Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әз Наурыз – берекенің ақ бесігі

22.03.2026, 21:30 44

HALYQLINE.KZ

Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған әз Наурыз – халқымыздың рухани тамырынан нәр алған, береке мен бірліктің арқауына айналған ұлық мереке. Жыл сайын жаңарып, мазмұны байып, маңызы арта түсетін бұл мейрам – болашаққа нық қадам бастайтын ерекше күн. Ал Наурызнама аясындағы бүгінгі күн – «Жыл басы», яғни жаңа үміттер мен игі бастамалардың бастауы.

Осы орайда, Қармақшы ауданының орталық алаңында «Әз Наурыз – берекенің ақ бесігі» атты ауқымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Ұлттық нақышта безендірілген алаңда 20-ға жуық киіз үй құрылып, әрқайсысында халқымыздың тағылымды салт-дәстүрлері дәріптелді. Арнау айту, қыз бен жігіт айтысы, тұсау кесу рәсімі, әжелер ансамблінің өнері көпшілік назарына ұсынылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Мерекелік іс-шараға арнайы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар салтанатты сәтте бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, саладағы еңбектері жоғары бағаланды.

Алаңда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, арқан тартыс, гір көтеру, қол күрес, асық ату секілді ойындар мерекенің ажарын аша түсті.

Сахнада театрландырылған қойылым да көрсетіліп, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен күй, би арқылы ұлттық өнеріміздің көркем үлгісі насихатталды.

Қармақшы төрінде береке мен бірліктің бастауы болған әз Наурыз көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлар мазмұнды мереке ретінде аталып өтті.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: