театр күні – әлемдік театр қауымдастығын біріктіретін, сахна өнерінің маңызын айшықтайтын мереке. Бұл күн театр қызметкерлерінің еңбегін бағалап қана қоймай, көрерменнің өнерге деген ықыласын арттыруға да ықпал етеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: