Соңғы жылдары өңірдің денсаулық саласында серпінді даму қалыптасты. Ел Президентінің, Үкіметтің ерекше қолдауымен және аймақ басшысының ұтымды үйлестіруімен облыстың барлық ауданында, қалада іргелі медициналық нысандар бой көтерді. Күні кеше ғана шаһарымызда «Orhun medical» медициналық орталығы ашылып, 200 орындық перинаталдық орталықтың, қаланың шет аймағынан 400 орындық жаңа емхананың іргетасы қаланды. Сондай-ақ, 500 келушіге арналған емхананың құрылысы басталды. Биыл жыл соңына дейін бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана пайдалануға берілетін болады. Мұндай игілікті бастамалар әлі де жалғасуда.
Бүгін «Шұғыла» мөлтек ауданындағы №30 көпқабатты үйден №6 емхананың жаңа филиалы ашылды. Бұл нысан бұған дейін балалардың тіс емханасы болған еді. Қазір жаңа филиалда жалпы тәжірибелі дәрігер қабылдауы, ем-шара, егу кабинеттері, күндізгі стационар, тіркеу бөлімі және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек бойынша қызметтер көрсетіледі.
Медициналық нысанның жұмысымен танысқан қала әкімі Нұржан Ахатов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков филиал ұжымының қызметіне сәттілік тіледі.
Жаңа филиалдың ашылуы №6 емханадағы жүктемені азайтып, мөлтек аудан тұрғындары үшін медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде қолжетімді етуге мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, №6 қалалық емхана жалпы 60 мыңнан астам тұрғынға 35 аймақ бойынша қызмет көрсетеді. Емхана заманауи құрал-жабдықтармен қатар, жедел жәрдем көлігімен толық қамтамасыз етiлген.
Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!