Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Той-топыр – негізінен қазақтың бизнесі

30.06.2020, 9:05 867

HALYQLINE.KZ

Өз басым аса тойшыл адам емеспін. Көбіне жақын-жуықтардың көңілі үшін барамын десем өтірік айтқан болмаспын. Көп себептің ішінен біреуін ғана айтайын – қатты музыкадан басым ауырады. Тойға барғасын, көптен көрмеген ағайын-тумамен жүздесіп, шүйіркелескің келеді. Қайдағы шүйіркелесу: біреу тілек айтып жатқанда, басқа бір жанмен әңгіме соғу – әдепсіздік, тост тамамдағасын, бірдеңе айтайын десең – тарс-гүрс музыка құлақты тұндырады, есіңді тандырады. Әйтеуір, өзіме солай.

Бірақ бұдан мен тойға қарсы екен деген ой-пікір туындамасын. Мен тойға емес қарсы емеспін, оның форматына ғана көңілім толмайды. Той керек! Той – қазақтың ділінің бір бөлігі. Қандай да бір себептермен қазақ тойдан айрылса не безсе (одан Құдай сақтасын!), халқымыз бір бүйрегін не өкпесін кесіп алып тастағандай, жарымжан болып қалады. «Бұдан жаман кезімізде де той жасағанбыз» дейтін атам қазақ аласапыран заманда да тойдан бас тартпаған. Уақытша тоқтата тұрған болса да, сырттың ықпалы, біреудің пәрменімен емес, өз ұйғарым-пәтуасымен ғана бұндай қадамға барған. Сын сағаттан өте сала, сән-салтанатты той-думанына қайта оралған.

Мен бұның бәрін не үшін жазып отырмын. Соңғы кезде тойға қарсы бір негатив пайда болды, тойға пәленбай жылға мораторий жариялау керек деген пікірлерді де естіп қаламын. Індет өршіп тұрған кезде, той-домалақтың ақылға сыятын деңгейде шектелуі – керек те, заңды да. Ал бірақ мораторийі несі?! Індет басылған соң, кімнің тойында кімнің қандай шаруасы бар?! Тіпті, басқасын былай қойғанда, той деген – біреудің (және негізінен ҚАЗАҚтың) бизнесі ғой. Өзіміз сықылды қанша қазақтың азаматы – осы тойдан нәпақасын айырамын, табыс табамын деп қарызға кіріп, тірнектеп-иттеніп жүріп, ресторан салды. Айдың күні аманында (ахуал көп ұзамай сауығар, солай емес пе), оның бизнесі әлдекімдердің ақылға сыймайтын бастамасынан туындап кетуі мүмкін заң-законнан неге зардап шегуі тиіс?! Тағы да айтамын, той-топыр бизнесі – негізінен қазақтың бизнесі. Байысын қазақ! Қазақ байыса, оның қызығын жалғыз өзі көрмейді, ылғи болмағанымен, көбіне өз айналасымен бөліседі, біреулерді жалдайды, жұмыс орнын туындатады, т.с.с. «Елде болса, ерінге тиеді» деген осы. Той шыныменен тоқтайтын болса, індет басылған соң да, ананы-мынаны сылтау қылып, күштеп тоқтататын болса, тек тойхана иелері ғана зардап шекпейді. Оған жалғанып тұрған жандардың қарасы әжептәуір. Бұлардан күй кетсе, тізбек реакциясы туындайды, оның құйрығы қайдан және немен бітетінін білгізбей-ақ қойсын …

Тойға көңілі толмайтындар көбіне тамадалардың мінез-құлқын тілге тиек етіп жатады. Иә, рас – бұлардың кейбіреуінің, кейбіреуінің емес-ау, көбінің тірлігі қарын аштыратыны рас. Бірақ былай ғой, жігіттер мен қыздар, тамада – деген халықтың сұранысына өте сезімтал категория. Олар, негізі, өз дегенін емес, көптің қалауын орындайды, солардың ыңғайына жығылады. Той иесінің талап-тілегіне құлақ түретіні, айтқанынан шықпайтыны өз алдына. Жалпы, тамаданың деңгейін көтеру үшін, өз деңгейімізді көтеруіміз керек. Біз түзелсек, тамада да, той да, бәрі де түзеледі.

Айтайын дегенім, қазағымды тойдан айырмасын, қадірменді айғайын. Және ол той – сән-салатанаты келіскен, қазақы салт-дәстүрге малынған, заманына лайық, жұртқа қызық, әдептен озбайтын, ысырап-бәсекеден ада, керемет той болсын!

(Меншігімде ресторан, тұқымымда тамада жоқ. Ешкімнен тапсырыс, тиын-тебен алған жоқпын).

Нұрлан  СӘДІР.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Көрнекі коллаж

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: