Республикалық коалиция мүшелері Руслан Рүстемов пен Мұрат Ергешбаев, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев және Гүлшат Мұсаева И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі ұжымымен кездесу өткізді.
Басқосуда жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, оның қоғам сұранысына сәйкестігі және алдағы референдумның маңызы кеңінен талқыланды.
Сенат депутаты Руслан Рүстемов Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бастамасына тоқталып, конституциялық өзгерістердің түпкі мақсаты – елдегі заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, билік пен қоғам арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігін қалыптастыру екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасын әзірлеу үдерісі барынша ашық форматта өткен: қоғамнан түскен он мыңға жуық ұсыныс арнайы комиссияда қаралып, жан-жақты сарапталған. Бұл құжаттың шынайы халықтық сипатқа ие екенінің айғағы. Мәселен, Қызылорда облысының тұрғыны Махамбетәлі Әбдіхамитұлы мемлекеттік гимн атауына қатысты «гимн» сөзінің орнына «әнұран» терминін қолдану жөнінде ұсыныс білдіріп, оның қолдау табуы азаматтық белсенділіктің нақты көрінісіне айналды.
Коалиция мүшесі, мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Жаңа Конституция жобасын саяси жаңғыру үдерісінің заңды жалғасы ретінде бағалап, онда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, өкілді органдардың рөлін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау процестеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту көзделгенін айтты.
Өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тілеуімбетов Конституцияны мемлекеттің берік іргетасы ретінде сипаттап, ұсынылып отырған өзгерістер аймақтардың дамуына және жергілікті өзін-өзі басқару институттарының нығаюына серпін беретінін тілге тиек етті.
Қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділдік қағидаттарын бекемдеп, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін күшейтуге бағытталғанына назар аударды. Ал Гүлшат Мұсаева референдумды әрбір азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ететін маңызды саяси тетік ретінде бағалап, коллед ұжымын референдумға белсенді қатысып, дауыс беруге шақырды.
Кездесу барысында колледж ұжымы тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар беріліп, мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Қатысушылар жаңа Конституция жобасы халықтың талап-тілектері мен ұсыныстары ескерілген маңызды құжат деген ортақ пікір білдірді. Алдағы референдум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи қадам болатынына сенім білдірілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!