Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Миллионер арбакеш

12.12.2020, 14:00 1088

HALYQLINE.KZ

Осыдан 40 жыл бұрын Қазан қаласындағы райПО-ның арбакеші Асхат Галимзяновқа саған тірі кезіңде ескерткіш орнатады десе сенбес еді. Бірақ оған ескерткіш орнатылды. Асхат анда-санда өзінің қоладан құйылған мүсінін көру үшін келіп, өзінің және аты мен арбасы толы балалар мүсіндерін қолмен сипап тұрып, жастық шағын еске алып тұрады.

Асхат Галимзянов – Татарстандағы атақты адам. Сырт келбеті миллионер адамға мүлдем ұқсамайды. Ол жұмысшы адам, аяғында шаң басқан бәтеңке, басында жасанды теріден кепке. Ол өзіне киім алуға ақшаны жұмсағанды жақтырмайды, киім жыртық болмаса болды дейді.

Оның есесіне қамқорлыққа зәру жетімдерге, қараусыз қалған қарттарға, интернаттарға алып берген теледидар, мұздатқыш, киімдер мен ойыншықтарға қанша мың сом жұмсағанын ешкім білмесе де, Асхат ағайдың балалар үйіне әр жылдары 80 автобус сатып алып бергенін бүкіл Татарстан біледі. Әр машина 500 мың рубль тұрады. Сонда автобус паркін сатып алуға қанша Ресей рубль кеткенін білу қиын емес. Сонда орта білімі де жоқ, райПО-нын арбакеші осыншама ақшаны қайдан алған? Кеңес өкіметі кезінде советтік қоғам қалпынан тыс бұл адамға КГБ де күдікпен қараған-ды.

Көп жыл бұрын жас милиционер Асхат Галимязановты қоғамдық тәртіп сақшысына жат ісі үшін органнан шығарып жіберген болатын. Неге? Көшеде кездескен мас адамды айықтырғышқа апарып құжат толтырудың орнына, мас адамның масқара түрін көрсетпеу үшін қолтығынан демеп үйіне жеткізіп салатын.

Органнан шығып қалған Асхат райПО-ға арбакеш болып орналасып, азық-түлікті сауда нүктелеріне тасымалдады. Байлық көзін Асхат сауда орындарынан шығарып тастаған қарбыз-қауын, асқабақ пен картоп, т.б. көптеген шіри бастаған жеміс-жидектен тапты. Күнделікті осыларды жұмыстан соң тиеп алып үйіндегі талпақ танау торайларына жем ретінде берді. Тонналап қалатын қалдықтарды торайлар тауыса алмағасын, торайлардың санын көбейтті. Қомағай торайлар тез салмақ қосып, союға жарағасын мекемелерге және базарға өткізді. Ақшасын сол кезден бастап жетім балалар үйіне аудара бастады. Алдымен көршілері «байып бара жатқан Галимзяновтың» үстінен арыз жазып, қырағылық танытты. «Еңбексіз дайын жеммен қала ортасында шошқа бағып отырғанына» райкомға, СЭС-ке, ОБХСС-қа дейін домалақ арызды домалатып жөнелтіп отырды. Тексерушілер тексергенде ешқандай кінә таға алмады. Еңбекқор арбакеш шағын шошқа фермасын гараж астына жертөле қазып соған орналастырған болатын. Күнделікті түнде ел ұйықтап жатқанда шошқаның қиын арбаға тиеп қала сыртына төкті. СССР-дағы бейбітшілік қорына ақша аударғаны үшін, комитет төрайымы Валентина Терешковадан алған Құрмет грамотасын көрсеткен соң көршілерінің қырағылығы бәсеңдеді.

Адал еңбекті кәсіп еткен арбакеш Асхаттың еңбегі билікке М.С.Горбачев келіп, сауда-сатыққа жол ашылғанда бағаланды.

Теміржол бойындағы қаңырап қалған «шаруашылық қойманы» сатып алып, інісі мен баласы үшеуі ферма ашып, мал басын 300 өгізге жеткізіп, ет өндірумен айналысты. Малға шөпті кейде Қазан қаласындағы Кремль іргесінде өсіп кеткен шөпті орып та алатын, әрине қала әкімшілігінің рұқсатымен. Осы кезде көршілері тағы да күңкілдей бастады: «Бұл не деген сұмдық, астананың ортасын колхозға айналдырды» дегенмен, нарық заманында Асхаттай адамдарға ешәрсе істей алмайтынын білді, кәсіпкерлікті қолдайтын заман туған еді.

СССР күйрегенде Асхаттың ақшасы «күйіп» кеткен жоқ, ол ақшасын ел қатарлы «Сберкнижкада» сақтаған жоқ. Ақшасы автобусқа жетсе сатып алып, балалар үйіне жіберіп отырды. Өзінің отбасына тамақ пен киімге ғана жаратып, қалған ақшасын кәсібіне жұмсады. Бала-шағасының айтқанын қылып, бірде су жаңа «Волга» автокөлігін алғанмен, кейін оны балалар үйіне өткізіп жіберді. Ал, «ГАЗ-53» машинасын шаруашылығына пайдаланды. Бұл кезде Асхаттың інісі мен баласы қайтыс болған, сиыр мен шошқа фермасына бір өзі қарады.

2010 жылдың өзінде Татарстандағы балалар үйіне екі «ГАЗель» шағын автобусын сатып алып берді. Асхаттың жасы 75-ке келгенде де үшінші табыс көзін тапты, теміржол мен базар аралығындағы жерді арендаға алып, базарға келетін көліктер үшін автотұрақ ашты. «КАМАЗ»-дағы картоптың ұрланбауына шынжырлап қойған төрт неміс овчаркасы жауап береді.

Қайырымдылықпен атағы шыққан Асхатты Татарстанның бұрынғы президенті Минтимер Шаймиев ерекше құрмет тұтып, өзінің қаражатына 2008 жылдың 30 тамызында Қазан қаласындағы Кремль іргесіне Асхат ақсақалға ескерткіш орнатты. Президенттің өзі құрметтеген адам таңғаралық меценатты барлық адамдар жақсы көруі керек емес пе? Олай болмай шықты. Асхат өзі дүниеге келген Бұлым ауылындағы жерлестерінің өтініші бойынша көшелерге асфальт төсеп, бітпей тұрған мешітті бітіріп, бірнеше скважина қазып, ауызсу құдықтарын ашып берген еді.

Жергілікті билік басындағыларға мұның астарында «Кімнің күшті екендігін көрсеткісі келді» деп түсінді. Белгісіз біреулер түнде құдыққа улы тыңайтқыш төгіп, суды жарамсыз етсе де, ешкімді кінәлаған жоқ. Себебі адамдардың мұндай пендешілігін ол талай рет басынан өткерген болатын.

Өмірінің соңында, әлі кетіп кәсіпкерлікпен айналысуға шамасы келмегесін, фермасы мен автотұрағын сатып, ақшасын Татарстан, Башқұртстан мен Чуваш елдеріндегі балалар үйіне аударды, Ресей президенті В.В.Путиннен алғыс хат та алды. Президент сыйға берген жайлы пәтерді Қазақстаннан келген оралмандарға беріп, өзінің ескі үйінде жалғыз тұрған қайырымды қарт 2016 жылы 3 қаңтарда 80 жасында қайтыс болды.

Суретте: Қазан қаласындағы Кремль іргесіндегі орнатылған ескерткіші

Бақытжан  Түменбай,

тарих  пәні  мұғалімі,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: