Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа Конституция жобасы өңірлердің нақты мәселелерін шешуге бағытталған

07.02.2026, 17:45 45

Астанада өткен Конституциялық кеңестің кезекті отырысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен оның аймақтар үшін маңызы кеңінен талқыланды. Жиынға Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова төрағалық етті.

Отырыста сөз сөйлеген Қызылорда облысының әкімі, Конституциялық комиссия мүшесі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Ата Заң жобасы өңірлер үшін тек саяси құжат қана емес, күнделікті басқару ісіне тікелей әсер ететін практикалық құрал екенін атап өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, құжатта жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, білім беру және аумақтардың тұрақты дамуына қатысты мәселелер кешенді түрде қамтылған. Бұл бағыттар облыстар мен аудандар әкімдіктерінің күнделікті жұмысында жиі кездесетін түйткілдермен тығыз байланысты.

– Конституция жобасы ең алдымен шешімдердің қалай қабылданатынын және сол шешімдер үшін мемлекеттің қандай жауапкершілік алатынын айқындайды. Сонымен қатар құжат мемлекеттің егемендігін нығайтуға, азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған, – деді өңір басшысы.

Әсіресе экологиялық қауіпсіздікке қатысты нормалардың Қызылорда облысы үшін маңызы зор екені айтылды. Арал теңізінің тағдыры мен оның салдары аймақ халқы үшін әлі де өзекті мәселе болып отырғандықтан, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған конституциялық кепілдіктер болашақ үшін маңызды құқықтық негіз болмақ.

Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге де басымдық берілген. Бұл ауылдық аумақтарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қолжетімді әлеуметтік қызметтерді кеңейтуге және адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді.

Жиын барысында бірқатар қатысушылар Ата Заң жобасына қатысты өз ұсыныстарын айтты. Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жекелеген баптардың редакциясын нақтылау қажеттігін көтерсе, Сенат жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева Конституция мәтінін Брайль қарпіне бейімдеуді ұсынды.

Ал Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева жаңа Конституцияда әр азаматтың медициналық көмек пен білім алу құқығы сақталатынын ерекше атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасы елдің саяси жаңғыруына серпін беріп, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадам болатынын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: