Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттің ғылымға қызығушылығы болу керек

30.09.2021, 10:00 530

Зерттеуші-профессор  Нұрбол  АППАЗОВ:

Ол мектеп қабырғасында жүргенде химия пәнін аса жақсы деңгейде оқымаған. Арманы хирург болу еді. Бірақ, өмір толқыны оны химия пәнінің мұғалімі мамандығына алып келді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, Әнипа Тапалова, Күлбарам Сәдуақасқызы сынды білікті оқытушылардың қолдауының арқасында мамандығына деген сүйіспеншілігі арта түседі. Университетті қызыл дипломмен аяқтап, білімін одан әрі шыңдайды.

Бүгінде өңіріміздегі іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде зерттеуші-профессор қызметін атқарады. Жуырда ол Альцгеймер мен Паркинсон ауруларына қарсы препарат ойлап тапты. Бұл бүкіл елдің назарын аудартқан ғылыми жаңалық болып тұр. Оны зерттеуші-профессор Нұрбол Аппазовтың өз аузынан естігіміз келіп, аз-кем әңгімелескен болатынбыз.

«ӘКЕМ  ПАРКИНСОНМЕН  ОН  ЖЫЛ  БОЙЫ  АУЫРҒАН»

– Өткен жолы журналистерге берген баспасөз брифингінде «өз әкем Паркинсон ауруымен ауырып, осыны біраз зерттедім» дегенді айтып қалдыңыз. Бұл жоба сонымен тығыз байланысты  емес  пе?

– Жоқ, бұл жай ғана сәйкестік. Негізі расында әкем ұзақ жылдар бойы Паркинсон ауруымен нау­қас­танды. Шамамен он жыл болу керек. Сол уақыт аралығында мен интернеттен, кітаптардан, еңбектерден осы ауру туралы оқыдым, зерттедім. Қазіргі таңда ол ауруды толықтай емдейтін медицинаның мүмкіндік­тері жоқ. Дәрілер тек симптом­да­рын басады. Сосын хирургиялық жолдары бар. Онда адамның бас сүйегін ашады да, арнайы стимулятор салады. Мен ол аурудың қалай баста­латындығын және соңы немен аяқталатындығын жақсы білемін. Бірақ  менің  жобаларым  бұл аурумен бір бағыттағы зерттеу болған жоқ. 2017 жылы Португалияға жол түсіп, сонда тағылымдамадан өттім. Сондағы әріптестермен алдағы уақытта қандай ғылыми жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істейтініміз жөнінде ақылдастық. Ойласа келе түйе жантағынан Альцгеймер мен Паркинсон ауруларына қарсы препарат жасап шығарып,  жүзеге  асыруды  шештік.

– Альцгеймер, Паркинсон аурула­рына қарсы дәрілер қазіргі кезде қолданыста бар. Енді сіздер жасағалы отырған препараттың олардан айыр­машылығы немесе артықшылығы неде?

– Химияда оптикалық изомерлер деген бар. Күннің әсерінен түсетін белгілі бір химиялық қосылыстарды адамдар ғылымға енгізеді. Француз ғалымы Луи Пастер энантиомер­лер­ді  ашқан. Паркинсон ауруының симптомдарын басатын «Eldopa» деген дәрі бар. Адам қатты қалшылдап қиналып кеткен кезде осы дәріні ішеді, сол уақытта ауру басылады. Ауырған адам осы дәріні ішеді, бірақ аурудан айығып кетпейді. Ал біз ұсынып отырған дәріні ауру белгілері енді байқалып келе жатқанда ішсе, сол жерден ауруды асқындырмай тоқтатып тастайды. Адам өзі өмір сүретін мерзімге дейін жете алады. Егер басқа ауыр сырқаты болмаса, әрине.

«КӨПШІЛІГІ   КҮМӘНМЕН  ҚАРАЙДЫ»

– Күріш қауызынан белсендірілген көмір өндіру жобасын ұсынған­дарыңызды білеміз. Қазір ол өндірісте қолданылып  жүр  ме?

– Жоқ. Қолданысқа енген жоқ. Күріш қалдығынан біз белсендірілген көмір  алдық. Қызығушылық танытып жатқандар бар. Көмірді тәжірибеден де өткізіп көрдік. Қызылордада күн сайын кәріз жүйелері арқылы қаншама қалдық су шығады. Қалада Тасбөгет кенті мен Титов мөлтек ауданында кәріз жүйесінің стансалары бар. Ол жерде биотазалау жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе әжетхана қалдықтары, олардан туындайтын  бактерияларды өлті­реді. Бірақ, химиялық тазалау процесі орындалмайды. Біз сол қалдық суға химиялық тазалау жүргізіп, ауыз­су деңгейіне дейін тазарттық. Бірақ, оны ешкім іше қоймайтыны анық. Дегенмен сол сумен егістікті суаруға  болатынын  дәлелдеп, патент  алдық.

– Енді бұл жобаның өндіріске ен­беуіне не кедергі болып тұр?

– Барлығы қаржыға келіп тіреле­ді. Егер мен кәсіпкер, миллионер болсам, барлығы оңай болар еді. Бірақ біз шама-шарқымыз келгенше кәсіпкерлерге барып, ұсынамыз. Алайда көпшілігі  күмәнмен  қарайды.

– Сіздер дәлелдедік деп отыр­сыз­дар  ғой…

– Иә, дәлелдедік. Бірақ, басқа технолог­иялар бойынша өндіріске енген жобаларымыз да бар. Мұнайды жер астынан шығарғаннан ке­йін көптеген процестер арқылы оны сүзгіден өткізеді. Және оның тонналаған қалдықтары қалып қояды. Олардың барлығы жина­лып қала­ды. Ал экологтар мұнай қал­дық­тарын өртеуге, көмуге рұқсат бермейді. Енді біз соны өңдеп, ішінен мұнайды қайтадан бөліп алу технологиясын жасап шығардық. Қазір «Құмкөлде» осы әдіс пайдаланылып жатыр. Оның бағасы тауарлы мұнайдың бағасынан қымбат емес. Өндірістегі екінші жоба – күріш сабағынан қағаз алу. Қазіргі таңда әріптестеріміз бар, олар дәретхана қағазын шығарып жатыр. Былтыр пандемияның кезінде антисептик қат болды. Ешқандай дәріханадан табу мүмкін болмады. Осы кезді сәтті пайдаланып біз зертханада анти­септик дайындадық. Құрамында этанол, глицерин, эфир майлары, лимон, бергамот, жалбыз, апельсин, мелисса, эвкалипт бар. Мұның артық­шылығы қолды бірден кептіріп жібермейді, ылғалдандырып  тұрады. Және басқа антисептик әсер ету мерзімі  сол мерзімде жоқ болып кетсе, біздің өнім бір сағатқа дейін қолды бактериялардан қорғап тұрады. Бір қызығы, тері ауруы бар, әсіресе экземасы бар адамдар осыны пайдаланғаннан  кейін  жазылып кеткен. Қазір бұл Қызылорда, Алматы, Талды­қорған, Астана қалаларында  сатылымда  тұр.

«КІМНІҢ  КӨКЕСІ  БАР,  СОЛ  ҚАРЖЫНЫ  ҰТЫП  АЛАДЫ»

– Осы біздің елде ғылым бизнеске айналып  кеткен  жоқ  па?

– Бізге, шындығын айтқанда, өндіріске енгізетін жобалармен қосымша айналысу ғылыммен айналысуға кедергі жасайды. Бірақ бізден соны қоғам талап етіп отырған соң онымен де параллель айналысуға тура келеді.

– Сіздерге түсетін қаржылай пайда  бар  ғой  негізі?

– Бар, әрине. Сол қаржылай пайда болған соң жүрміз. Дегенмен ол болмаса да болмайды. Кейде біз жоба­сыз отырып қалатын кездер болады. Осылайша біз өз-өзімізді қаржыландырамыз. Жалпы, ғылымды қар­жыландыру мемлекеттің иелігінде болу керек.  Өйткені мемле­кеттің ғылымға қызығушылығы болмаса, ол ел ешқашан да дамымай­ды. Америка, Германия, Израиль тағы осы сынды дамыған елдерді қарасаңыз, ғылымға бөліп жатқан қаржылары есепсіз. Ал артта, дамымай қалған елдер­ді қараңыз, олар – ғылымға ақша бөлмейтін елдер. Біздікілер айта­ды: «Біз ешқашан дамыған елдер­ді қуып жете алмаймыз, біз дайын технологияны сатып аламыз, сол да жеткілікті» дейді. Мысалы, бір ғана шаруашылыққа қажетті экскаваторды өзіміздің елден жасап шығарса, оның құны шамамен 10 млн теңге болар. Біздің мемлекет олай жасамайды, дайын техниканы 50 млн теңгеге сырттан сатып алады. Сол ақшаны елдің ішінде қалдырып, жұмыс істесек, қаншама адам жұмыспен қамтылады, экономика да реттеледі. Өзіміз ештеңе өндірмейміз, шикізаттан түскен ақшаны шетелге береміз. Ал мұның соңы экономиканың құлдырауына, деваль­вацияға, инфляцияға әкеледі.

– Біздің елдегі ғылымның дамуына 1 мен 5-тің арасындағы бағаның қайсы­сын  қояр  едіңіз?

– 2 қояр едім мен. Қаржыландыру­дың жоқтығына байланысты бізде алға жылжу жоқ. Мысалы, «әртүрлі ғылымды қаржыландырып жатыр­мыз» деген ақпараттар шығады. Нағыз ғылымның жілігін шағып, майын ішкен адам сол қаржылан­дырудан құр қалады. Керісінше, кім­нің көкесі бар, сол қаржыны ұтып алып кетеді. Оның үстіне итке сүйек тастағандай өте аз қаржы аударады. Одан көпшілігі нәтиже шығара алмай қалса, «сен дым істей алмайсың» деп езгіге алып жатқаны сосын.

«БІЗДЕГІ  КӨПТЕГЕН  ҒАЛЫМДАР  ПСЕВДОҒЫЛЫММЕН  АЙНАЛЫСАДЫ»

– Соңғы жылдары ғылымға емес, ғылыми атақ алғанды дәреже көретіндер көбейіп бара жатыр. Осыған көз­қарасыңыз  қандай?

– Қазақстанда кезінде Ғылым академиясы жұмыс істеді де, кейіннен жабылып қалды. Неге? Өйткені олар ғылыми атақ-дәреженің барлығын ғылымға қатысы барға да, жоққа да оңды-солды таратты. Бір саясаткер келеді де, «маған атақ керек» дейді. Сөйтіп өзінің қарамағында жүрген аспирантқа немесе басқа біреуге ғылыми жұмысын жаздыртып алады. Артынша әкім не мекеме басшысы ғылым докторы, профессор болып шыға келеді. Ғылымға деген көзқарасты төмендететін – осындайлар. Ғылымда әділдік болу керек. Ғылымның жақсы жағын да айтып өтейін. Осыдан 20 жыл бұрын өзім студент болып жүрген кезде «ақпараттық аштық» болды. Ғылыми әдебиет болған жоқ. Тек қана оқулықпен оқыдық. Ал ол тез ескіреді. Қазір мүмкіндік көп. Әлемнің бір нүктесінде отырып алып ғылымның соңғы жаңалықтарын мезетінде оқуға, естуге болады. Ол кезде тіпті зертхана да болған жоқ. Қазіргідей зертхана  түсімізге  де  кірмейтін.

– Зертханаларыңыз қай жылдан бастап  жұмыс  істейді? База  жеткі­лікті  ме?

– Енді қанша дегенмен жеткілік­сіздік болады. Кейбір қондырғылар болғанмен, оны жетілдіретін тетіктері болмайды. Бірақ біз оның да жолдарын  тауып  жатырмыз.

– Магистранттар мен докторанттар арасында шетелдік басылымдарға мақала жариялау қиындығын көп айтып  жатады. Арасында ақшасын беріп  те  алданып қалып жатқандар бар  екен…

– Нағыз  ғылым  деген  бар.  Жалған ғылым деген  бар.  Псевдо­ғылым  деген бар. Ашығын айту керек, біздегі көптеген ғалымдар псевдоғылыммен айналысады. Ол – дайын ғылыми жұмыстарды өзінің атымен жолдау. Екіншіден, ғылыми зерттеу жұмыстары әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетсіз. Оны қабілетті қылу үшін Web of Science, Scopus базаларынан мәлімет алуды үйрену керек болды. Мен осы бағытта семинарлар  жүргізіп  жүрмін.

– Химик болмағанда, кім болар едіңіз?

– Хирург болар едім. Жалпы кішкентай кезімнен арманым дәрігер болу еді. Мектеп бітірген жылдары әлеуметтік жағдай өте қиын болды. Ал медициналық университет Алматыда, Ақтөбеде, Қарағандыда болды. Мен Алматыға кеткім келді. Алайда әке-шешем «сені алыс жаққа оқыту­ға мүмкіндігіміз жоқ, өзіміздің Қызыло­рдада оқи бер» деп мені осында қалуға көндірді. «Биология­ға түссең, сол медицинаға жақын» деді. Осылайша университетке келсем, дәл сол жылы «Биология» маман­дығына емес, «Химияға» қабылдап жатыр екен. Мәселен, бір жылы «Биологияға» қабылдаса, екінші жылы  «Химияны» қабылдайды екен. Мен сол негізгі «Химия», қосымша «Биология» пәні мұғалімі мамандығына оқуға қабылдандым. Өзім химиядан мектепте жақсы оқыған жоқпын. Осылайша химик болдым. Осындағы Әнипа Тапалова, Күлбарам Сәдуақасқызы, Гүлмира Абыз­бекова тағы басқа ұстаздар менің химияға деген қызығушылығымды арттырды. Осындай ұстаздардан білім  алғаннан кейін менде осы университетте ғылыми мектеп қалып­тастырамын деген мақсат болды. Нәтижесі  де  бар.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: