Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің ғарышқа ұшқаным қазаққа керек

21.04.2022, 10:20 617

Мұхтар  АЙМАХАНОВ:

Ресейдегі Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлайтын орталықтың қызметкері, сол жердегі ғарышкерлер тобына қосылған біздің жерлесіміз, Қызылорда облысының Жосалы кентінде туған азаматпен тілдестік. Ол – ғарышкер Айдын Айымбетовпен бірге ғарышкерлер тобына қосылуға үміткер 200 адамның ішінде іріктеліп шыққан қазақ азаматтың бірі Мұхтар Аймаханов. Біз 12 сәуір – Ғарышкерлер күніне орай онымен ғарыш саласының дамуы, өзінің қазіргі жағдайы, болашақ жоспары, ғарышқа ұшу мәселесі туралы  сұхбаттастық.

– Ассалаумағалайкүм, Мұхтар мырза! Денсаулығыңыз қалай? Ғарышкерлер күні  құтты  болсын!

– Рақмет! Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен де барша қазақстандықты жақында аталып өткен Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Екіншіден, біздің кәсіби мерекеміз болғанымен, бірақ Қазақстанның жер бетінен адам баласының ұшуына үлкен үлесі болды. Сол себепті барша қазақстандықты Ғарышкерлер күнімен құттықтаймын!

– Мұқа, қазіргі таңда немен айна­лы­сып  жатқаныңызды  айтып  берсеңіз.

– Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлайтын орталықтамын. Мамандығым ғарышкер болған соң, әрдайым дайындықта болуымыз қажет. Егер дайындықта болмасақ, біз­дің деңгейі­міз төмендеп кетеді. Тек ғарышкер-сынақшы тәжірибесінен өтеміз. Ғарышты бағындыру кез келген адамның қолынан келмейді. Екі-үш адамға бүкіл ауыр жүк түседі. Сол себепті бір жүйе бойынша жұмыс істеп, жауапкершілікпен  қарауымыз  қажет.

– Халықтың көкейіндегі сұрақты қойсам. Мұхтар қашан ұшады? Өйткені 200-ге жуық азаматтың ішінен Айдын Айымбетов екеуіңіз іріктеліп шықтыңыз­дар. Алайда 2009 жылы ұшпайтын­дарыңыз белгілі болып, Айдын Айымбетов Қазақстанға оралды, сіз Ресей  азаматтығын  алдыңыз.

– 2014 жылы Ресейдің азаматтығын алғаным рас. Бұл өте қиын шешім болды. 2008 жылы Дмитрий Медведев президент болып сайланғаннан кейін бірінші іссапары Қазақстанда болды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, екі қазақ­стандықты ұшыруға келіскен еді. 2009 жылы ұшатын болғанбыз. Дегенмен экономикалық ахуалға байланысты «Пилоттық космонавтика» бағдарламасын «Қазғарыш» ұлттық компаниясы» АҚ жауып тас­тады. Сондықтан  ұшуымызға  кедергі  болды. Бұл жөнінде Елбасыға 4-5 парақ көлемінде біршама дәлелмен келтіргенмін. Осы келеңсіз жайт болғанымен, біздің 12 жылдық дайындықты, сондай-ақ жүздеген адам бізге үлесін қосты, солар­дың барлығының еңбегін жоққа шығармас  үшін азаматтықты ауыс­тыру жөнінде ауыр шешім қабылдадым. Мұның да дұрыс жағы бар. Біріншіден, Ресейдің ғарышкерлер  құрамасында болсам, өз елім маған қаржы  бөлмейді. Яғни қаржы жағынан елімді қинамаймын. Екіншіден, 10-15 күн емес, ұзақ мерзімге ұшатын боламын. Сол себепті, біздің ғалымдарға көп көмегі тиеді. Осындай тұжырыммен  Ресейде  қалдым.

Бірақ бәрін қайтадан бастауға тура келді. Дей тұрғанымен, біраз тәжі­рибе жинақтап, қазір ұшуға дайынмын. Егер біздің мемлекет пен Ресей басшылары келіссөздер жүргізетін болса, жақын  арада  ұшуым  ықтимал.

– Жалпы, 13-інші жиында болған ғарыш­керлердің  барлығы  ұшты  ма?

– Иә, барлығы ғарышқа ұшты. Тек Сергей Жуков деген азамат отбасылық жағдайына байланысты ғарышкерлер тобынан  шығып  кетті.

– Енді прогматикалық жағынан қара­ғанда сіздің ұшуыңыз үшін қандай жағдай  қажет? Қазақстан елінен қандай қолдау  керек?

– Екі көршілес елдің жауапты маман­дары тезірек шешім қабылдаса, ұшуым керек. Бұған толық мүмкіндік бар.

– Қазақстан мемлекетінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазу жоспарыңызда  бар  ма?

– Иә, жазу ойымда бар. Бірақ ең алды­мен, Ресей тарапынан жауап күтіп отырмын. Қазіргі таңда елімнің болашағы үшін мұнда жүрген жалғыз қазақпын. Сондықтан біздің билікпен қарым-қатынасым өте жақсы. Сұхбатымыз ғарыш саласының төңірегінде болғасын, біраз мәселені қозғап ке­тейін. Көбі «елімізге осы саланы дамыту керек пе?» деген сауал қояды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, кез келген жаһандық аренада алдыңғы шепте жүргісі келетін тәуелсіз мемлекет үшін заманауи технологияның маңызы зор. Қазіргі заманауи экономика дегеніміз не? Бұл – заман талабына сай өндірісі бар салалар. Кейбір өнімдерді дайындау үшін соңғы технологияларды енгізу қажет. Мәселен, Жапония мен Оңтүстік Кореяны алсақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикасы құлады. Әлемдегі ең кедей ел болды. Алайда қазір әлемдегі дамыған мемлекеттердің бірі. Міне, олар ауыл шаруашылығы  арқылы  емес, көптеген  ғылыми жаңа дүниелерді тереңі­рек зерттеп, оны тәжірибеде қолдану арқылы тез дамыды. Олар даму­дың көзін білді. Біздің де қолымыздан келе­ді. Тек біз ғарыш саласының маңыздылығын ұғынып, соған сәйкес жұмыстарды бастауымыз қажет. Бізде не бар? «Байқоныр» ғарыш айлағы бар. Әлемдегі ең мықты құрылғысы бар ғарыш айлағының барлық мүмкіндігін қолдана алмай, Ресей мемлекетіне жалға беріп отырмыз. Бүгінгі күні спутниктердің 3 тобы (байланыс, ЖҚЗ және ғылыми-техникалық мақсаттағы)  штаттық режимде жұмыс істейді. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Сонда «Союз-5» ұшатын болады. Міне, қолымызда бары осы ғана. Бірақ өзімізде маман аз болған соң, игере алмай отырмыз. Тек белгілі бір қаржы төлеу арқылы дайын дүниені аламыз. Жоқтан бар жақсы. Дегенмен, өзіміз дамы­тып, экономикамызға  пайда  әкелу керек. Ғарыш саласы еліміз дамуының бірден-бір элементі бола алады. Басқа салалардың да дамуына септігін тигізеді. Мен тартылыс ядросын (ядро притяжения) жасау керек деп айтар едім. Тағы екінші тапсырма бар. Бірақ оның ауқымы кең болғасын түсін­діруге де уақыт керек. Ал тарты­лыс  ядросы (ядро притяжения) көп уақытты қажет етпейді. Осыған мен көмектесуге  дайынмын.

– Жақында  екі  үкімет арасында отырыс болатын сияқты. Құпия бол­маса, айта  аласыз  ба?

– Басы-аяғында  жүрмегеннен ке­йін нақты білмеймін. Бірақ, Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деп естідім. Осы кездесуде біз айтқан мәселелер назарға алынып, көтерілсе жақсы болар еді. Ресейге келгендегі миссиямды оңды аяқтап, еліме оралсам деймін. Саны аз халық болсақ та, мүмкіндігі мол жерді мекендейтін елміз. Бірауыздан бірігіп, тірлік етсек, біраз  биікті  бағындырар  едік.

– Қазақстандағы әріптестеріңізбен байланысыңыз  қандай?

– Әрине, анда-санда хабарласып тұрамыз. Әсіресе Тоқтар Әубәкіров ағамызбен көп байланысып тұрамын. Өйткені,  ол – мен үшін көп көмек берген  дүр  тұлға.

– Енді балалық шақты еске түсірсек. Сіз ғарыш айлағынан алыс емес Жосалы кентінің перзентісіз. Бала кезіңізде зымы­ранның  ұшқанын  көрдіңіз   бе?

– Байқоңыр мен Жосалы 70 шақырым жердей ғой. Оның үстіне алаң да жақындай түседі. Ондағы ауа райын білесіз. Ғарышқа ұшқан күні аспан бұлттанып, күн күркіреп, лезде өзгеріп кетеді. 70-жылдары ғарыштың алтын кезеңі еді. Тіпті ғарышқа ұшып бара жатқанын тікелей эфирде көрсететін еді. Сол уақытта біз үйдің шаты­рына шығып, зымыранның жанған отын көріп, тамсанып тұратынмын. Бала кезгі арманымды ешкімге айтпай жасыр­дым. Жүрегімнің түбінде жатқан асқақ арман бүгінгі күнге жеткізді. Мектепті аяқтап, бірден Украинаның Чернигов қаласындағы авиациялық училищеге түстім. Себебі осы оқу ордасының  түлектері  ғарышқа көп  ұшқан.

– Бұл  ақпаратты  қайдан  білдіңіз?

– 8-сыныпты бітіре салып, әскери комиссариатқа бардым. Сол кезде сонда жазулы тұрған училищелер арасынан Черниговке оқуға түсемін деп бірден айттым. Бір кезде сол жердегі майор шеніндегі  орыс кісі «Ғарышкер бола аласың ба?» деп күмәнмен қарады. Сол сәттен бастап мен ғарыш­кер  болуға  күнделікті жаттығулар  жасай бастадым. Таңертең ерте тұрып, жүгіре­мін. Қораның ішіне ұзын жіп қойып, соның ізімен жүретінмін. Маған әжем «Басың айналады, тыныш жүр, қайтесің?» деп ұрысып қоятын арасында. Мен мақсатымды айтпай, «иә, әже» деп жүре беретінмін. Сондай-ақ,  спортқа  да  жақын  болдым.

– Ешкімнің көмегінсіз өзіңіз бардыңыз  ғой  демек, солай  ма?

– Жоқ, көмек түгілі, «Қайтесің? Ғарышкер деген кім?» деген сұрақты жиі қоятын. Біздің тұқымда бұл салада адам жоқ. Көп уайымға салынып, қолдау көрсетпейтін еді. Барлық ата-ана­ның айтатыны мұғалім мен дәрігер мамандығы ғой. Мені де соған көндіргісі келді. Бірақ өз айтқанымнан қайтпай, «ғарышкер боламын» деп тұрып алдым. Рұқсатын берді. Черниговке емтихан тапсырып, оқуға түсіп, анама қоңырау шалып едім. Анамның «Түстің ғой. Енді қайт» деген сөзі есімде, қазір күлкілі, бірақ сол кезде қасары­сып «жоқ» деп оқуымды аяқтап шыққан  едім.

– Енді осы тұста айта кетейін, сіздің сөзіңізге қарап отырып, ішкі жан дүниеңіз қандай екенін білуге болады. Мен Жосалыдағы сіз оқыған мектепке барған едім. Сыныптастарыңыз да сізді қиялға ерік беретін, спортпен шұғылданатын, білімді азамат деп айтты. Сосын сіздің мектептегі табеліңізді көрген едім. Нақты ғылымдарға жататын негізгі пәндер­дің көпшілігінен «4» болыпсыз. Әрине, баға адамның білім деңгейін көрсетпей­ді.

– Иә, мен бағаға ешқашан мән бермеймін. Өзім білетінімді айтамын, бірақ қандай баға қоятынына қарамаймын. Сондықтан болар, ата-анам «оқуға түсе алмайды» деп ойлағаны. Мен өзіме деген сенімділіктің арқасында  жеттім.

– Туған жерді, отбасыға деген сағынышты  қалай   басасыз?

– Менің ойымша, сағынышты басу мүмкін емес. Сырт көзге білдірт­пегенмен, іштей сағыныш кернеп тұрады. Қазір технология дамығасын, интернеттен қазақша ақпарат оқып, жиі әуен тыңдап, мауқымды басамын.

– Сіздің  жұлдызды  сәтіңіз  қашан  туады?

– Үміт бар. Мүмкіндік те бар. Құр босқа отыруға болмайды. Тек әрекет ету арқылы болады. Мемлекет тарапынан қолдау  болса, бұл күн де алыс емес.

– Менің түсінгенім, екі ел арасындағы байланыс  шешім  бола  алады  ғой.

– Иә, ортақ мүддеміз көп. «Алыс­тағы ағайыннан жақындағы көршің артық» демекші, көршілес мемлекеттердің жылы қарым-қатынасы көп нәрсені  шешеді.

– Мереке кезінде елімізге жылы лебізіңізді  білдірсеңіз.

– Ең бастысы, бейбітшілік, тұрақ­тылық, ымырашылдық болсын деп тілеймін. Дау-жанжал бізді алысқа апармайды. Сондықтан бірлігі жарас­қан  ел  болайық.

– Уақытыңызды бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге рақмет. Алла қаласа, тезірек арман-мақсатыңыз орындалып, Байқоңырдан  ұшуыңызды  тілейміз!

Сұхбаттасқан  Нұрбек  ӘМИША,

журналист.

Суретті  түсірген  автор.

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: