Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда жаңа КТ аппараты іске қосылды

26.02.2026, 14:35 131

Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасында заманауи компьютерлік томография аппараты орнатылып, жаңа диагностикалық кабинет өз жұмысын бастады. Бұл аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін кеңейтетін маңызды қадамға айналды.

Жаңа кабинеттің ашылу рәсімінде аудан әкімі Алмасбек Есмаханов денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаевтың бастамасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ауданымызда денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда Бозкөл, Кәукей және Абай ауылдарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 бірдей дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, Жалпақ және Жұбан елді мекендерінде жаңа медициналық бекеттер ашылды. Өткен жылы «Бекарыстан би» және «Болат жолы» дәрігерлік амбулаторияларының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, ауданда санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді. Өткен жылдың желтоқсан айында аудандық көп бейінді орталық аурухананың жанынан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 1 миллиард 810 миллион теңге болатын, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы іске қосылды. Алдағы уақытта аталған жапсарлас ғимаратқа заманауи МРТ медициналық құрылғысын орнату жоспарланып отыр. 2025 жылдың қараша айынан бастап Қазалы көп бейінді орталық ауруханасында жүрек ырғағының бұзылыстары бойынша аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталар алғаш рет жасала бастады. Бұл республика көлемінде аудандар арасында тұңғыш рет Қазалы ауданында жүзеге асырылып отырған жоғары технологиялы медициналық қызмет түрі. Бүгін іске қосылған компьютерлік томография аппараты да осы жүйелі жұмыстардың жалғасы. Құны 326 миллион 699 мың теңгені құрайтын бұл аппарат «Ауыл денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріліп отыр», – деді аудан әкімі.

Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының ардагері Құлпыбай Ысқақов та сөз алып, аудан тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген маңызды мәселесінің оң шешім тапқанына ризашылығын білдірді.

Жаңа кабинеттің ашылуымен енді Қазалы тұрғындары компьютерлік томографиядан өту үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болмайды. Заманауи диагностикалық қызметтің аудан ішінде қолжетімді болуы уақыт пен қаржыны үнемдеуге, ең бастысы ауруларды ерте анықтап, дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: