Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасұлан Серіков: Америкада аш қалу мүмкін емес

14.09.2023, 11:30 655

HALYQLINE.KZ

Сәті  түскен  сұхбат

Бір танысым «Астанаға барсам, аштан өлетін сияқтымын» деп еді. Бұл – тұрған мекеніңнен қарыс қадам аттасаң, күнің қараң болады деген стереотип. Жылы орыннан жылыстау кімге де болса оңай емес. Бірақ, өмір мүмкіндікке толы. Оны дер кезінде дөп басып, қажетіңе жарата алу маңызды. Әсіресе тіл біліп, шетел көру де – адамзатқа берілген нығметтердің бірі. Қызылордалық кәсіпкер Жасұлан Серіков осыдан бір жыл бұрын отбасымен Америкаға қоныс аударған. Аз ғана уақыттың ішінде ол отбасымен Американың атмосферасына да бой үйретіп қалыпты. Өткен аптада туған топырағына табанын тіреген жерлесіміздің жалпы жай-күйін сұрап, әңгімелескен едік.

– Жасұлан, Америкада тұрып жатқандарыңызға бір жылдай уақыт болып қалды. Ол жаққа қоныс аудару шешімі қалай жүзеге асты?

Жұбайым «Грин кард» ұтып алды. Оны отбасында бір адам ұтып алса, соған сәйкес оның жолдасы, бала-шағасы Америкаға көшіп барып, сонда өмір сүруіне болады.  Отбасылық шешім қабылдау бізге қиынға соққан жоқ, қайта оңай болды. Өйткені біз бұған дейін де Америкаға тәжірибе алмасуға, турист ретінде де барып келгенбіз. Ау-жайын байқап жүрдік. Өзімізге әу бастан-ақ ол жақ ұнаған. Әжептеуір алға жылжыған, дамыған ел. Ол үшін алдымен әрине, ата-анамыздың ақ батасын алу керек болды. Олар біздің бұл шешімімізге ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Көшу керек пе, керек емес пе деп толқынысқа түскен жоқпыз.

Оқырмандарға түсінікті болу үшін «Грин кард» деген не екенін қысқаша түсіндіріп кетейік. Бұл – АҚШ-тың тұрақты тұрғыны яки резиденті екеніңізді растайтын жеке куәлік. Осы құжаты барлар елде еш кедергісіз жұмыс істеп, кіріп-шығып жүре береді. АҚШ азаматтарымен тең оқып, бизнес ашып, әлеуметтік көмек ала алады. Елде 5 жыл тұрғаннан кейін грин-карта иесіне АҚШ азаматтығын алуға мүмкіндік бар. Бастысы, Америка заңын бұзбауы керек. Салықты уақытылы төлеп, ел аумағында көбірек тұруға тиіс. Егер сіз елден 6 айдан астам уақытқа кетіп қалсаңыз, онда картаңыз күшін жояды. 

– Сол жақта бірыңғай қаласыздар ма, әлде Отанға ораласыздар ма?

– Бұл сұрақтың нақты жауабы – болашақтың еншісінде. Сонда да бүгінгі ойымызбен бөлісейін. Адам болған соң ойымыз өзгеріп тұрады ғой. Екі-үш жылдан кейін ойымның қандай болатынын білмеймін, бірақ, 3-4 жылдан кейін елге қайтқымыз келеді. Осында келіп, ол жақтан алған біліміміз бен тәжірибемізді пайдаланып, кәсіп жасасақ дейміз. Үлкен балам жоғары сыныптарда оқиды. Мүмкін сол Америкада жоғары оқу орнына оқуға түссе, Отанға да оралып қалармыз. Оның барлығы – бір Алланың қолында.

– Американы Қазақстанмен салыстыруға келмейтінін білеміз. Бірақ ол жақтың экономикалық дамуының қай тұсы Қазақстанға керек деп ойлайсыз?

– Америка – сөзсіз экономиканы сан қырынан дөңгелетіп отырған ел. Ол туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол жақта кәсіпкерлікке кедергі мүлдем жоқ, Күнара әкімдіктен немесе өзге де құзырлы органдардан келіп, бейберекет ешкім ешкімді тексермейді. Мен өзім танитын бір жігіт бар. Ол сонда бизнесін дөңгелетіп отырғанына 4 жылдай уақыт болып қалған. Осы уақыт аралығында бірде-бір кәсіпкерілігіне келіп шұқылайтын шенеунікті, тексеріс жасайтын құзырлы орган өкілдерін көрмеген. Кәсіптің есебін, салығын уақытша төлеп отырсаң, бастысы өрескел қателік жасамасаң, ол жақта ешқандай кәсіпкерді түрткілеу болмайды. Сонысы жақсы Американың. Сондай-ақ, мына жерге қолдау көрсетші, көмек көрсетіп жіберші деген өтініштер немесе «айыппұл саламын» деген қорқыту, үркіту деген атымен жоқ. Мемлекет бизнестің дамуына кедергі келтірмейді. Бұл – үлкен қолдау.

– Балаларыңыз тілді қалай үйренді? Ана тілін ұмытып қалады деп қауіптенбейсіздер ме?

– Басында мектепте үйреніскенше қиын болды. Өйткені тіл білмейді. Үш баламның екеуі бастауыш мектептерде болды. Ал үлкен балам ағылшын тілін білетін. Бірақ жарты жылда барлығы да ағылшын тілін өте жақсы меңгеріп, қоғаммен еркін араласа алатындай деңгейге жетті. Ал ана тіліне келетін болсақ, оны ұмытып кетеді деп ойламаймын. Өйткені біздің түбіміз қазақы өңір ғой. Оның үстіне біз отбасымызда да қазақ тілінде сөйлесеміз. Сондықтан бұл мәселені ешқандай уайымдамаймыз.

– Ол жақта қазір қандай кәсіппен айналысып жатырсыздар?

– Дәл қазір мен шағын ғана кәсіппен айналысып жатырмын. Америкада тасымалдау саласы – үлкен сала. Соның ішіндегі үй көшіру. Ол жақтың халқы өте жиі көшеді. Бұл – үлкен бизнес саласы және онда үлкен ақша да бар. Осы кәсіпті бастағаныма 4-5 ай болды. Мәселен, бір АҚШ отбасы бір қаладан екінші қалаға немесе бір ауданнан екінші ауданға көшетін болса, соларды тасымалдап беру арқылы ақша табуға болады. Ол қызметті «мувинг» деп атайды.

Мувинг қызметін жаңа пәтерге не үйге көшуді мақсат еткен адам пайдаланады. Одан бөлек, әртүрлі үй жиһаздары мен өзге де ауыр әрі қолайсыз заттарды көшіру де осы қызмет түріне кіреді.

– Қазір қазақстандықтардың көбісі Англия асып, сол жақтан нәпақа табуға көшті. Жалақысы да көп дейді. Сол рас па?

Мен өз басым ол жаққа барып көрген жоқпын. Бірақ оларды қолдаймын. Жұмыс істегенде тұрған ешнәрсе жоқ. Және ешқандай жұмыстан қашпау керек. Айлық жалақы көп дегенге келсек, әрине Қазақстан үшін 1 миллион теңге көп. Ал шетелге ол өте аз. Сондықтан көші-қон заңын бұзбай, уақытылы қайтатын болса дұрыс. Ал Кореяға азаматтар турист болып барады да, сол жақта жұмыс істеуге қалады. Ал Англияның артықшылығы заң жүзінде барып жұмыс істеп, елге қайтады. Көпшілігі өзге елге барып жұмыс істейтіндерді құптамай жатады. Негізі шетел көріп, ол жақты тану, зерттеу керек. Даму сол кезде болады. Үйдің ауласынан шықпай, барлығына негатив көзқараспен қарау – құлдыраудың белгісі. Сондай-ақ бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді.

– Пәтер жалдап тұрасыздар ма? Көліктердің бағасы ол жақта қолжетімді ме?

Біз Американың ең қымбат Калифорния штатында және оның Ирвайн деген қаласында тұрып жатырмыз.Пәтерді жалдап тұрамыз. Бағасы әрине, қымбат. Біріншіден, ол Америкадағы рейтингі ең жоғары және қауіпсіз қала саналады. Екіншіден, мектептері де жоғары деңгейде білім береді. Сондықтан біз осы қалаға тұрақтаған едік. Ол жақта пәтерге айына 3300 АҚШ долларын төлеймін. Теңгеге шаққанда 1,5 миллион теңгедей болады. Көліктердің бағасы арзан біздікімен салыстырғанда. Бір жарым, тіпті екі есе арзан десем де болады. Сол себепті мен өзіме 2-3 көлік сатып алдым. Қалаға келген туристерге жалға берсең де ақша әкеліп тұрады.

– Азық-түлік, киім-кешектің бағалары көңілге қонымды ма?

Теңгемен шаққанда қымбат, бірақ Американың кірісімен есептейтін болсақ, арзан. Америкалықтардың айлық жалақысының тек 10 пайызы ғана тамаққа кетуі мүмкін. Ал қазақстандықтардың айлығының 50-80 пайызы азық-түлікке кетіп жатыр. Сондықтан ол жақта тамақ арзан деуге болады. Киім-кешектен де ешқандай мәселе жоқ. Америкадағы табыспен қымбат деуге келмейді. Мысалы, бізде тамаққа бар-жоғы 1000 доллар ғана кетеді. Ол біз үшін көп ақша емес. Еттен тек жылқы еті жоқ, бірақ қалған еттің барлық түрі бар.

– Осы Америкада тұрғындарға тегін тамақ тарататын орындар да бар деп естідік…

– Иә, бар. Мен өз басым ондай жерге әлі барып көрген жоқпын. Барлық қалаларда тегін тамақ беретін орталықтар бар. Ол жерге барып тіркеліп және өзге де құжаттар дайындаудың қажеті жоқ. Барасыз да қалаған тамағыңызды алып кете бересіз. Менің таныстарымнан барып көргендер бар. Сондықтан Америкада аш қалу мүмкін емес.

– Білім беру деңгейі қандай?

Біз тұрып жатқан қаладағы мектепте балаға тұлға деп қарайды. Балалар мектепке қуанып барады, қуанып келеді. Ол жерде білімнен гөрі адами құндылық, тәрбиеге басты назар аударылады екен. Мен осыған риза болдым. Балалар өздерін ортасында жақсы, қалыпты, қауіпсіз сезінсе, одан артық ештеңе керек жоқ деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Әйгерім  Нажмадинқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: