Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әсел СЕРІКБАЙ: Шахмат шыдамды, сабырлы болуға үйретеді

26.01.2023, 10:00 732

Шахмат ойыны бүгінде біршама елде танымал. 6-ғасырда ежелгі үнді ойыны болған бұл спорт түрі жыл өткен сайын шахматшылар қатарын көбейтіп келеді. Психологтердің айтуынша, адамның есте сақтау қабілетін арттырудың бір тәсілі осы шахмат ойыны екен. Тіпті, Әзірбайжан, Армения, Мажарстан, Испания, Мексика, Польша, Түркия және т.т елдерде мектептің бір сабағы болып бекітілген. Ал, Қазақстанда мектеп бағдарламасына кірмесе де, оқушылар шахмат ойынын денешынықтыру сабақтарында ойнайтыны ақиқат.

Міне, бұл «ақылды» спортпен жастайынан айналысып, бүгінде Қазақстанның 19 дүркін чемпионы, әлемнің 3 дүркін чемпионы, Азияның  7 дүркін чемпионы және бірнеше мәрте әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегері, қызылордалық Әсел Серікбай дүбірлі додаларда көк туымызды биікке көтеріп жүр. Сол себепті осындай қайсар қызымызбен шахмат жайында сұхбаттасуды жөн көрдік.

МЕКТЕПКЕ  КЕЛГЕН  ЖАТТЫҚТЫРУШЫ  ӨМІРІМЕ  ОҢ  ӘСЕРІН  БЕРДІ

– Шахматқа қалай келдіңіз? Оған не немесе кім  түрткі  болды?

– Мен 2008 жылдың қазан айынан бастап шахматпен айналыса бастадым. Мектебімізге Риза Қошқарова есімді шахматтан жаттықтырушы келген болатын. Сол кезде сынып жетекшімізден 10 шақты оқушыны сабақтан сұрап алған еді. Соның қатарында мен де болдым. Бізге шахматты көрсетіп, ережелерін түсіндіріп, ойынның құпияларын да айтып үйреткен еді. Менің сол кезде шахматтың фигураларына деген қызығушылығым оянды. Әсіресе «конь», «слон» фигураларына қарап, бала болғаннан кейін ұстап көріп, олардың ойын барысында қалай жүретінін мұқият тыңдап, қызыға бастадым. Ұстазымыз «кімде-кім шахматты үйренем десе, түстен ке­йін сағат 3-те үйірмеге келсін» деген болатын. Мен сабақтан кейін үйге қайтып, ата-анама шахмат жайлы айтып, бағана көрген қызығыммен бөлісіп,  артынша  сол  үйірмеге  бару­ға  бола ма деп рұқсат сұрадым. Ата-анам қарсы болған жоқ. Күнделікті атам шахматқа өзі апарып, қайтарда алып қайтатын. Біздің үйде әкемнен басқа ешкім шахмат ойнай алмайды екен. Мен осы үйірмеге келгеннен кейін әкеммен шахмат жайлы жиі сөйлесіп, бірге ойнай бастадық. Бала­лық шақта басталған шахматқа деген махаббат әлі күнге дейін өшкен жоқ. Осы спорттың арқасында әлемді араладым, еліміздің намысын қорғап, қаншама байқауда бақ сынап, өзімнің біліктілігімді арттырып келемін. Егер адам айналысқан ісіне шын ғашық болса, одан бас тартуы қиынға соғады. Өйткені арманыңды ұмытып, оны жарты жолдан тастап кеткің келмейді. Өмірде адам адамға кездейсоқ жолықпайды және бір адам бір адамның өмірін өзгерте алады екен. Мектепке келген жаттықтырушы  менің  өміріме оң әсерін  берді.

– Алғашқы жеңісіңізді айтып өтсеңіз. Сол кездегі  эмоцияны  еске  түсірейік.

– Шахматқа келгеніме көп болмаса да, 2008 жылы екі айдай айналысқаннан кейін, яғни желтоқсан айында Қарағанды облысында Дәрмен Сәдуақасов атындағы кубокқа қатыстым. 9 ойында шамамен 3-4 ұпай ғана жинап, жеңіліп қалған едім. Десе де, осы байқауда «ең жас ойыншы» номинациясын иелендім. Мен ол кезде 6 жаста болатынмын. Менен басқа бір қыз, бір ұл болды. Оларға да дәл осындай номинация берді. Бізді тұғырға шығарып, ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың кітабын, сертификат табыстап, сондай-ақ плеер-құлаққапты сыйға тартқан еді. Мұндай жетістік 6 жастағы бала үшін үлкен мәртебе екені анық. Мен көпшіліктің алдында тұғырға көте­ріліп, мара­пат алғаным үшін қатты қуандым. Маған бұл мотивация болды. Әрі қарай да осы  спортпен айналы­сып, биік белесті бағындыр­ғым келді. Менің шахмат спортындағы  алғашқы  жетістігім – осы.

– Шахмат  біздің  өңірде  қаншалықты  таны­мал?

– Қазіргі таңда Сыр бойында бұл спорт жақсы дамып келе жатыр. Жылдан-жылға шахматқа қызығып, ойнайтын балалар мен жастар көбейіп келеді. Барлық мектепте болмаса да, кей мектепте қосымша сабақ ретінде қосып та жатыр. Менің ойымша, мектепке шахматты қосымша сабақ ретінде қосу бұл спорттың дамуына өте жақсы әсерін береді деп ойлаймын. Себебі өзім де осы жолмен келдім. 2008 жылы шахматқа қатысатындар аз болды. 5-6 жыл өткен­нен кейін қатарымыз көбейді. Ал, қазіргі күні интеллектуалды ойын болғаннан кейін ата-ана­лар өздері балаларын шахматқа беріп жатыр. Сондықтан шахматқа сұраныс жоғары деп толық сеніммен айта  аламын.

ҚЫЗЫЛОРДАДА  ЖАС  ШАХМАТШЫЛАРҒА  МҮМКІНДІК  КӨП

– Қызылордада жас шахматшыларға қолдау көрсете ме? Егер иә болса, қандай?

– Иә, Қызылорда қаласында жас шахматшыларға мүмкіндік көп. Мәселен, бізде жыл сайын іріктеу өткізіледі. Бұл іріктеу жас ерекшелік­тері бойынша жүргізіледі. Кімде-кім өз категориясында жүлделі орын алса, Қазақстан чемпионатына қатысуға жолдама алады. Қызыл­орда облыстық мәдениет және спорт басқармасы бұл жолдаманы толық мойнына алады. Яғни спортшылар­дың чемпионатқа қатысуын толық­тай қамтамасыз етеді. Пандемия уақытын есептемегенде бұрынғыға қарағанда өңірімізде жарыстар көп болуда. Шахматтың Қызылордада жандануына демеушілер көмектесіп жатыр. Жарыстың көп болуы да – демеу­шілердің арқасы. Біз жарысқа қатысу арқылы өзіміздің кәсібилігі­мізді шыңдаймыз. Өңірдегі жарыс­тар әлемдік чемпионаттарда жақсы өнер көрсету үшін үлкен трамплин десек  болады.

– Шахмат адам бойындағы қандай қабілеттерді арттырады? Қанша жастан бастап баланы шахматқа берген дұрыс?

– Шахмат негізі шыдамды, сабырлы болуға үйретеді. Себебі ойын­ның ұзақтығы қарсыласыңның біліктілі­гіне қарай созылады. Бір ойынның өзі 7-8 сағатқа дейін созылуы мүм­кін. Міне, бірінші кезекте адам бо­йындағы осы қасиеттерді арттырады. Бұдан бөлек, логикалық ой­лауды, концентрацияны да  шыңдайды. Шахмат  ойнаған кезде  ойыңыз  бас­қа жақта болуға болмайды. Наза­рыңыз толықтай шахматта болуы тиіс. Сонымен қатар, бұл спорт ойы­ны анализ жасауды, стратегия­лық  ойлауды  да  арттырады. Менің ойым­ша, шахматқа баланы 5-6 жас­тан берген дұрыс. Енді бұл жерде бала­ға да байланысты. Егер шахматты меңгере алатындай қабілеті бар деп ойласаңыз, неғұрлым ерте бергеніңіз  дұрыс  деп  санаймын.

– Жарысқа қалай дайындаласыз?

– Бізде де басқа спорт секілді дайын­дығымыздың өзіндік ерек­ше­ліктері бар. Мысалға, шахматта өзінің арнайы есебі болады (ол мате­матика, физика есептері сияқты емес), (орысша: задачи немесе решебник). Сол түрлі есептерді шығарып миға жаттықтыру жасаймыз, әр есеп әртүрлі деңгейге байланысты болады. Мәселен, шахматта түрлі позициялар  тууы  мүмкін, шахмат есептері арқылы сондай ситуациядан яки  ойын кезінде пайда болып қалып  жатса, бізге оңайырақ  болу үшін есептерді көптеп шығару өзіміз үшін пайдалы. Одан бөлек, шахматты 3 кезеңге бөлеміз. Ол – дебют (ойын бастамасы), миттельшпиль (ойын ортасы), эндшпиль (ойын соңы, фигура­лардың саны аз қалған кез). Осы кезеңдерді  білу, танысу, зерттеу әр шахматшы үшін маңызды, себебі, егер дебютті білмесек, ойын бастамасында қате жіберіп, қарсыласымызға осал тұсымызды көрсетіп, дебют­тен бастап жаман позиция алып қалумыз мүмкін, миттельшпиль – ол да нақты білу керек әрі қызықты кезеңнің бірі. Эндшпиль – ойынның соңғы кезеңі, эндшпильге дейін қарсыластар жетуі де, жетпеуі де мүмкін. Себебі, көптеген партия миттельшпильде бітіп қалады. Эндшпильде  ең бас­ты мақсаттардың бірі – теоретика­лық пози­цияларды білу. Дайын­дық бары­сында осы кезеңдердің қыр-сырын  білеміз, партияларды анализ жасаймыз, өзіміз практикалық тұрғыда сынап көреміз. Мықты шахматшылардың  партиясын  талдаймыз. Осының барлығы да шахмат дайындағына жатады, негі­зінде  айта  берсе,  өте  көп.

ШАХМАТТЫҢ  ӨЗ  ОЛИМПИАДАСЫ  БАР

– Сіз де z буынның ұрпағысыз ғой. Технология дамыған тұста дайын­дықтарыңызға цифрландырудың  әсері  тиді  ме?

– Иә,  септігі өте зор болды. Себе­бі, технологияның арқасында шахматта да неше түрлі бағдарламалар пайда болды. Қазіргі таңда ол бағ­дарламаларсыз ешқандай шахматшы дайындалмайды деп айтсам болады. Арнайы бағдарламалардың арқасында бұрынғы бізге дейінгі шахматшылардың партиясын көре аламыз, одан бөлек олардың қай жақта дұрыс қозғалыс жасап, қай жақта қателескенін біле аламыз. Және де өзіміздің де партиямызды бағдарлама арқылы анализ жасай аламыз. Ал, шахматтың арнайы бағдарламада тұрған нұсқаулары мықты, олар лезде адам баласы санай алмайтындай (санағанның өзінде ұзақ уақыт өтетін) қозғалыстарды, вариант­тарды санап, лезде  дұрыс  жауабын  тауып  бере  алады.

– Шахмат отырып ойнайтын спорттың  түрі  болғандықтан, физикалық  тұрғыда  да кейде дайындық болуы керек шығар. Осы тұста шахматшылар  бос  уақытында  көбіне  немен  айна­лысады?

– Иә, дұрыс айтасыз. Шахмат отырып ойнайтын спорт түрі бол­ғандықтан, физикалық дайындық­ты да талап етеді. Мысалға, мен бапкерлерімнің арқасында өміріме басқа спортты қостым, олар – жүгіру және жүзу. Бұл спорт түрлері мені формада ұстауыма көмек береді. Ойын кезінде тез шаршап қалмауға септігін тигізеді. Ал, шахматшылар әртүрлі, кейбірі футболды өте жақсы көреді және көп ойнайды, және байқағаным, көптеген шахматшы үлкен теннисті көп көреді. Және мүмкіндік туғанда өздері де футбол мен теннис алаңдарында  жүгіріп  ойнап  жүреді.

– Сіздің ойыңызша, әлемдегі ең үздік  ойыншылар  мен  елдер?

– Негізі, қазіргі таңда әлемдегі ең үздік ойыншы – ол Магнус Карл­сен. Одан бөлек, және оған дейін үздік шахматшылардың бірі Роберт Фишер, Гарри Каспаров, Анатолий Карпов, Александр Алехин, Ми­хаил Ботвинник  және көптеген гроссмейстер болған. Ал, елдерді айтсақ, Қытай, Ресей, Америка және т.б. көптеген  мықты ел бар. Қазақстан да бұйырса  осы қатарға кіреді деп үміттенеміз.

– Шахмат олимпиадада неліктен жоқ? Болашақта  қосылғаны  дұрыс  па?

– Өкінішке қарай, шахмат олимпиадада жоқ, бірақ шахматтың өз олимпиадасы бар. Әр 2 жыл са­йын болып тұрады. Соңғы рет 2022 жылы Үндістан мемлекетінде өтті. Бүгінгі күні шахмат федерациясы МОК-қа алдағы 2024 жылғы Франциядағы жазғы  олимпиадаға шахматты спорттың   бір түрі ретінде қосуға ұсыныс білдірген, бірақ та ол әлі қарас­тырылып  жатыр. Менің  ойым­ша, биыл қоспаса да, болашақта шахматты олимпиада қата­рына қосады. Себебі брейк-данс сынды бидің түрін де олимпиадаға қосқанын  ескерген  жөн.

– Алдағы жоспарларыңызды айтсаңыз. Жаттық­тырушы болу жоспарыңызда бар ма? Жалпы, өміріңізді шахматқа арнайсыз ба, әлде басқа  салаға  ма?

– Әзірше жарыстарға қатысып жүрмін. 2022 жылы оқуымды тамамдадым. Енді, Алла қаласа, шахматтан бапкер болу ойда бар. Мүмкіндігінше жақын арада жұмысқа тұруға тырысамын. Иә, не дегенмен 14 жылымды шахматқа арнағандықтан шахматсыз өмірімді елес­тету өте қиын. Білесіз бе, бүкіл ес білген шақтан бері айналысып келе жатқан ісіңізді бір күнде тастап кету оңай емес. Себебі  уақыт  пен күш-жігерін­ді  жұмсадыңыз. Әрбір кішкентай жеңіс  спортшыға  жеңіл келген емес. Сол себепті дөп басып айта алмаймын. Бәрі – бір Алланың қолында. Мені не күтіп тұрғанын, қандай таңдаулар жасайтынымды білмеймін. Десе де, болашақта қандай  жұмысты қолға алсам да, шахматтың әрдайым өміріммен байланысы  бола­ды  деп  ойлаймын.

– Сұхбатыңызға  рақмет!

Сұхбаттасқан

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: