Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік – мен үшін мереке емес, қайғылы күн

16.12.2021, 11:00 341

Жанар  БАЖАНОВА,

желтоқсаншы:

Азаттық  аңсаған  ұрпақтың  арманы орындалып,  ел  Тәуелсіздігіне  биыл   30 жыл толды. Осы Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаншама жүрегі қазақ деп соққан халқымыз құрбан болды. Еліміздің басына төнген нәубет жылдардың артта қалғаны желтоқсаншылар үшін ұмыт болуы қиынға соғатыны даусыз. Қайтпас қайсарлығымен ерекшеленетін ел болғаннан кейін дегенімізге жеттік. Міне, осы сөзіміздің дәлелі Жанар Бажанова. Ол нәзік жанды болса да, ешкімнің дақпырт пікіріне қарамастан, өзінің ұлтжанды азаматша екенін дәлелдеп, елі үшін нар тәуекелге барды. Еліміздің көптен күткен Тәуелсіздігі алаңға шыққан әрбір боздақтың маңдай терімен, қанымен келгенін білеміз. Мәңгілік ел болуда ойып тұрып орын алатын Алаш зиялыларының орнын толтыра алмасын білсек те, дана Абай айтқан «Болмасаң да, ұқсап бақ!» кредосын мықтап ұстанамыз. Сондықтан да осы күнге жетуімізге ықпал еткен желтоқсаншы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің бас есепшісі Жанар Бажановамен тілдесуді ұйғардық.

– Желтоқсан айы жақындағанда қандай сезімде боласыз?

– Үлпілдек қар жамылып, қыстың алғашқы таңы ат­қаннан бастап, тұла бойым ауырып, сол бір ызғарлы күндер есіме түседі. Желтоқсан айы жақындағанда көңіл күйім болмай, талықсып қалатыным рас. Әрнәрсе есіме түсіп, басым да ауырады. Қыршын кеткендерді … еске түскенде … сөзім жоқ. Негізі «айтулы мереке» деп жатады. Мереке емес!  Қайғылы  күн…

– Алаңға қалай бардыңыз? Оған  не  түрткі  болды?

– Жас болдық. Енді сол кезде барлық қазақ, үлкені де, кішісі де сол кездегі орталық биліктің озбыр саясатына қарсы болды. Жалындаған жас болғасын өз еркімізбен алаңға бардық. Алаңда тұрған адамдарға кішкене болса да қол көмек созып, қазақтың саны неғұрлым көп болса, жеңілмейміз деп ойладым. Бірақ таяқ жеп қайттық.

– Желтоқсаннан кейінгі өміріңіз қалай жалғасты? Аяғыңызға тұсау салғандар  болды  ма?

– Желтоқсаннан кейін ешкім жолымды бөгемеді. Себебі істеген әрбір іс-әрекетім барынша жасырын болды. Қысқаша айтқанда, партизанша істедім. Аз-кем болса да үлесімді қостым деп санаймын. Мен сол уақытта соңғы курста оқыдым. Аман-есен оқуымды аяқтағанымды айта кетейін. Алаңға шыққанымда жүкті болғанмын. Соған қара­мастан соққыға түсіп жат­қанда, арғы жақтан бір ер адамның «Отпусти!» деген дауысын естідім. Сөйтіп әйел адамдарды жіберіп, ерлерімізді теуіп жатты. Бірақ менің мұнай факультетінде оқитын екі інімді оқудан шығарды. «Қазір шықпасаңдар, онда  сая­си қылмыскер боласыңдар, өз еріктеріңмен кете қойың­дар», деді.

– Шыны керек, желтоқсаншыларды тек Тәуелсіздік күні жақындағанда ғана із­дейміз. Осы жаңсақ әрекетімізге өкпелісіз  бе?

– Әрине!

– Ренішіңіз орынды! Ал сіздерге билік тарапынан қан­дайда  бір құрмет көрсетіле ме?

– Жооқ, тіпті биыл журналистердің сұрауымен, желтоқсанға қатысқандарды іздегенде  таң  қалдым.

– Журналистер бағыт көрсетпесе, бір парақты арқалап, ыстық ықыласын білдіруге де жарымай тұр дейсіз ғой. Енді бізге, яғни z буын өкілдеріне өкпеңіз  бар  ма?

– Қазіргі жастар көп нәрседен хабарсыз. Бәлкім үгіт-насихат аздау шығар. Көп нәрсенің бағасын білмейді. Мысалы, ең құрығында Тәуелсіздігіміздің қандай бағамен келгенін зерттеп ізденбейді ғой. Қаншама жастың батылдығы, біліктілігі, ауызбіршілігінің арқасында қол жеткіздік. Жастарға ешқандай өкпе айта алмаймын. Жастарды тәрбиелеген өзіміз. Алайда қарап отырсаңыз, сол кезде де жастардың ұлтына деген махаббатының арқасында жеңдік. Қазіргі жастарымыз­дың да бойында  сондай қа­сиет­­тер  барына  сенемін.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: