Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салымға сеніп, салыңыз суға кетпесін…

10.09.2020, 11:40 1449

Н.Қазиқызының  коллажы

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген елде зейнетақы жүйесінің көпсатылы деңгейі қалыптасқан. Әлдеқашан дамыған мемлекет­тердің зейнетақы қорларының тарихы­на ғасырдан астам уақыт өткен. Ал Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің қалыптасқанына небәрі 22 жыл болса да, көптеген өзгерістер енгізіліп, озық тәжірибелерге сүйеніп келеді. 1998 жылдан бері мемлекет сол жылдың 1 қаңтарынан жұмыс өтілі бар азаматтарға ынтымақты зейнетақы төлеуді жалғастырып келе жатса, 2005 жылдан бастап­ базалық зейнетақы төленуде. Бұл төлемдер базалық деңгейді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 1998 жылдан барлық қазақстандықтар жалақысының 10%-ын жинақтаушы зейнетақы қорына аударуда. Үшінші деңгейге көшу сатысы 2020 жылдан басталады деген болатын. Онда жұмыс берушіл­ер әр қызметкерге міндетті 5% жарна аударады. Осылайша, зейнетақы жүйе­сінде қаржыландырудың 3  көзі  болады және ол неғұрлым әртараптандырылады. Алайда бұл бағытқа жасалатын өзгеріс 2023 жылға шегерілді.

Тәжірибесі  аз  қордың осы 20 жыл ішінде түйіспеген тұсы да, шикілікке ұрынған кезі де  болды. Соңғы  бесжылдықтың бедеріндегі салымшылардың 70 млрд теңге жинағының жыры әлі елдің есінен кете қойған жоқ. Кешег­і карантин кезінде де ел жинақтағы ақшасын түгендеп отырды. Ай сайын тұрақты түрде аударып отырған салымның соңына «шам» алып түсіп отырған бұқараның жайы қазір мәз емес. Ұлтарақтай жер мен күнгей беттен сәуле түсетін бір бөлмелі баспанаға зәру. Ақиқат – осы, ақыры қандай?

ҚАЗАҚСТАН   мен   СИНГАПУР…

Өткен жылы зейнетақының халықар­алық жүйедегі артықшы­лықтары мен кемшіліктерін зерделеген сарапшылар қордағы жинақтал­ған қаражаттың белгілі бір бөлігін пайдалану  бойынша ұсыныс  енгізген еді. Алғашқысы – баспанаға, екіншісі – ем-домға жұмсау туралы бастаманы  жұрт қуана қабыл алға­нымен, жұбана  қоймады.

– Ел азаматтары тиісті зейнет­ақысын алуы қажет. Сондықтан зейнетақы жинағын пайдалану жағы есепшоттағы ақшаның көлеміне байлан­ысты жүзеге асады. Адам зейнеткерлікке шыққанда қажетті ақшамен­ қамтылуы шарт. Қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Сондықтан біз әрбір адамның есеп­шотындағы қаржы зейнет жасына жете ме, жоқ па, осыны ескеруіміз керек­. Өкінішке қарай, қазіргі кезде салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 миллион теңгеге жетпейд­і. Ал қажетті сома 10-12 миллион теңге болуы тиіс. Ондай азаматтардың саны – 102 мың адам, – деген еді  жыл басында премьер-министр­дің  экс-орынбасары  Б.Сапарбаев.

Жаңалықтың бұл легін естіп, оқыған жұрт ұлардай шулады. Өйткені жылдар бойы тірнектеп жиған­ салымы миллион теңгеге де жетпейтін адамдардың саны бірнеше миллионнан асады. Негізінен жеке жинақтаушы шоттардағы салым қаражаттың белгілі бір бөлігін мақсатты пайдалану өзге елдердің тәжі­рибесінде бар. Мәселен, АҚШ, Жаңа Зеландия, Ұлыбританияда гибридтік моделдің өтімді және өтімсіз түрін қолданса, Сингапур мен Малайзияда медициналық көмек не тұрғын үй алу үшін жұмсауға болатын қосалқы шоттар бар. Бірақ, онда жалақының 37 пайызы зейнетақымен қамтамасыз ету орталығына тұрақты аударылып отырады.

МЕРЗІМІНЕН   БҰРЫН  АЛУҒА   БОЛА   МА?

Әрине, болады. Онда да Қазақстаннан тысқары аумаққа түбегейлі көшіп бара жатқан жағдайда рұқсат етіледі. Өткен жылы осындай фактімен 28 мыңнан астам адам 50 мил­лиард теңгеден асатын зейнетақы шотын­дағы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланған. Мұндай жағ­дайда зейнетақы төлемдерін алу үшін бұрынғы қазақстандықтар БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі керек. Олар өзде­рімен бірге шетелдік паспортының көшірмесін және растау үшін түп­нұсқасын немесе халықаралық шарт­тар­да көзделген басқа құжаттарды, сондай-ақ алушының банктік шоты туралы мәліметтерді өткізеді. БЖЗҚ мәліметтері бойынша, Малайзияда жылына кем дегенде бір жарна салатын белсенді салымшылардың үлесі 47%-ды құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 76%. Ал Дания, Австралия және АҚШ-та кей мәліметтерге сүйенсек, салымшы есепшоттан үнемі қаражат ала алады және сонымен бірге оны қайтармауға құқылы.

БҰЛ   ӘН – БҰРЫНҒЫ ӘННЕН  ӨЗГЕРЕК

Бұл жолғы айтылып жатқан жайт ортақ болғанымен, нысаналы алгоритмде өзгерістер бар. Бұған дейінгі айтылған мәліметтерде бірыңғай жинақт­аушы зейнетақы қорындағы салым сомасы 10-12 миллион теңгеден асса ғана қордағы қаражатты мерзім­інен бұрын пайдалануға бо­латындығы айтылған. Ал президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, БЖЗҚ салымшыларының қордағы  қаражатының  жеткіліктілік шегі  белгілі  болды.

– «Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрі  әйелдер мен ерлер үшін бірдей.  Қалыптасқан параметрлерге сүйене отырып, 20 жастан бастап әр жас үшін есептеледі.

30 жас үшін – 2 млн 518 мың теңге;

35 жас үшін – 2 млн  961 мың теңге;

40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге;

45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге;

50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге;

55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге;

59 және одан үлкен жас үшін –  5 млн 586 мың теңге. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. Осы «шекті» сомалар­ға қол жеткізу табысы ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде болаты­н тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді. Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты  пайдалану  мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайда­лана алады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минист­рі Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен  брифинг  аясында.

Түсінікті болу үшін айта кетейік, «жеткіліктілік шегі» дегеніміз белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді. Ол оның табысынан БЖЗҚ-ға тұрақты түрде жүзеге асырылатын 10% зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан төмен емес) ескере отырып, 82 жасына дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шынын айтайық, Қазақстан аймақтарындағы әлеуметтік ахуал мен орташа айлық көрсеткіш ала-құла екенін бәріміз білеміз. Сондықтан осы жасқа келгенше осынша қор жинаған­ азаматтар некен-саяқ екенін министрлік өздері де жорамалдап отыр. Халық  бастапқыда  тиімді  санад­ы, алгоритммен толығырақ таныс­а келе, әлі де тиімсіз екенін айтуд­а. Ел арасындағы «30 жастағы азамат еңбекке араласқан 7-8 жыл ішінде  қажетті  соманы  жинақтай  ала ма?»  деген сауалға жауап іздедік.

– Бұл жерде айта кететін  жайт, 150-200 мың теңге табыс табатын азамат­тар осы сомадан асырып та қаражат жинай алады. Қалай? Бұл жерде ай сайын салынатын салымдар ғана есептелмейді. Жинақталған ақшаны инвестицияға жібереді, айнал­ымға салады. Содан инвестициялық кірістілік шығады. Ол жылына белгілі бір пайыз (8-10 пайыз болуы­ мүмкін) қосылып отырады. Тура депозит секілді әр жыл сайын ақшаңыз да көбейеді, көбейген сома­ға сәйкес инвестициялық кірістілік те артады. Осы уақытқа дейін шамамен 3 млн теңге жинаған болсаңыз, үстіне 1,5 млн теңге инвестициялық кіріс қосылады. Сонда 30 жастағы адамның қорындағы қаражат шамамен 4,5-5 млн теңге болуы мүмкін. Ендігі талап, еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі бұл есептілікті жылда өзгертпеу керек. Кемі 4-5 жыл тұрақты тұру керек, – деді экономист Мақсат Халық.

ТАҒЫ БІР АМАЛ БАР…

Сондай-ақ, азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану үшін осы отбасы мүшеле­рінің қаражатын біріктіруге болады.

– Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе емделудің ақы­сын төлеу үшін ерлі-зайыптылар, жақын­ туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) қаражаттарын біріктіріп пайдалана  алады. Бел­гіленген  талаптарға сәйкес келген жағдайда алып қою саны бойынша шектеулер көзделмеген, – деді еңбекмині.

Жолдауда айтылған тапсырма­ларды жүзеге асыру – тиісті орган­дардың жұмысы. Мәселен, зейнет­ақы жинақтарын төлеу есебінен медици­налық көмек алуға азамат­тарды жіберу қағидаларын ҚР Ден­саулық сақтау министрлігі, зейнет­ақы  активтерін  сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын  ҚР Қаржы нарығы­н  реттеу және дамыту агенттігі айқындайды. Ал салымшы  зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін жеке қаржы компаниясын таңдауд­ы БЖЗҚ-ға өтініш беру арқыл­ы  жүзеге  асырады.

БЖЗҚ ресми порталындағы соңғы сандар 773222311 мың теңге деген цифрмен «әрленіп» тұр. Дамушы елдер тәжірибесінде зейнетақы жүйелерін­ің сапасы мен тұрақтылығы сирек кездеседі. Өйткені кейбір елдерд­е әлі де болса зейнетақы қоры құрылмаған. Тек әлеуметтік төлем орталықтары ғана жұмыс істейді. Ал Қазақстан өзінің егемендік алған жылдарын­ың  ішінде  әлемдік  тәжірибеге негізделген өзінің ортақ  базасын құрды. Сақтандыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналат­ын  немістің «Allianz Global Pension Report» компаниясы  зейнет­ақы жүйесіндегі қаржылық тұрақтылығы сәйкес келетін 70 елдің тізімін алып, рейтинг  түзді. Нәтижесінде  Қазақстан  үздік  жиырмалықтан  көрініп, ТМД елдері арасында көш  бастап  тұр. БЖЗҚ  телеграм каналында  жарияланған мәліметтер бойынша бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен  әзірге Латвия  ғана  озып  тұр. Эстония – 25, Литва – 27, Ресей – 33, Украина  56-орынға  тұрақтаған.

Н.ҚАЗИ


Сіз не дейсіз?

Мақсат  ХАЛЫҚ,

GSB  UIB  директоры,  экономист:

Бұл  жолғы  өзгеріс – «космостық» соманың  азаюы

 – Бұл жолғы есептеу белгілі бір дәрежеде шындыққа жанасады­. Бұдан да сәл төмендетуге болатын еді, бірақ осының өзі – үлкен өзгеріс. Өйткені қаңтар айындағы  келтірілген ең  төменгі  шектен  3 есе төмендетілген. Ол кезде 30 жастағы салымшы зейнетақы қорындағы қаражатын пайдалану үшін 6-7 млн теңге қаражат жинауы­ керек болатын. Соңғы өзгерісте 30 жастағы азамат 2,5 млн теңгеден асатын қаражаты болса ала алады. Жыл басында қарастырылған көрсеткішке біраз сын-пікірлер айтылды. Сол кезде «космостық» сомадан түсу керектігін, кемінде 2,5 млн теңге шамасы­нда болу керектігін ұсыныс ретінде айтқанмын. Президенттің арала­суымен осындай сомаға тоқталып отыр. Әлі де көп сын айтылуда. Орта тап өкілдері пайдаланып, қарапайым халық тағы да қалып қояды деген сарындағы. Иә, солай болатыны анық, бірақ 721 мың  адамның барлығы орта тап өкілдері деп айта алмаймыз­. Қазақстанда  орта тап өкілдерінің үлесі еңбекке жарамды­ 10 миллионға жуық халық бар десек, соның 1 пайызы ғана. Қаңтар айындағы шекті көрсеткіш негізінде бұл мүмкіндікке 113 мың адам ғана ие делінген еді. Қазір бұл да 7 есеге ұлғайып отыр. Келесі жылдан бастап, бұйыртса­, 721 мың адам қордағы қаражатын­ алады, ол да аз емес… Егер  осы  лекпен  мүмкіндікті  қолданат­ындар  алдымен  алсын. Содан­ кейін  халық  арасында  қоғамдық   резонанс туындауы   мүмкін. Біреуді­ң көршісі сол жинақ­та­ған зейнетақы қаржысына жер алып, үй салып, білім алып, денсау­лығын ретке келтіріп жатса, қорға ақша аударуға халықтың қызығушылығы артады. Халықтың көп бөлігінің жиған табысы миллион теңгенің айналасында. Сондықтан бұл азамат­тардың кезегі­  алдағы  2-3  жылда  келеді.

Тағы бір айта кетерлігі, алдыңғы есептеулерде әйел адамдар үшін қабылданған шешім әділетсіз болды. «Неге олай?» деген сұрақ туындады.­ Сонда «әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді» деген­  жауап  болды.  АБСУРД! Осы жағдай да ескеріліп, бұл жолғы­  өзгерісте­  шекті  мөлшер  әйелге  де, ер  адамдарға да бірдей  мөл­шерде­  белгіленді.

Дәл осы жағдайдан кейін халық қаржылық сауаттылығын артты­ра түсті. Зейнетақы қорындағы қаражатын, қашан зейнетке­  шығатынын  есептеп кетті. Бұдан кейін де жұмыс беруші­ мен жұмысшы арасында «зейнетақы қорына міндетті түрде қаржы аударылс­ын» деген талап күшейеді. Әйтпесе, бұған дейін қорға ақша аудармай жұмыс істеп жүргендер көп болатын. Инвестици­ялық табыс инфляция деңгейінен төмендеп кетті. Бұл жағдай да зейнетақ­ы  қорының  жұмысына  жаңадан  тыныс  ашуы  мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: