Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еркектер әлсіз болып барады…» тек ерлер оқысын

28.09.2023, 10:00 785

Менің бабам – батыр болған, он шақты бала туғызған, ел билеп, болыстық қызметтер атқарған… Бүгінгілердің бұрынғылар жайлы айтатын әңгімесі – осы сарында. Сөздің сүйкімі болмаса да, бұлай дейтіндер көп қазір. Неге бұрынғы ата-бабамызбен мақтана береміз? Өзіміз сол деңгейге неге жеткіміз келмейді?

Қазір қоғамда ер адамдардың үстемдігі, басқарушылық қабілеті азайып бара жатыр. Демографияны көтеруге қосып жатқан үлес те шамалы. Бүгінде отбасындағы дау-жанжал, ұрыс-керісті ер адамдар бастайды дейді психологтар. Еркек кіндіктің «майыса майдалануына» себеп қандай? Тақырып таңданыс тудырды ма? Өтірік нәрсе жазбадық, тақырып тікелей ерлерге қатысты. Сұхбатты оқып, ауызыңыз ашылып қалмасын, өйткені бұл жағдай сізде де кездесуі мүмкін. Негізінен, ерлер жайлы тақырып таңдағанда, олардың денсаулық мәселесін көтеруді жөн санадық. Дәрігерлерге қаралуға баратындардың дені – қыз-келіншектер. Ал еркек атаулы дерттің соңғы шегіне жеткенше, дәрігерге баруды ұят санайтын секілді. Ер-азаматтар күтімге көңіл бөлмегенімен қоймай, өз ұрпағы мен ұрығына риза болмай жатады. Келіншегі көтермей жүрсе, кінәратты өзгеден іздеуге құмар. Мұндайда уролог кеңесі қажет-ақ. Емхана жағалап, уролог қабылдауына жазылмайтыныңыз түсінікті болған соң, басылымның арнайы «Мырза» бетінде ерлер денсаулығының маманы Олжас Иманғалиұлымен сұхбаттасуды  жөн  көрдік. Төсек төріндегі  тірлікте  төре  болғыңыз  келсе, сұхбатты  толық  оқып  көріңіз.

«БЕС  МИНУТТЫҚ  ЛӘЗЗАТ  МАҢЫЗДЫ  БОЛСА, ӨМІРДІҢ  ДЕ  ҰЗАҚТЫҒЫ  ҚЫСҚАРАДЫ»

– Олжас аға, сұхбатымыз қазіргі ер адамдардың денсаулығы жайында болсын. Ел арасында еркектік қуат, еркектік мінездің, еркектің қасиеттің жоғалып, сарқылып бара жатқаны тура­лы көп айтылып жүр. Осыған байланысты  пікір білдірсеңіз. Оған басты себеп қандай деп ойлайсыз? Және  оны  тоқтатуға  бола  ма?

– Урология саласында көптеген мәселені көріп жатырмыз. Қазіргі уақытта ерлердің мінез-құлық­тары өзгеріп бара жатыр. Қызтекелік қылық басым. Бұрынғы ермінезді азаматтар аз. Бұл дегеніміз – қазіргі генетиканың бұзылысы. Ерлердің бұлай өзгеруі – қазақ халқы үшін жат дүние. Олардың көбіне денсаулық мәселесі маңызды болмай қалған секілді. Мұнымен қоса өзі алдына мақсат қойып, биікке шыққысы келмейді. Бұл дегеніміз – ерлер қауымы жалқауланып бара жатыр деген сөз. Жыл өткен сайын жігіттердегі тестос­терон гормоны азаю үстінде. Оның мінезі қалыпты болуы тікелей осы тестостерон гормонына байланысты. Осы өзгерген дүниелерді қайта қалыпқа келтіру үшін ер-азаматтарымыз иманжүзділікке, әдептілікке, ұстамдылыққа бағытталып, бой түзеуі керек. Спортпен тұрақты шұғылдану, дұрыс тамақ­тану деген дүниені ұстанар болсақ, үш ай ішінде қалыпқа келетін болады. Тек осы нәрселерді әдетке айналдыру  керек.

– Өзіңіз көп жылдан бері урология саласында қызмет етіп келесіз. Жеке клиникаңыз да бар. Жалпы, урология­лық қызметке жүгінетіндер көп пе? Қандай  шағымдармен  келеді?  Оларға қандай  кеңестер  бересіз?

– Ерлердің  денсаулығын  қалып­қа келтіру саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жылдан асты. Уролог­қа қаралуға келетін ер-аза­мат­тар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Бұл денсаулығын бақылауға алған  жігіт­тердің  саны өсті дегеннен бұрын, ауырып, асқынудың халіне жеткендер көбейді дегенді білдіретін секілді. Солар амалсыздан қаралуға келеді деген  дұрыс шығар. Көрінуге келе­тін еркектердің шағымын бір­неше топ­қа бөлуге болады. Оның бірінші­сі – жыныстық әлсіз­дік. Екіншісі – қуықасты  безінің, қуық жолдарының қабынуы. Оған себеп болатын дүние – салқында көп жүру. Далада, базарда істейтін кісілер осындай симптомдарға ұдайы кездесіп жатады. Қаралуға келетін­дердің үшінші санатындағылар – жеңіл жүрісті қыз­дармен көп жыныс­тық қаты­насқа түсетіндер. Содан қуық жол­дарына инфекция жұғып, түрлі мәселеге тап болып жатады. Бұл өте қауіпті зардаптарға жатады. Өйт­кені, мұндай кезде инфекциядан бұрын ЖРВИ-­ға шалдығуы да мүмкін. Мұндайда еркектерде физикулит, простатит, уретрит, эпидидимит деген аурулар пайда болып, оны белсіздікке алып келеді. Одан кейін көп отбасында ажырасулар, бір-бірін жек көру, бағаламау, бала болмау салдарынан екі жұп өздерін кінәлау сынды дүние­лер болады. Негізінен, біреу­мен жыныстық қатынасқа түспес­тен бұрын, еркек те, қыз баласы да өз денсаулығын ойлауы керек. Егер, 5 минуттық ләззат маңызды болса, өмірдің де ұзақтығы қысқарады. Ал өмір, отбасы, денсаулық маңызды болса, барынша сақтануға, көрінген адамдармен жыныстық қатынасқа түспеуге кеңес беремін. Инфекция қанға түссе, ол адамды түгел ауыртты деген сөз. Мұндайда күдікті адамның ауру тарату деңгейі жоғары. Тіпті, өзінен кейінгі ұрпағы да тұқымқуалаушылық ауруға шалдығуы мүмкін. Сондықтан, жыныстық қатынасқа түсер кезде өз әйелімен ғана болуы қажет. Бұл – медицинадағы маңызды дүниелердің бірі. Алдыма келген пациент­терге  де  осыны  айтамын.

– Қазір ер-азаматтарға арналған түрлі препараттық өнімдер, табиғи өнім деп жарнамаланатын заттар кө­бейіп кетті. Тіпті, көлікте отыруға арналған ер-тоқым деген де бар. Жік-­жігімен айтып беріңізші, ерлерге арнал­ған бал мен ер тоқымның қандай пайдасы немесе зияны бар? Жалпы, сондай жарнамаларды көргенде оған қаншалықты  көңіл  бөлуіміз  қажет?

– Қазір кім өз өнімін жақсылап жарнамалай алады, сол мықты маркетинг маманы болып кетті ғой. Адамдар дәрігерге емес, жай ғана ақ халатты киіп алған сату маманының кеңесіне жүгініп жатыр. Барлығында еркектік мәселе болған соң, урологқа қаралмай, ауруды интернетте кездескен препараттармен емдей салғанды жөн көреді. Мысалға алсақ, әлеуметтік желілерді ашып қал­саң, «еркек бол» деп балдың жарнамасын жақсылап жасайды да, қолдан жасалған дүниелерді қымбат бағаға сата береді. Оның кейін денсаулыққа кері әсері бар ма, жоқ па, оған онша көңіл бөлмейді. Сатылды ма, сатылды болып тұр. Мұнан өзге ерлерге арналған ер-тоқымдардың да жарнамасынан көз сүрінеді. Олардың өнімі ешқандай денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданған жоқ, тек халал сертификатын алды, одан кейін өткізе беруге болады деген түсінік қалыптасқан. Ары қарайғы тірлік тек пайда көру болып кетті. Мысалы, сол тауарды сатып алған адамның холестерин деңгейі жоғары ма, мүмкін ол семіздікпен ауыратын шығар, мүмкін балдағы кейбір қоспаларға сатып алушының аллергиясы бар болуы мүмкін, бәлкім гормоналдық бұзылыста жүрген адам болуы ғажап емес. Оны адамдар білмей, сондай өнімдерді сатып ала береді. Мұндайда дәрігерге қаралып, нақты ауруға қажетті өнімді тұтынуға кеңес беремін. Ал үйде жатып, түрлі бал жеу арқылы аурудан айығамын деу – өтірік, миф әңгіме. Егер алған препараты әсер етпесе, қайтадан дәрігерге қаралуға тура келеді. Екі есе шығын.

«КӨП  ЕРКЕКТЕ  ТЕСТОСТЕРОН  ТЫМ  ӘЛСІЗ»

– Жалпы, «ұлы сөзде ұят жоқ» дейміз ғой, ер-азаматтар десе, төсек тақырыбы ойға оралады. Осы орайда еркектік қуат деген дүниеге тоқталсақ.  Тестостерон гормоны туралы бірі білсе, бірі білмейді. Оның қызметін, біздер үшін алар орнын қоғамға түсінікті тілде айтып берсеңіз. Оны қалай  көтеруіміз  қажет?

– Еркектердің қуаты төмендеуі­не оралатын болсақ, көп еркекте тес­тостерон тым әлсіз. Түсіп кеткен. Тестостерон гормоны – ерді ер қылатын ең маңызды дүние. Бұл гормонды спорттық сайыстарда міндетті түрде тексереді. Егер тестостерон түсіп кететін болса, спортта да жетістікке мүлде жете алмайсыз. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, бұл гормон біздегі еркектік мінез, қасиет, күш-қуатты, нағыз ер адамға тән қасиеттерді реттеп отырады. Соны­мен қатар, екінші жағы – жыныстық өмірде бұл маңызды.  Төсектегі тірлікте күш-қуаттың көп болғаны маңызды. Ал тестостерон тиісті нормадан төмен болса, әйелдің қанағаттанбауы деген дүние болады. Мұндайда ер-азаматтар әйелін басқара алмайды. Отбасының ойрандалатынына да басты себептің бірі – осы. Енді оны қалай қалыпқа келтіреміз десек, күнделікті қозғалыс қажет. Одан ке­йін тамақтану рационының маңыз­дылығына тоқталған жөн. Түрлі тәтті, майлы, газды, химиялық қоспасы көп тағамдар ағзаға ғана емес, еркектік қабілеттің төмендеуіне де алып келеді. Жоғарыдағы сауалға ора­лайық. Жарнамадағы бал тестос­теронды көтеретін шығар уақытша, бірақ үнемі емес. Көп уақыт өтпей, еркектегі мәселелер қайта шыға бастайды. Өмір бойы қуатты балмен сақтау деген мүмкін емес қой. Тағы бір айта кететін нәрсе – тестостеронды химиялық жолмен де көтеруге болады. Бірақ ол табиғи жолмен көтергенге жетпейді. Мәселен, спортқа қатысатын жігіттерді алайық. Бірі денедегі бұлшықетті химиялық жолмен түрлі гормондармен көтерсе, екіншісі табиғи жолмен шынықтырады. Бірақ кейін химиялық жолмен жасалған бұлшықет солып, тіпті, түрлі ауру­ға  алып келуі де мүмкін. Айта­йын дегенім – бұл гормонды табиғи жолмен арттырған дұрыс. Егер оны адам ағзасына шектен тыс сала бере­тін болса, обыр дертіне әкеп соғуы мүмкін. Негізінен, тестостерон­ның 95 проценті  ер адамдардағы жұмырт­қада өндіріледі, оны холестерин тасымалдайды. Ал қалған 5 проценті бүйрек үсті безден шығады. Егер ер адамдардың жұмыртқасы кіші­рейіп кетсе, гормон да азаяды, ал жұмыртқасы үлкейсе, гормон да арта бастайды. Бұл гормон әйел адамдарда да болады. Оның қызметі ағзадағы артық майды ыдыратуға көмектеседі.  Түктердің нормаға сай өсуіне де осы гормон  үлкен  әсерін  тигізеді.

– Тестостерон  гормонын  арттыру­ға қандай да бір дәрумендер көмегін тигі­зе ме? Жалпы, дәрумен қабылдау дегенге  пікіріңіз  қандай? Маман ретінде қандай дәрумендер пайда­лануға кеңес бересіз? Әлде оны пайдаланбай-ақ, тек спорт пен тұрақты қозғалыс  жеткілікті  ме?

– Әлбетте, бірінші орында – сала­матты өмір салты. Оған жоғарыда айтқаным­дай, спорт пен дұрыс тамақ­тануды, үнемі қозғалыста жүруді жатқызамыз. Жалпы, түрлі дәрумендерді қабылдау арқылы да тестос­теронды қалыпты деңгейде ұстауға болады. Сонымен бірге  цинк селен, фоли қышқылы, Д, В9 дәрумендері жақсы көмектеседі. Бұл дәрумендер тамақтардың құрамында да кездеседі, бірақ жастар көбінде дұрыс тамақтанбайтын болған соң, дәрумендерді қабылдаса, артық емес деп есептеймін.

– Тағы айтар дүниелер болса, мархаб­ат.

– Тамақтану кезінде біз ұн тағам­дарын көп тұтынамыз. Сосын тәтті сусындарды, фаст-футты жоғары мөлшерде қабылдауды азайту керек. Мұның салдарынан ағзадағы тестостерон гормоны түседі. Өйткені, ағза­да инсулин гормоны бар. Сол көтер­ілетін болса, тестостерон түседі. Мұндайда артық салмақ, холес­териннің шектен тыс артуы сынды дүниелер басталады. Осыдан кеп, дене пішімі әйелдердікіне ұқсайтын еркектер артады. Мінез-­құлқы да соған сай өзгеріске ұшырай­ды. Ал бізге бұл керек емес. Қалыпты форманы сақтау, тесто­с­теронды  түсірмеу  маңызды.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

ТҮЙІН. Ер-азамат сөзі салмақтылық, шымырлық, мінез, қайраттылық ұғымдарымен сипатталады. Сипатталып ғана қоймай, осылай болуы да керек. Уролог-андролог бүгінгі ер-азаматтар қауымы бұрынғыға қарағанда әлсізденіп, майдаланып бара жатқанын тілге тиек етті. Өтірік дейін десең, «көгілдір» қауым көзге жас үйіреді. Ол ғана емес, жігітпін деп, жезөкшелерді аңдығандар да дертті қоғамды көбейтейін деп тұр. Рас деуге ауызың бармайды. Дұрысы денсаулықты күтіп, «бабам батыр болған» деп шіренбей, шымырланып жүрейік. Байрақты биік ұстайтын ерлер  мен  ұрпақты көбейтетін жігіттер  мықты  һәм білімді болуы керек. Қайрат пен ақыл таразыны  теңестірсе, атағынан ат үркейтін  ағалар артар еді. Әрі  тестостероныңызға да көңіл бөліп  қойыңыз. 

Сұхбаттасқан

Ердәулет ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: