Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кекірейген басшының кәсібі көгермейді

16.12.2021, 11:30 474

Сейітқали  АЛШЫНБАЕВ,

«Нұрай»  ЖШС  директоры,  кәсіпкер:

Ол – кәсібіне адал, айналасына қайырымды, елмен етене жұмыс істеуге әзір тұратын арда азамат.  Ол – өзінен гөрі өзгенің мүддесін алға қоятын және ырзық-несібесін тек Алладан ғана күтетін кәсіпкер. Ол – қарамағындағы қызметкерінің жалақысы бір күн кешіксе, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей тынышсызданатын білікті басшы. Ол – сүрінсе қайта тұратын, құласа қайта жүгіретін жігерлі жүрек иесі.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері елдің әлеуметтік-экономикалық, білім, құрылыс саласында үздіксіз  әрі  іліксіз қызмет етіп келе жатқан қызылордалық кәсіпкер, «Нұрай» ЖШС басшысы Сейітқали Алшынбаевты тұлға ретінде танымайтын адам кемде-кем. Қат-қабат тіршілігімен тыным таппайтын кәсіпкермен кездесуге біз де барынша күш салдық. Алтыннан құнды уақытының арасында аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Аға, кеше ғана қоғамдық қызметте сіңірген еңбегіңіз, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесіңіз үшін «Парасат» орденімен марапатталдыңыз. Сізді «Халық» газеті ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймыз!

– Рақмет! Бұл марапат бір ғана адамға беріліп жатқан жоқ. Ол – осы Сыр еліне, Қызылорда облысының халқына беріліп жатқан марапат. Осы арқылы бізге бұдан да зор жауап­кершілік жүктеледі. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, алдағы жұмыстарды өз деңгейін­де атқарып шығуға үлкен бір мотивация болады деп есептеймін. Әрбір азамат өзінің кіндік қаны тамған жерге жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет ету, аянбай жұмыс істеуге міндетті және сол зор бақытқа кенелтеді. «Мен осы жұмысты істесем, маған марапат бұйырады» деген дәмемен, есеппен жұмыс істеуге болмайды. Ол нағыз қате түсінік болар еді. Сондықтан не істесең де ел үшін, елдің пайдасы  үшін  істеген  абзал.

– Шын  мәнінде сіз бұдан да биік марапатқа лайықтысыз  деп  ойлаймыз. Өйткені ел дамуында істеп жатқан еңбектеріңіз орасан зор. «Мектеп салу, балабақша ашу қыруар пайда әкелетін шаруа емес. Мен мұны азаматтық борышым деп білемін» деген сөзіңіз бар. «Зерде» мектебінің де пайдалануға берілгеніне биыл 1 жыл болды. Аяқ алысы  қалай, тыныс-тіршілігімен танысып тұрасыз  ба?

– Мектеп өте қиын кезеңде салынды. Күні бүгінге дейін мен қанша әлеуметтік нысан, оның ішінде 7 мектеп, 5 балабақша, Тереңөзек кентінде туберкулезге қарсы аурухана салдым. Осы нысандарды салған кезде дәл осы кездегідей күйзеліс пен қиналу деген болған жоқ еді. Өйткені «Зерденің» салыну уақыты панде­миямен   тұспа-тұс  келіп қалды. Құрылысқа 187 адам жұмылдырылды. Олардың уақытылы жалақысын беріп отыру керек болды. Была­йынша айтқан кезде біздің «кислородымыз» сол кезде жабылды. Қажетті құрал-жабдықтарды алып келе алмадық. Негізі 9 айда бітіреміз деп межелегенбіз, алайда 11 айда толықтай құрылысы аяқталды. Былтыр мектептің ашылуына өңір басшысы Г.Әбдіқалықова, зия­лы қауым өкілдері, білім саласының жанашырлары келіп қатыс­ты. Ең бастысы, құрылыс кезінде 187 адам жалақы алып жұмыс істесе, қазір тұрақты 120 адам жұмыспен қамтылып отыр. Қазір енді «мынау – мемлекеттік мектеп, мынау – жеке мектеп» деген көзқарас жоқ. Барлығының статусы, оларға қойылатын талап та бір. ҚР Білім және ғылым министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары да орасан. Мұғалімдердің  айлық  жалақылары  да екі есеге көтерілді. Солардың ішінде енді «Зерде» де заман талабына сай сапалы білім беретін мектептердің сапында, соған сай қызмет етіп жатыр. Сол мектепті салу­ды бастаған кезде өзімнің блокнотыма түртіп қойғаным бар еді. «Зерде» мектебінің табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін келешекте мемлекетіміздің туын көкте желбіретіп, елдігіміздің тұтқасын ұстайтын азамат болсын. Абай атамыз айтқандай кірпіш дүниеге кетігін тауып, қалансын» деп жазып қойыппын. Осындай ниетпен, жақсы пейілмен  бастадық. Нәтижесі  жақсы.

– Қалада «Зердемен» бірге иық тіресіп тұрған «Оrda School»,  «Мансап», «Ұлағат», «Бәйтерек», «Зияткер» сынды жеке мектептер бар. Солар­мен  бәсекеге  түсіп  жүр  ме?

– Бұл жерде барлығында бір методика. Мен жеке мектептердің барлығына да ризамын. Әріптестеріммен керісінше достық қарым-қатынастамыз. «Зерде» ресми түрде ашылған кезде жаңағы аты аталған мектеп директорларын арнайы шақырып, бір дастарқан басында қауымдастық. Өйткені барлығымыздың илеп жүргеніміз, шын мәнінде, бір терінің пұшпағы. Қазір  білім,  ғылым дамып, күнде жаңарып жатыр. Білмегенімізді бір-бірімізден сұрап, айтып  толықтырып отыру айып емес. Марқұм менің  әкем  айтатын: «Балам, өзің білмесең, 5 жастағы баладан да сұра, онда тұрған ештеңе жоқ» деп. Сондықтан әріптестік қарым-қатынас  жаман  нәтиже  беріп  жатқан  жоқ.

– Қазір жастардың дені кәсіпкерлікпен айналысқысы келеді. Алайда бәрі көп қаржы керек­тігін алға тартады. Бұл сылтау ма әлде жалқау­лық  па?

– Осыдан 30 жыл бұрынғы уақытты айтсақ, нағыз қиын шақ деп сол кезді айтуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, ол кездегі қиындықты сезініп көрмеген соң жете түсіне бермейді. Мысалы, біз тақыр жерден бастадық десек болады. Қазіргі кәсіпкерлікті бастайтын азаматтарға мен бір-ақ нәрсе айтар едім. «Маған мемлекет не береді деп емес, мен мемлекетке не бере алам?» деп бастау керек қадамын. Сол кезде ғана оған Құдай береді. Ал ақшаның барлығын оған беріп қойса, ол жұмыс істемейді ғой. Жастар талаптану керек, іздену керек, Қазір мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар шығып жатыр. Кезінде біз 30-35 пайыз­бен банктен кредит алып жұмыс істедік. Ал қазір ше? Қазір «Даму» арқылы несие алсаң, небәрі 6-ақ пайызбен кәсіп бастауға болады. 6 пайызбен ақшаны саған туған бауырың да бермейді, мысалы. Жуырда 150 орындық тағы бір балабақша ашқалы отырмыз. Қаламыздағы №6 Смағұл Ысқақов атындағы колледжді сенімгерлікке алып, пилоттық жобаны қолға алып жатырмыз. Алдағы уақытта колледжге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, іргесін кеңейтіп, заманға сай оқу орны ретінде жолға қойғы­мыз  келіп  отыр.

– Бір сұхбатыңызда «қарамағымдағы қыз­меткерлерімнің  жалақысы бір күн кешіксе, менің да тамағымнан ас өтпейді» депсіз. Мұндай басшылар  қазір  өте аз. Барлығы сіз секілді принципті  ұстану  үшін не істеу керек?

– Әрине, барлық әріптесім солай деп айтуға аузым  бармайды. Бірақ дегенмен арасында бар. Ең алдымен мынаны ескеру қажет. Қандай да бір әріптесіңізбен келісімшартқа отыратын болсаңыз, бірінші сіз өзіңіздің жеке мүддеңіз, қалтаңыздың қамын ойламай, керісінше әріптесіңізге қолайлы болатын тұстарын көбірек ойлауыңыз  қажет. Пейіл таза болу керек. Өйт­кені  бір құдірет күш бар. Егер келісімге келе­тін  адамның  жолындағы  қателіктерді немесе кедергілерді көре тұра, оған айтпайтын болсаңыз, дәл сол кедергі сіздің басыңызға аумай-төкпей қайтып келеді. Ол – жазылмаған өмірдің заңы. Қойып отырған сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, исламда айтады, «еңбек еткен кісінің еңбек­ақысын арқасындағы көйле­гінің тері кепкенше есептес» дейді. Мен осы принципті ұстанатын азаматпын. Ең жақсысы біреу­ден  қарыз алып берейін, бірақ маған қыз­мет жасаған адамға мен қарыздар бол­мауым керек. Менің жалпы балабақша, мектеп, құрылыс компаниясында бас-аяғы 650-680 адам болса, олардың әрқайсысының отбасында кемінде 5 адамнан бар. Сонда мен 3000 адамның еңбекақы­сын бермейінше, менің тамағымнан ас өтпейді, шынын айт­қанда. Өйткені қазіргі халықтың  әлеуметтік жағдайы мәз емес. Бір айлық жалақыға қарап отырады. Менің өз отба­сымда  дастарқаным  жайнап,  шалқып-тасып отырғаным кімге керек? Егер менің қызмет­керлерім балаларына қажетті киім-кешегін, ауырып жатқан туғандарына дәрі-дәрмегін сатып алып бере алмай отырса, несиесінің уақыты өтіп, өсім көбейіп жатса, қияметте мен жауап беремін. Қанша үнемдедім, мен пайда көріп жатырмын дегенмен, өзіңе жазылған ризықтан артық дүние жұқпайды.

– Ара-тұра көрген-білгеніңізді түртіп жүретін қаламгерлік қасиетіңіз бар екен. Ойыңызда қалған жазбаларыңыздың бірімен бөліссеңіз…

– Өзім поэзияны жанымдай жақсы көремін. Бала күнімде журналист болсам деп арман­дайтын  едім. Ауылда құмның ортасында жатып алып, өлең жазатынмын. Ауылда жиі барып тұратын кітапхана болды. Сонда бір кітапты оқу  үшін кезекке  тұратынбыз. Мысалы, бір  досым сол кітапты алып оқитын болса, мен  оған «өткізетін уақытыңды айт, сенен кейін мен алып оқимын» деп сұрап жүретінмін. Өзімнің біршама өлеңім Шиелідегі «Өскен өңір», «Қармақшы таңы» газеттерінде жарық көрді. Сонда жазған «Әке арманы – мен екем» деген өлеңім бар еді. Соны оқып берейін.

Әкем менің жасында беріліпті арманға,

Жүрегіне мұң шөгіп  сәл оңаша қалғанда.

Жүреді екен кей сәтте гүл сезімге беріліп,

Үміт толы жанарымен көз жіберіп бар маңға.

Алпыс жасқа келгенше бағы әкемнің жанбапты,

Үміт бейне сағымдай жеткізбепті, алдапты.

Бір жас иісті құшақтап еміреніп сүйе алмай,

Бір сағыныш үміті алаулапты, маздапты.

Міне, солай күн өткен, күн артынан зымырап,

Қатал тағдыр қолынан үміт жібін жұлып ап,

Сол ауылдың бар жаны шын пейілден тілепті,

Өкінбейік, ұл бермей-ақ, бере қойшы қызын-ақ.

Жаздың ыстық шілдесінде таң бозарып атқанда,

Ана жаны өмірмен арпалысып жатқанда.

Дүниені тас төбеме тік көтеріп мен кеппін,

Ел ұйқыдан көтеріліп, енді оянып жатқанда.

Әкеге, анаға деген құрмет көрсету – пенде­нің алға қоятын мақсаты.

– Табысты кәсіпкер болудың басты қағида­ларын атап өте аласыз ба?

– Мен айтар едім, адам тәуекелге бара алу керек. Содан соң тазалық. Жүрген жолың таза болған дұрыс. Содан соң адалдық. Қандай жағдайда болсын адалдықтан аттамаған жөн. Мысалы, мына  қаламсапты сіз маңдай тер, табан ақыңыз сіңбей қолға түсіретін болсаңыз, артынша үш қаламсабыңызды жоғалтасыз. Міне, бұл – ақиқат. Кішіпейіл болу да маңыз­ды. Сіздің сұсыңыздан қорқып, кабинетіңізге бір адам кіріп өтінішін, жағдайын айта алмаса, оның не керегі бар? Өзіңнің қарамағыңдағы адамды шақырып алып, бір кесе шаймен көп нәрсені шешіп жіберуге болады. Тікірейіп, кекірейіп жүретін болсаңыз, кәсібіңіздің де берекесі болмайды. Аталарымыз «өскенді де көргенбіз, бөскенді де көргенбіз, өсіп, бөсіп, өшкенді де көргенбіз» деген. Міне, қарапайым­дылық  адамның  бойынан  ада  болмаса  екен.

– Кәсіпте сәтсіздікке ұшыраған кездеріңіз көп болды  ма?

– Өмірдің заңы солай. Сүрінесің, құлайсың, тұрасың, қайта жүгіресің. Адам бойында жігер мен мінез болмаса, мақсатына жете алмайды. Егер сізде қиындыққа қарсы тұратын жігер, мінез, күш болмаса, сол құлаған жеріңде қаласың. Сені біреу келіп сүйремейді. Өзің сүрініп жатсаң да, «мен кімге көмектесе аламын?» деп ойлау  керек.

– Өмірде  не  нәрсеге  өкінесіз?

– Мен «дүние күйіп кетті-ау, шығын шығып кетті-ау» деп уайымға берілмеймін. Содан шығар, Алла менің ниетіме қарай беріп жат­қаны. Мүмкін мен елдегі болып жатқан кейбір кездейсоқ  жағдайларға «әттеген-ай» деуім мүмкін. Үйінде диванда жатып алып, мемлекетті жамандап отыратындарға қарным ашады. Сабырлық керек адамға. Бұрын мысалы, зейнет­керлер зейнетақысын кассаның алдында  таңнан қара кешке дейін тұрып күте­тін. Кейде берілмей қалса, үйлеріне ақшасыз қайтады. Сонда ол кісілер ешкімге барып арыз айтқан жоқ, сабырлық танытты. Ал қазір адамдарда пейіл басқаша. Дүкен сөрелерінде нан, сіріңке, тұздалған қияр ғана тұратын, басқа ештеңе жоқ. Қазір бәрі бар дүкенде. Солар­ды алып беру үшін балаларыңыз үшін жұмыс істеңіз, еңбек  етіңіз.

– Сіз басқаратын «Нұрай» ЖШС құрылыс компаниясы салатын әлеуметтік мекемелердің түсі  жаппай  жасыл  түсте  болады.  Себебі  не?

– Пайғамбарымыз (с.а.у) жасыл түсті жақсы көрген. Екіншіден, жасыл түс адамға рух береді. Өзіміз ырымшыл халықпыз. Өссек, өнсек, жасыл  жапырақ секілді жайқалсақ дейміз. Сондықтан  жасыл түсте салып жатыр­мыз. Енді алдағы уақытта С.Ысқақов атындағы колледжді біздің компания сенімгерлікке алып жатыр. Бұл – облыс бойын­ша ең бірінші пилоттық жоба. Бұйыртса, алдағы уақытта колледжді кеңейтіп, заманға сай білім бере­тін білім ордасы ретінде әрі қарай жұмысын жалғастырмақпыз.  Жобасы  жасалып  тұр.

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге  көп  рақмет!

Сұхбаттасқан

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: