Қазақтың қолөнері ықылым заманнан бері бірге қалыптасып келе жатқан дәстүр діңгегі саналады. Бұрындары ауылдық жерлерде көптеп кездесетін осы өнер түрі қазір қалалық жерлерде де жақсы жолға қойылған. Қазір жанамын дегенге от берген, шабамын дегенге ат берген қазақтың алтын дәуірі. Қолынан іс келетін кез келген адам кәсіппен айналысуына мол мүмкіндік бар.
Көненің көзіндей болған бұл өнер заманауи талапқа сай жаңғыртылып, ұлттық оюлармен әспеттеліп, ұлықталып келеді. Осындай өнер түрін заман ағымына сай жаңғыртып, жандандырып жүргендердің бірі – Айзат Сұлтанқызы. Ол 2019 жылдан бастап қыз жасауы, құрақ көрпе секілді қолөнер жұмыстарымен қатар қой жүнінен шапан тігу үрдісін іске асырып келеді. Алғашында біз де естігенде таңғалғанымыз жасырын емес. Әсілінде шапанды түрлі матадан тігіп киетінін естіп, көріп жүрміз.
Кейіпкеріміздің бір ерекшелігі сол – қазақы шапандарды кәдімгі қой жүнінен тігіп шығарады. Айтуынша, қажетті шикізатты Тараз, Алматы қалаларынан алдыратын көрінеді. Одан бөлек, тігін машиналары мен жіптерді өзіміздің облыстан қолжетімді бағада алып пайдаланады. Жұбайы екеуі жеке өнер мектебін ашып, талапкер жастарға білгенін үйретіп келеді. Тігін шеберханасының ішінде қосымша үйірме ашып, қолөнер, домбыра, би үйретіп, шәкірттері биік белестерді бағындырып келеді.
Ісмер маман Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде және өнер мектебінде оқытушы болып қызмет атқарады. Бұл қолөнер өзінің жеке хоббиі болғандықтан, жұмыстан қосымша уақыт тауып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Заман талабын ескеріп, арнайы «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы өз парақшасын ашып, дайын өнімдерін сонда салып отырады. Сол арқылы тапсырыстар қабылдай береді. Өзіне қажетті жіптер мен лента және басқа да маталарды жергілікті сауда орындарынан әкеледі.

АНА КӨРГЕН ТОН ПІШЕР…
Ісмер маман қыз жасауы, құрақ көрпе секілді жұмыстарды бала күнінен бойына сіңген тәрбие өзегі санайды. Оның айтуынша, анасы мен әкесі жаңқаға жан, темірге тіл бітірген еңбек адамдары болған. Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында бүгінде әрбір үйде анасының қолынан шыққан кілемдер бар. «Анамның қолтаңбасы қалған әрбір киіз, кілем күні бүгінге дейін көзіме ыстық көрінеді» дейді шебер. Халқымызда «ана көрген тон пішер» деп осындайда айтылса керек.
– Анам бала кезімізде жүн түткізіп, киіз үй қазықтарын қақтыратын. Ою ойдырып, тігілген сырмақ пен алашаны боятатын. Анамның қалай киіз басып, тоқыма тоқығандарын көзбен көріп, көңілімізге тоқып жетілдік. Қазақ үшін құрақ көрпе тігудің орны ерекше, құнды саналады. Ол үлкен ыждағаттылық пен төзімді талап етеді. Көрпенің екі түрі болады: жамылғы және төсеніш көрпе. Сондай-ақ, ені мен ұзындығына қарай да бөлінеді. Анамның айтуынша, құрақтың екі жүзден астам түрі болады. Мата қиындыларынан қиюластырып тіккен тігіндіні құрақ деп атайды. Бұл қызға беретін анасының сыйы мен сүйіншісі саналады. Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе. Мақсатым – ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету, — дейді Айзат Сұлтанқызы.
Қолөнерші маман қазақы ұлттық киімдер көрмелеріне ұдайы қатысып келеді. Облыстық, республикалық, халықаралық түрлі көрмеге шақырту алып, туындылары жоғары деңгейде бағаланып, арнайы грамоталармен марапатталып жүр. Атап айтар болсақ, 2024 жылы Тараз төрінде өткен IV халықаралық симпозиумда «Үздік топтама» номинациясымен марапатталған. Бір жылдан соң, яғни 2025 жылы Қызылорда қаласы бойынша «Үздік шебер» аталымын жеңіп алды. Бұдан бөлек түрлі көрме-байқауға қатысып, жеңімпаз атанып келеді. Әрине, мұның артында үлкен еңбек пен шеберліктің ізі жатыр.
ӨНЕР САТЫЛМАЙДЫ
– Бүгінге дейін алпысқа жуық киім тігіп шығардық. Көбіне сатыла бермейді, тек жалға береміз. Менің ұстанымым – халықтың өзі қолдан жасап, тігіп кигенін қалаймын. Өйткені өнер ешқашан сатылмайды. Киізден тігетін шапанды бір апта ішінде тігіп бітіреміз. Тапсырыс түскен сәттен бастап, тапсырыс беруші қабылдап алмайынша, үздіксіз жұмыс істейміз. Ал көрпе тігу ісінде де бір апта көлемінде бір адамның тапсырысын толық орындап бітіреміз. Мен үлгермей жатсам, қыздарым қолғабыс етіп көмектеседі. Менің осы кәсібімді балаларым да үйреніп келеді. Берекелі өнерді бала бойына баулығаннан бөтен болмайды. Қыз баланың ісмер болғаны, біріншіден, өзіне, содан соң болашағына пайдалы, — дейді кейіпкеріміз.
Айзаттың айтуынша, қыз жасауының орны ерекше. Ұзатылған бойжеткеннің артынан апаратын бұйымның көз тартарлық әдемі, жұмсақ болғаны жақсы. Мұндайда матаның сапасына, жіптің түріне – бәріне аса мән беріп таңдап алынады. Өйткені – сенім адамзат үшін үлкен жауапкершілік. Сеніп тапсырылған істің шикі болмауы маңызды. Ал қазақы шапандарды қой жүнінен тігудің ерекшелігі сол – ол адам денесіне ыңғайлы, жеңіл әрі жайлы болуы қажет.
Оқушы кезінде ата-анасына қолғанат болып, киім тігіп, киіз басып алатын тәлім-тәрбие бүгінде оның өмір өзегіне айналып отыр.
Бұрындары кішкене киімдеріміз қысқарып кетсе немесе ұзындау болса, есепсіз тастай салатынбыз. Енді осындай тігін цехтары ашылғалы киімдерді осында әкеліп, өңдеп, жаңа қалпында қайта жаратып жататындар да бар. Қазіргі уақытта тігін цехының қызметіне жүгінетіндер қатары күн санап арта түсуде. Ұқыптылық, тазалық секілді асыл қасиеттер әрбір қолөнер шеберінің өмірлік ұстанымы тәрізді.
Иә, халқымыздың ұлттық құндылығы саналатын қолөнер бұйымдары – ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа мұра. Өткеннен тағылым тінін тарқататын берекелі істің болашағы баянды. Бұл бұйымға бүгінде елдің қызығушылығы артып келеді. Ендеше елдің ескірмейтін мұрасы жылдармен жаңарып, ғасырлармен ғибраттала бермек.
«Айзат» тігін шеберханасында шыққан шапан, біріншіден, қой жүнінің қазақ үшін әлі де қастерлі екенін сездірсе, екіншіден, еліміздің ұлттық құндылығының қадірі ғасырлар өтсе де арта беретінін айғақтап тұрғандай.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!