Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Диқандарға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель бөлінеді

24.02.2026, 11:30 34

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған жеңілдетілген дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, 2026 жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығында көктемгі дала жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын бөлу жөніндегі нақты кестені қалыптастырған.

«Көктемгі егіс науқанына қажетті дизель отынын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үздіксіз және мақсатты түрде жеткізу – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында болады», – деді Ерлан Ақкенженов.

Жеткізілімдердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар цифрлық және ұйымдастырушылық тетіктер енгізілген. Атап айтқанда, әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жеке ПИН-кодтар беріліп, дизель отыны арнайы түстермен боялады. Сондай-ақ электрондық шот-фактура жүйесінде дизель отынына арналған жеке виртуалды қойма құру шаралары қолға алынған.

Бұл жаңашылдықтар мұнай жеткізушілер тарапынан дизель отынын нақты операторларға мақсатты түрде жеткізуге және жанармайдың басқа мақсатқа пайдаланылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, қабылданып жатқан шешімдер көктемгі егіс жұмыстарының қарқынын арттырып қана қоймай, диқандардың өндірістік шығындарын төмендетуге де оң әсерін тигізбек.

Коллаж: Halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: