Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Экономикалық қылмыстардың басым бөлігі «көлеңкелі экономиканың» үлесіне тиіп отыр

22.12.2022, 11:40 653

Бақыт  ҚАЙШЫБЕКОВ:

Әрбір елдің экономикасы оның «айнасы» екені сөзсіз. Осы еліміздің айнасына тас атып, дамуын тежеп жатқан қылмыстық істер көп екені айтпаса да түсінікті. Десе де, елдің «батырлары» жайында айтып, елімізге қанша залал келтіріп жатқаны туралы Қызылорда облысы  бойынша  экономикалық  тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі  Бақыт  Қайшыбековпен  сұхбаттасуды  жөн  көрдік.

– Армысыз, осы жылы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде қанша қылмыстық іс болып, оның қаншасы аяқталып, қаншасы сотқа жолданды? Келтірілген залал көлемі қанша? Оның  қаншасы  өндірілді?

– Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде жыл басынан бері 41 қылмыстық іс тіркелді. Өткен жылдан тергелуі жалғасып келе жатқан істерді ескергенде, 11 айда өндірісте 62 қылмыстық іс тергеліп, олардың 41-і аяқталған. Аяқталған істің 29-ы сотқа жолданды. Өндірісі аяқталған істер  бойынша мемлекетке келтірілген залал 2 миллиард 326 миллион теңге болып отыр. 903 миллион теңгенің залалы бюджетке қайтарылып, 107 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды.

– Сіз брифингте «саннан гөрі сапаға көңіл бөлу ұстаныммен жұмыс істейміз» дедіңіз. Бұл сөзіңіз – залал мөлшері көлемді (50 миллион теңгеден жоғары) және бұған дейін жедел-іздес­тіру іс-шаралары толық жүргізілген қылмыстық істерді анықтауға басымдық беріледі дегеніңіз. Осы  тұста  жұмыс  қалай  өрбіді?

– Иә, өткен жылдармен салыстырғанда тіркелген қылмыстық істер саны азайып келеді. Себебі, қазіргі экономикалық тергеу органдарының басты ұстанымы – көрсеткіш қуу емес, істің сапасы мен нәтижесіне  жұмыс істеу. Мысалы, өткен 11 айда тіркелген қылмыстық істердің 8-і ауыр, 12-сі орташа ауыр, 15-і аса ауыр емес санатты іс болып сараланған. Барлық  іс жедел іздестіру шараларының нәтижесінде  анықталғанын  атап  өту  керек.

– Экономикамызға қандай қылмыс ерекше залал  келтіруде?

– Экономикалық қылмыстардың басым бөлігі «көлеңкелі экономиканың» үлесіне тиіп отыр. Жалған шот-фактура жазу арқылы қаражатты криминалды қолма-қолға айналдыру – қазір көш бастап тұрған қылмыстың  түрі.  Яғни, анықталып, тергеліп, жазасы тағайындалған іс қаншалықты көп болса да, бұл тоқтар емес. Биылғы  жылдың 11 айында  аталған  бағытта  8  іс  тіркелді. Өткен  жылдан  жалғасқан  істерді қосқанда департаментпен 10 қылмыстық  іс  тергелген. Аяқталып, сотқа жолданғаны – 6 іс.

Соңғы екі айда сот үкімі шыққан істердің қатарына зер салып көрейік.

«МКА Плюс» ЖШС-не басшылық еткен  Мұрат Бекмағанбетов  2019-2020 жылдары бірнеше серіктестік басшысымен келісімге келу арқылы, олардың талап еткен сомасына әртүрлі тауарларды сатып, қызмет көрсетіп, есеп айырысқаны жөнінде жалған шот-фактуралар мен оған тиісті құжаттарын жасап беріп, шот-фактураларда көрсетілген сомалардан әртүрлі  пайыз  мөлшерінде сыйақы алып отыр­ған. Алайда, «МКА Плюс» ЖШС-нің аталған қызметті көрсету үшін қандай да бір жұмыс­керлер штаты, мүлкі, қойма орындары мен өндірістік-техникалық базалары болмаған. Алты серіктестік жалпы  сома­сы 233 миллион 809 мың теңгенің жалған шот-фактураларын сатып алған. Тиісінше, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының есебіне  және сот-сараптама қорытындысына сәйкес,  бюджетке барлығы 73 миллион 367 мың теңге  салық  төленбеген. Сот  шешімімен  М.Бекмағанбетовке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы 1-бөлігімен бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, Қазақстан Республи­касының ҚК-нің 44-бабы 1-бөлігінің тәртібімен барлық мерзімге пробация­лық  бақылау  белгіленді.

Екіншісі, Қызылорда қаласының тұрғыны Шыңғыс  Ақболат  2018  жылы  3  бірдей  жауап­кершілігі шектеулі серіктестігін құрып, 2018-2020  жылдар  аралығында  бірнеше кәсіпкерлік тұлғамен заңсыз мәміле жасап, нақты орындалмаған жұмыстар үшін жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан. Әртүрлі қызмет көрсететін  фирмаларды осындай әрекетке тартқан ол әр мәміле бойынша қолма-қолға айналдырылған сомадан 5-6 пайыз мөлшерінде сыйақы алып отырған. Қызыл­орда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандары ұсынған мәлімет бойынша Ш.Ақболат­тың басқаруындағы «СТЛ Лимитед», «НурТоргСтрой LTD» және «Кемеңгер»  фирмаларының  2018-2020  жылдардағы контрагенттермен өзара есеп сомасы 1 миллиард 815 миллион 58 мың теңгені құраған. Төленбеген салық түрінде бюджетке келтірілген залал – 207 миллион 317 мың теңге. Тағайындалған бірнеше сот-қаржылық және сот-бюджеттік сараптамалар мамандардың қорытындысын растады. Сонымен қатар, сотталушының кінәсі тінту хаттамаларымен, ашық және жасырын жүргізілген тергеу әрекеттерімен, іске тіркелген құжаттармен толық дәлелденді. Сот үкімімен бұл азамат ҚР ҚК-нің 216-бабы 2-бөлігі 1) тармағымен  кінәлі деп танылып, оған 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, ҚР-ның «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 2-бабы 1-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, Ақболат Шыңғыс бас бостандығынан айрылу қылмыс­тық  жазасынан  босатылды.

– Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатыс­ты қылмыстар бойынша сөзіңізді сабақ­тасаңыз.

– Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты жыл басынан 3 іс тіркелген. Төртінші іс, бұған қоса, қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру фактісімен де сараланған болатын. Төрт істің де тергеуі аяқталып, сотқа жолданды. Өткен айда осы аталған істің нүктесін  сот  қойған  болатын.

Кәсіпкер М.Дүзелбаева 2017 жылдан бастап өз  кәсібін жүргізе отырып, мемлекеттік сатып алу  порталы  арқылы ондаған мекемемен дизель сұйық отынын жеткізіп беруге келісімшартқа отырған. Алайда, заңды қызметі аясында, 2019 жылдан бастап 2022 жылдың мамыр айына дейінгі  аралықта 28 мемлекеттік мекемеге, 1 заңды тұлға мен 2 жеке тұлғаға заңсыз жолмен, яғни заңдылығын растайтын құжаттарсыз жалпы сомасы 274 миллион  36  мың  теңгенің   дизель сұйық  отынын  тасы­малдап, заңсыз жолмен табылған мүлікті  заңдастырған. Бұл заңсыз іс-әрекет ҚР ҚК-нің 197-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз аса ірі мөлшерде және бірнеше рет тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу) және 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен (қылмыс­тық жолмен  алынған ірі мөлшердегі ақшаны және (немесе)  өзге  мүлікті  заңдастыру) сараланды.

Жалағаш аудандық сотының үкімімен М.Дүзелбаеваға 5 (бес) жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және осы уақытқа пробациялық бақылау  белгіленді.

– Өзге мемлекеттен контрабандалық жолмен халық тұтынатын тауарлар әкелу фактісі биыл өткен  жылға  қарағанда  аз  ба,  көп  пе?

– Бұл бағытта өткен жылы Өзбекстан Республик­асынан  халық  тұтынатын  тауарларды әкелуде заңбұзушылыққа жол берген «Ислам Трейд» жеке кәсіпкерлігіне қатысты қылмыстық  іс  қозғалған  болатын.

Жеке кәсіпкер тоқыма бұйымдарын тие­ген көлікпен Еуразиялық кеден одағының кедендік  шекарасынан өту кезінде, күмәнді декларациялау мәліметтері анықталған. Яғни, тәуекел бейіні тауарларды «қызыл дәлізбен» өткізген. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік  кірістер  департаментінің  мәлімдемесіне  сәйкес,  декларацияланған тауарлармен бірге, декларацияда көрсетілмеген кедендік құны 43 миллион 300 мың теңге   болатын тоқыма-тігін бұйымдары әкелінген. Төлен­беген  кедендік  төлемдер  мен  салықтар түрінде 22 миллион 977 мың теңге бюджетке залал келгені анықталған. Тергеу барысында күдікті ретінде танылған азамат келтірілген залалды, яғни кеден­дік  төлемдер мен салықтарды толы­ғымен өтеуіне байланысты, қылмыстық іс тоқтатылды.

– Шыны керек, айтудан кем болмасақ та, қаржы пирамидасы мен интернет-алаяқтарға ұрынатындар жетіп артылады. Осы бойынша тоқталып  өтсеңіз.

– Қаржылық алаяқтық, қаржы пирамидасы деген – қазіргі қоғамның ең өзекті сұрағының бірі. Қаржылық алаяқтық дегеніміз – алдау, сенімге қиянат жасау және заңсыз баю мақсатында түрлі айла-амалдар жасау арқылы ақша айналымы саласында заңсыз әрекеттер жасау. Қаржылық алаяқтықтың түрлері арасында кең тарағаны:

– банк карталарын пайдалану арқылы алаяқ­тық;

– интернет желісіндегі алаяқтық;

– ұялы телефондарды пайдалану арқылы алаяқтық  жасау;

– қаржы пирамидаларымен жасалатын алаяқ­тық.

Биылғы жылдың 11 айында қаржылық алаяқ­тық белгілерімен департаментте   «Rog­neda», «Не работа» және «Tiens» жобаларына қатысты 3 іс тіркелді. Тергеу реттілігімен екі материал полиция органдарына, 1 материал Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру  департаментіне  жолданды.

Қазіргі кезде осы мәселенің алдын алуға арналған шаралар белсенді жүргізілуде. «Қаржылық  сауаттылық және қаржылық қауіп­сіздік негіздері» тақырыбында қала мектептері мен колледждерде семинар сабақ­тар өткізу­деміз. Мақсатымыз – әр адамның бо­йында  қаржылық  сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік деген түсініктерге салмақты көзқарас қалыптастыру, өзінің қаржысына өзі ғана иелік ететін сенімділік беру, түрлі алаяқтықтарға ұрынып қалу тәуекелін азайту. Қазан-қараша айларында 15 мектепті, 7 колледжді қамтыдық, бұл жұмыс мамыр айы­на дейін жалғасын табатын болады. Себебі, мемлекеттің мүддесі – бұл әрбір азаматтың мүддесі. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметінің негізгі мақсаты – мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау. Осы орайда, біз экономикаға залал келтіретін қылмыстарды анықтап, ашып және тергеп қана қоймай, осындай қылмыстарды болдырмауға, олардың алдын  алуға  жұмыс  істейміз.

– Жалпы, департаменттегі жаңалықтармен бөліссеңіз.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен 2021 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне тікелей есеп беретін Қаржылық мониторинг агенттігі құрылды. Агенттіктің құрылуы қаржылық барлаудың тиімділігін арттыру және көлеңкелі экономикамен күрес саласындағы жұмысты күшейту қажеттілігінен туындады. Агенттік – қаржылық мониторингтің ұлттық жүйесінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ететін және үйлестіретін дара мемлекеттік орган. Агенттік қаржы  операциялары бойынша ақпараттарды талдап, қаржыны жылыстату және терроризмді қаржыландыру белгісі бар жүйе­лер мен жобаларды анықтайды. Сонымен қатар, қаржылық мониторинг органдарының міндеті – экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, қылмыстарды ашу және тергеу. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, халық­тың  қаржылық  мониторинг  органдарына  деген  сенімін  жақсарту.

Экономикалық тергеу органдарының қыз­метінің ашықтығын қамтамасыз ету мен халық­тың құқық қорғау қызметіне деген сенімін нығайту мақсатында қылмыстық істі электронды форматта жүргізу де басты назарда тұр. Департаменттің өндірісіндегі 62 істің 51-і электронды  нұсқада  жүргізілуде.  Тіркелген  41 қылмыстық істің 36-сы электронды форматта тіркелген. Сотқа жолданған 29 істің 22-сінің сот талқылауы электронды нысанда жүргізілген.

Жалпы, қаржылық мониторинг органдарының дамуы және өз құзыреттілігін көтеру мақсатында, халықаралық тәжірибе негізінде, әлемдік стандарттар шеңберінде бірнеше жоба қолға алынған. Олардың қатарында «Мінсіз тергеу», «Ақша айналымына тоқтам!» («Стоп Обнал»), «Ойын, тоқта!» («Стоп Игра») сияқ­ты үлкен жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап  ҚР Қаржылық мони­торинг  агенттігі  іске қосқан тағы бір жаңа жоба – «Бизнесті қорғау» жобасы. Жоба бизнесті қорғауға, сол арқылы кәсіпкерлік нысандарын­ың экономикалық тергеу органдарына деген сенім деңгейін көтеруге бағытталған. Мұнда тергеу процестерінің тиімділік көрсеткіштері бірнеше критерийге сәйкес жүргізілуі  керек. Олардың  қатарында:

– барлық тергеу әрекеттерін бейнекамерамен  жүргізу;

– процеске қатысушыларды шақыруға қо­йыла­тын  шектеулер;

– мүлікке қойылатын шектеулерді 100% сот санкциясы  арқылы  жүргізу;

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «КҮС КЗ» АЖ-ін, яғни кәсіпкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеу кезінде жасыл, қызыл призмалар арқылы шектеулерді пайдалану;

– шағымдардың  қанағаттандырылуын жұмыс тобымен «Атамекен» ҰКП алаңында қарау;

– кәсіпкерлер арасында экономикалық тергеу органдарының жұмысына қатысты сауалнама-зерттеу жүргізу сияқты бірнеше бағыт бар. Бұл жұмыстардың жүргізілу нәтижесі тоқсан сайын Кәсіпкерлер палатасында талқы­ланып  отырады.

– Сұхбатыңызға  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: