Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегі тағы өсуі мүмкін

27.03.2026, 17:30 63

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленетін жеткіліктілік шегі тағы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа тәсіл бойынша шек инфляция деңгейіне және оған қосылатын 2 пайыздық өсімге байланысты есептеледі. Өзгерістерді сәуір айынан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Министрдің сөзінше, кейінгі бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинақтан шамамен 5 трлн теңге пайдаланған. Соның ішінде 1 трлн теңгеге жуығын 20-35 жас аралығындағы жастар алған. Осыған байланысты ведомство жеткіліктілік шегін қайта қарауды ұсынып отыр.

Жаңа тәртіп күшіне енсе, азаматтар зейнетақы шотындағы қаражаттың тек жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін ғана пайдалана алады. Министр мысал ретінде былтыр шотта 2 млн теңге болса, биылғы шек оған шамамен 10 пайыз көлеміндегі өсім қосу арқылы есептелетінін түсіндірді.

Айта кетейік, 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегі бұған дейін де орта есеппен 10 пайызға өскенін БЖЗҚ хабарлаған. Қор бұл өсімді инфляцияның қазіргі және болжамды деңгейімен байланыстырған.

Зейнетақы жинағын емделуге пайдалану мәселесі де қоғам талқысында қалып отыр. 2025 жылдың соңында емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі өзгеріп, стоматологиялық және бірқатар офтальмологиялық қызметтерге өтінім қабылдау тоқтатылған.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі БЖЗҚ-дан 200 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығаруға көмектескен бес қылмыстық топтың әрекеті әшкереленгенін хабарлаған. Тергеу мәліметінше, жалған құжаттар арқылы ақша негізінен стоматологиялық қызметтер көрсетілгендей рәсімделген.

Сонымен қатар биыл наурызда «Отбасы банк» басшылығы зейнетақы жинағын тіс емдеуге қайта пайдалану мүмкіндігі 2026 жылдың соңы не екінші жартысында қарастырылуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ бұл мәселе бойынша соңғы шешім әлі қабылданған жоқ.

Фото: Zakon.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: